Home » статьи » Ұлттық құндылықтар негізі – балабақшада қалануда

Ұлттық құндылықтар негізі – балабақшада қалануда

Мукашева Жанар Изтолеуовна,
Астана қаласы әкімдігінің
№89 «Қыз Жібек» балабақшасы МКҚК
меңгерушісі

Аннотация

Халық даналығында «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» деген нақыл сөз бар. Адам баласының тұлғалық қалыптасуы, өмірлік ұстанымдары мен болмысы ең алдымен отбасында, содан соң мектепке дейінгі ұйымдарда қаланады. Бүгінде заман ағымы мен жаһандану ықпалында ұлттық құндылықтарымызды сақтап, оны өскелең ұрпаққа сіңіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Осы орайда балабақша – ұлттық тәрбие бастауы ретінде аса маңызды институтқа айналып отыр.

В народной мудрости есть высказывание: «дети хорошими не рождаются, а воспитываются». Личностное становление, жизненные принципы  человека закладывается прежде всего сначала в семье, а затем в дошкольных организациях. Сегодня на повестке дня стоит вопрос сохранении наших национальных ценностей под влиянием течения времени и глобализации и их усвоения подрастающим поколением. В этой связи детский сад становится важнейшим институтом национального воспитания.

There is a proverb in folk wisdom: «what you see in the nest is what you fly.» Personal development, life principles and being of a person are laid first of all in the family, and then in preschool organizations. Today, the issue of preserving our national values under the influence of the passage of time and globalization and their assimilation by the younger generation is on the agenda. In this regard, kindergarten is becoming the most important institution of national education.

Балабақша – баланың болашағын қалыптастыратын, өмірге деген сенімін арттыратын бірден-бір маңызды орта. Бұл жерде бала ең алғашқы білім мен тәрбиенің дәмін татып, қоғамдағы өзіндік орнын айқындауға бағыт, бағдар алады. Адам баласы қашанда тәрбиеге мұқтаж. Тәрбие еліміздің, ұлтымыздың бүгіні мен болашағының баянды болу үшін қажет. Сол үшін ең алдымен, бүгінгі қоғам келбетімен үндесетін ұлт болашағының бағытын анықтап алу керек.

Тәрбие – мақсатты жүйеде тұлға қалыптастыруға бағытталған үдеріс, яғни арнайы ұйымдастырылған, тәрбие мақсатын іске асыруға бағытталған тәрбиеші мен тәрбиеленушінің арасындағы – өзара ықпалды іс-әрекет. Тәрбиеші – баланың жеке дара ерекшеліктері мен икемділіктерін ескере отырып дамытады, теріс, зиянды, жағымсыз әрекеттерден аластатады, туа біткен нышандарды түзетеді. Тәрбие ұлттық табиғи тамырынан кіндік үзсе, тәрбиелік қасиетін жоғалтады.Тәрбиемен қоса балаға берілетін  ол – білім. Білім ол баланың ішінен шығатын нәрсе емес, ол сырттан келетін нәрсе, балаға өмірлік, рухани азық десек те болады. «Білім өмірде -таяныш, жолда-дос, қуанышта-бастауыш, қайғыда-медет, күресте-құрал, зұлымдықта-айна».

«Жас бала шыбық тәріздес, оны қалай иетін болсаң сол қалпы өсе береді», — деп айтпақшы, тәрбиенің берілетін балалық шақтағы маңызы зор. Балаға дұрыс тәлім-тәрбие беру ұлттық құндылықтардан бастау алады, осы кезеңде ұлттық құндылықтарды бала санасына сіңіру – әрбір мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтарының қасиетті борышы деп санаймын. Ал отбасы тәрбиесінде ұлттық құндылықтарға қанық болып өскен баланың ұстанымы мықты болады. Отанның ұлы ұғым екенін ұғынып, елінің қорғанына айналады. «Ел боламын десең, бесігіңді түзе»,- деген сөздің негізі сонда болары анық. Жас ұрпақты өз халқының тарихын, тегін, салт-дәстүрін, тілін білетін, адамзаттық мәдениетті, адами қасиетті терең түсінетін шығармашылық тұлға етіп тәрбиелеу – өмір талабы, қоғам қажеттілігі. Рухани мұрамыз неғұрлым бай болса, алуан арналы болса, өткен мен бүгінгінің мәдени мұралары жарасымды жалғасып жатса, соғұрлым өміріміздің мән мағынасы терең, мақсатымыз айқын, ұлттық болмысымыз жоғары, тарихи үлгі өнеге тұтар озық ойлы күшті ұрпақ тәрбиеленуі еш күмән тудырмайды. Ұлттық құндылықтар – ата-бабамыздың ғасырлар бойы жинақтаған рухани байлығы, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрінің іргетасы екендігін мемлекет Басшысы Қасым – Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан — Адал азамат» ұлттық құрылтайының екінші отырысында сөйлеген сөзінде анық жеткізді.  Ұлттың жаңа сапасы тек білім, ғылым, мәдениетті дамыту арқылы қалыптасатынын және осыған байланысты өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, балаларда жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды тәрбиелеуге ерекше назар аудару қажет екенін атап өтті. Қойылған міндеттерді іске асыру үшін 2023 жылы барлық білім беру ұйымдарында «Біртұтас тәрбие» тәрбие бағдарламасы әзірленіп енгізілді.

Ұлттық тәрбие берудің негізгі шарттарының бірі — мемлекеттік тілді баланың күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру. Балаға туған тілінде тақпақ жаттатып, ән айтқызып, ертегілер оқыту арқылы тілге деген сүйіспеншілік қалыптастыру. Балаларға қазақтың салт-дәстүрлерін, батырлар мен билердің ерліктерін, ұлттық мерекелердің мән-мағынасын үйрету арқылы тарихымызды құрметтеуге баулимыз. Ұлттық киімдер кию, ою-өрнектерді тану, күй тыңдау, айтыс өнерімен танысу – баланың эстетикалық танымын кеңейтетін маңызды құралдардың бірі екенін айтқым келеді.Балабақша тәрбиешілері – балалардың ұлттық құндылықтарды дұрыс түсініп, қабылдауында басты рөл атқаратын тұлғалар. Олар балаларға ұлттық мәдениетті танытып қана қоймай.  сол мәдениеттің бір бөлігі болуға үйретеді. Тәрбиешілердің міндеті – балаларға ұлттық құндылықтарды тек сөзбен емес, іс-әрекет арқылы да көрсету.

Қорытынды
Ел ертеңі болар бүгінгі балалар мен жасөспірімдерді тәрбиелеу, әлеуметтік тұрғыдан барынша қамтамасыз ету, толыққанды білім алуына жағдай жасау, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау Қазақ елінің ұлттық саясатының басты бағыттарының бірі. Бүгінгі балабақша – ертеңгі ел тұтқасын ұстар азаматтың алтын ұясы. Ондағы әрбір педагог, әрбір тәрбиеші – ұлт болашағы үшін еңбек ететін идеологиялық тұлға. Ұлттық құндылықтар – жас ұрпаққа берілетін ең асыл мұра. Сондықтан ұлттық рухты, ұлттық сананы, отаншылдықты, имандылық пен ізгілікті сәби шақтан бастап қалыптастырып, балабақша қабырғасында жан-жақты сіңіру – ұлттық жаңғырудың өзегі болмақ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі. «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы. – Астана, 2023.
  2. Қалиев С., Майғараинов М. «Ұлттық тәрбие: әдістемелік негіздер». – Алматы: Рауан, 2021.
  3. Ф.Ж.Ниязбекова., «Мектепке дейінгі бішлім беру мазмұнын жаңартудың ғылыми-әдістемелік негіздері», «Мектепке дейінгі педагогика», «Балабақшадағы көркемдік тәрбие», «Отбасындағы тәрбие»- Алматы,Фолиант.2008

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*