Home » Новости »   «Күлдір-күлдір  кісінетіп…» Тәуелсіздігіміздің арғымағы асулы белдерде

  «Күлдір-күлдір  кісінетіп…» Тәуелсіздігіміздің арғымағы асулы белдерде

Даналық ойдың бастауы, шешен сөз бен көсем сөздің тұнығы  – жыраулар поэзиясы екені бәрімізге аян.  Асан қайғыдан басталып, Абылайдың «тілі мен көмейі»болған Бұхар жыраумен жалғасқан жыраулар мектебінің белді өкілдерінің бірі — Ақтанберді Сарыұлы. Жалпы,  Ақтанберді жырау поэзиясын бірнеше тақырыптарға бөлетін болсақ, соның әрқайсысында  ел тағдыры,  батырлық ойлар айқын көрініс тапқан. 1730 жылдардың бел ортасында  қазақ-қалмақтың қанды қақтығыстарының барлығына дерлік қатысқан ол  «Ақтабан шұбырынды, алқа көл сұлама…» оқиғасының зұлмат қан кешуін басынан өткерген. Ес білгеннен бастап жетпіс жыл бойы ат үстінен түспей, елі мен жерін қорғаған қас батыр, айтулы шешен, қабырғалы би, атақты жырау. Қазақ жауынгерлерінің азаттық, құлдық жөніндегі түсініктерін, болашаққа деген сенімін, адалдық-жауыздық, қиянат, əділетсіздік хақындағы таным-түсініктерін Ақтамберді  өз жырларында тебірене толғайды. Сондай жырларының бірі «Күлдір-күлдір кісінетіп…» жырына тоқталып өтейік.  Жырау: Күлдір-күлдір кісінетіп, Күреңді мінер ме екеміз?! Күдеріден бау тағып, Қамқаны киер ме екеміз?! Өзенге бие байлатып, Төскейге орда орнатып, Төрткілдеп ошақ қаздырып, Төбел бие сойғызып, Төменде бидің кеңесін      Біз де бір құрар ма екеміз?! – деген жолдарда үстіне қамқа киіп, төскейге орда тіккізіп, бие сойғызып, билік құрар кезеңді армандайды. Осы жолдар арқылы ақын халық арманын жеткізіп тұрғандай.  Жақсы өмірге,  бейбіт, тыныш өмірге ұмтылу момын қазақтың бойындағы ежелгі қасиет екенін аңғарғандаймыз.

Құлаты тауға қол салып,
Садақтың оғын мол салып,
Бетпақтың ен бір шөлінен
Төтелеп жүріп жол салып,
Қолды бір бастар ма екеміз?!

Майданда дабыл қақтырып,
Ерлердің жолын аштырып,
Атасы басқа қалмақты,
Жұртынан шауып бостырып,
Түйедегі наршасын,
Əлпештеген ханшасын
Ат артына мінгізіп,
Тегін бір олжа қылар ма екеміз?! – деген жырау батырлық мінездің де үлгісін көрсеткендей. Батырлық, ерлік, туған жерге деген сүйіспеншілік, елжандылық, халқымыздың  тәуелсіздікке деген ынтызар көңілі жырау өлеңіндегі осы жолдардан анық көрініп тұр. Қолына қылышын алып, жауын түре қуған хас батыр бейнесі де өлеңнің өн бойында образды, бейнелі сөздермен астасып жатыр.

Алғайдың құба жонына
Жайылған қойым сыймаса,
Жүз бүркеншек, жүз қоспен
Қатар жүріп жинаса!
Көк алалы көп жылқы
Көлге бір түссе көз жетпей,
Санап санын алуға
Есебіне жан жетпей…
Қазақтан сəнін арттырып,
Ұзатып алсам сəнменен, —  деген жолдарда  жырау халқының алаңсыз, мамыражай болашағын, бай-қуатты болуын, мұңсыз-қамсыз тіршілігін, өзіне өзі бас болатын тәуелсіз, егемен ел болуын көксегенін байқаймыз.

   Иә,  жылдар өтті,  заман өзгерді… Еліміз тәуелсіздігін алды. Алда тәуелсіздігіміздің 33 жылдық мерекесі келе жатыр. Өз заманының үні болған Ақтамберді жырау толғауларына арқау еткен мәселелердің бүгінгі күні орындалғанын көре отырып, дана бабаларымыздың ұлы қасиеті де осында екен-ау деп ойға қаламын.

Қонаев қаласы, Орта — мектеп гимназиясы
КММ , қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Назтай Айдана Назтайқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*