Home » статьи » Абай шығармаларындағы құндылықтар —  тәрбие бастауы

Абай шығармаларындағы құндылықтар —  тәрбие бастауы

Астана қаласы әкімдігінің
№32 мектеп-гимназия директоры
Байтас Гүлшат Берікбайқызы

Тәрбие – адамзат баласы ғұмырында ойып орын алатын айна. Оның шынайы көрінісі – күнделікті өмірмен байланысқан тағылымы мен танымы мол ұрпақтың бойынан көрінері хақ. Осы орайда өзінің ағартушылық жолында тәрбиені құрал ретінде қаламына арқау еткен Абай өнегесінің алатын орны бар. Абай өлеңдерінің әр тармағы, бунағы менмұндалап рухани құндылыққа жетелеп, саналы болашаққа талпындырып тұр.
«Адам болам десеңіз…» ….- деген бір ауыз сөз шөлдеген санаңа нұр, жүрегіңе нәр беретін құдіретке ие.  Өскелең ұрпаққа берері мол, ұғындырар теңіздей күші бар Абай жырларын бүгініміздің ұраны ету парыз деп есептей келе, мектебімізде «Бала Абай» жобасы жоспары құрылып, жұмыс барысы басталып кетті.

«Бала Абай» жобасы аясында Абай Құнанбайұлының шығармашылығында орын алған ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, тұлғаны адалдық пен адамдыққа тәрбиелеу мақсатында  «Абай шығармаларындағы құндылықтар – тәрбие бастауы» атты қалалық семинарды Астана қаласы әкімдігінің №32 мектеп-гимназиясы ұжымы мен Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» қолдауымен өткізілді.

Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал, ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі, ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз.

Мектебімізге «Бала Абай» жобасын енгізудегі негізгі мақсатымыздың өзі де сол бастауыш сыныптан бастап, оқуға, ғылымға, шығармашылыққа деген қызығушылықты арттыру. Мектеп-гимназия миссиясы да «Мектептегі     жетістіктен өмірдегі жетістікке бағыттайтын қолайлы да жайлы орта құру» болғандықтан мектеп қабырғасынан бастап жетістікке жетуге бағыттайтын, оқушыларды шабыттандыратын іс-шаралар өткізіп, өмірде осы алған білімдерін қолдана алатын «Толық адам мектебін» қалыптастыру еді.

«Толық адам» деген сөз өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты. Әрине, осы миссиямызға жету үшін бізді үлкен жұмыстар мен зерттеулер күтуде. Біздің мектеп мұғалімдері әрқашан өзін-өзі дамытуды, өмір бойы оқуды, ізденуді мақсат еткен өз мамандығының иесі деп сенемін.

Семинар «Абай аудармалары «Шегіртке мен құмырсқа»», «Қарға мен түлкі», «Иузи – раушан, көзі — гауһар» өлеңі, «Абайдың бірінші қара сөзі» тақырыптарын қамтыған ашық сабақтармен бастау алып, тәлімі мол ұлағатты ұстаздарымыз бен көздерінде оты бар, жүректері шуаққа толы мектеп оқушыларының «Абай дара, Абай дана қазақта!» атты бастауыш сынып әдістемелік бірлестігі ұйымдастырумен қойылымдық кешке ұласты. «Құнарлы ой — құндылық» писхологиялық тренингі рефлексия алдындағы семинар тыңдаушыларына ерекше әсер сыйлап, әр ой үлкен жақсы іске бастама екендігін ұғындырғандай болды.

«Толық адам» мектебінің  бастауы, қайнары болған «Бала Абай» жобасының ауқымды шараларының бірі ретінде өткізілген семинарда қорытынды сөз алған Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» әдіскері Маман Жанар Сейдахметқызы сөз алып, тәжірибелі ұстаз жанары жанып тұрған шәкіртке Абай өлеңдерінде қамтылған барлық құндылықты сіңіруде еңбек етіп жатқан ұстаздарға сәттілік тіледі, сонымен қатар, №87 мектеп-гимназиясы қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, «Бала Абай» жобасының құрастырушысы Габдуллина Алмахан Мұхаметқалиқызы әр сабақты жекелей талдап, тәрбиелік мәні ашылған тұстарына ерекше тоқталып, әр жыл сайын шаралар өте ауқымды, жоғары деңгейде өтіп келе жатқандығын сөз тиегі етті.

Ұстаз – ұрпаққа білім беріп ғана қоймай, болашақ өскелең шәкірттеріміздің саналы, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ болуына Абай сөзімен айтқанда кірпішін қалап жатқан ұлағатты жандар. Әр жоба мақсатына жетіп, ертеңге қызмет етсе – мақсатқа жеткен деген осы деп есептеймін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*