Home » Новости » Бүгінгі арманың – ертеңгі болашағың болар

Бүгінгі арманың – ертеңгі болашағың болар

Әр адамның шынайы болмыс бітімі болады. Табиғаттың ашылмаған сыры тәрізді сен түсіне бермейтін ой түкпірінде бүккен құпиясы жатыр…
Сен бағалай білмейтін қасиеті жыл өткен сайын түсіне білгеніңе қарай ашылатын да көрінеді…
Жүрегімен қалап алған мамандығына жауапкершілікпен қарай білген, білімімен қоса өзіне ғана тән қасиетімен құрметке бөленіп жүрген ниеті ізгі жандар арамызда қаншама!? Біліктілік қабілетіне елжандылығы қосылған да жұрт аузынан түспесі тіптен анық.
«Тілегім көп болғанымен арманым біреу» дейтін адам өз жолын тапқан жан…
Ұлттың ұлы болмысынан айырылып қалмауы үшін бүгініміз тозып, ертеңіміз азбау үшін негізі мәселе өзегімізден ажырамауымызда. «Өткенін ескермегеннің ертеңі болмайды» деген халық сөзі ұрпағымыз өзін тани білсе ғана санасын сергек ,  ойын салмақты, идеялогиясы таза болмақ. Ұлттық құндылықтарға деген құрметті сонда ғана табарымыз хақ. Осы ойдың иелері еліне, жеріне деген махаббатын ұрпағын адастырмай дұрыс жолға салудан бастаған саналы әкемен ананың ұрпағы, мақалаға арқау болған кейіпкерім.
Каренеева Венера Ерболқызының  балалық шағы көршілес елде өтті…
Мектепті жақсы нәтижемен бітірген қызының бойынан ұстаздық ұлы қасиетті байқаған әкесі «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығына оқуға түсуін  қалады. Әке тілегін орындағаны болашақ мамандығымен «қауыштырды».
Алғашқы балабақшаға іс-тәжірибеден өтуге келгенде  алдынан тамаша ұстазын кездестірді.  Жолы болып «арманы болашағына айналды» деуге келетіндей.  Осылайша балаға деген «Баланың» мейірімі балабақшадан басталды. Орыс тілді білім ордасынан бастау алған еңбек жолында алғашқы ұстазы Римма Николаевнаның орны бөлек.  Сыйластықпен тіл табыса білу,  қателескен жанға шынайы қорған болу, жалғыз өзін шақырып  түсіндіре отырып тәрбие беру, ата-аналармен дұрыс қарым –қатынас орната алу, балаға деген қамқорлық, жағдай жасау осының барлығын адал басшының еңбек жолынан көрді.
Араға жылдар салып отбасымен Теміртау қаласына қоныс аударғанда өзінің екінші мамандығы қаржы саласына оқуға түсті. Салық басқармасында еңбек етті. Бірақ ұстаздық мамандығынан қол үзбеді. Қарағанды қаласында педагогика мамандығы бойынша жоғары білімін алды. Жекеменшік балабақшада әдіскер болып тәжірибе жинақтай бастады. Арман арқалап Астанаға келді.
2015 жылдан балабақша қабырғасында тәрбиеші болып еңбек жолын қайта бастады. Адам қалаған ісінен ажырамайтыны белгілі ғой. Алдына келген әр шаңырақтың ізбасарын, ұлттың ертеңі ұл-қыздарын қамқорлығына алатын жылы ұя балабақша қабырғасы екенін шын түсінді. Тәрбиеші болып еңбек ете жүріп колледж студенттеріне лекция оқыды. Өзінен кейінгі болашақ тәрбиешілерге мамандықтың қызығымен қиындығын өзінің күнделікті еңбек жолымен бүкпесіз көрсете білді. Білім мен қатар өз ісіне деген адалдық  «сұраусыз» құрметке бөленудің жолы.
Ата аналардың ыстық ықыласына бөленген Астана қаласындағы №58 «Өркен» балабақшасы жеке өмірімен еңбек жолында өзіндік орны бар білім ордасы. Ана атанып өз баласымен қатар алдындағы кішкентай ғана тәрбиеленушілеріне мейірім төгіп тәлім-тәрбие беру ұстаздық жолда ашыла түскен тұсы болды. Аналық сезім  ата ананың жан дүниесіне үңіле алуға шын көмектеседі…. «Әйелдің мейірімге, баланың қамқорлыққа» бөленіп жүруін қалады, алғаш 2017  жылы өзі ұйымдастырған «Әкелер мектебінің» белсенді әкелері 8  наурыз мерекесін жоғары деңгейде өткізгені еңбегінің жанғаны еді.
2021  жылы Астана қаласы әкімдігінің №5 «Ақбота» балабақшасына әдіскер болып қызметке келіп өзінің екінші ұстазы балабақша меңгерушісі Мөлдір Айтқалиқызымен танысты. Мүмкіндік бере білетін көшбасшылық қасиетімен тың идеялар иесі Венера Ерболқызының жан жақты қырын ашуға мүмкіндік берді. Бірлесе ұлттық ойындармен , ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғыртуға жаңа бағытта жұмыс жасады.
Астана қаласы әкімдігінің №49 «Алтынай»,  №63 «Әсем –ай», №19 «Балбөбек» балабақшаларында меңгерушінің міндетін атқарушы болып қызмет етті. Өз мамандығына деген сүйіспеншілік бастаған ісіне жауапкершілікпен қарай алу қиындығы көп қызмет жолында шынықтыра түсті. Осы білім ордаларында қызмет етіп жүрген жылдар ішінде сырт көз ретінде  Венера Ерболқызының бойындағы  тани түскен қасиетім өзіне деген сенімділік. Оның себебі әкесінің батасы мен анасының мейірімінде екен.  Асқар тауы бар адамның сүрінуге де құлауғада қақысы жоқтай….
Бүгінде Астана қаласы әкімдігінің №73 «Аяулым» балабақшасының меңгерушісі . «Ұлттық сананы қалыптастыру жолында әр біріміз ұмтылуымыз керек». Венера Ерболқызы ұстаздық жолда осы қағиданы ұстанған. Еңбекқорлығымен әр істегі ұқыптылығы алға жетеледі деп білемін. Балабақшаның әр бұрышы маған «Мынау сенің Тәуелсіз елің ғой! Өзіңді еркін сезініп өмір сүр!» дегендей үн қатады…
Мақала мақтап аспанға ұшырып жіберуді емес, өз мамандығына берілген алдына қойған мақсаты бар кешегі тәрбиеші, бүгінде басшы болған ізгі жолдағы ұстаз басқаға үлгі болсын деген мақсатта жазылды. Әке ақылымен адаспай жол тапқан Венера Ерболқызының әр қадамына сәттілік тілеймін. Өзіне адал қызмет ете білген жанның ел ертеңіне қосар үлесі зор екенін айтқым келеді.

Әлия Ғалымбекқызы,
Астана қаласы
Білім айнасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*