Айсұлу Жақсыбек,
Астана қаласы,
«Бақытты бала» балабақшасының
меңгерушісі
«Нұр шашу» әдістемелік құралының құндылығы
Аңдатпа. Мақалада мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған «Нұр шашу» ұлттық құндылықтарға негізделген – электрондық ойын құрылғысының әдістемелік құралында қазақтың күйлері, халық әндері, бесік жырлары, ертегілер мен табиғат құбылыстарының дыбысы, құстардың үні баланы еріксіз өзіне тартатын сиқырлы әлем және оны тәрбие мен оқу үдерісінде пайдалану жолдары қарастырылған. Балалармен ұйымдастырылатын іс-әрекет барысында және бос уақыттарында пайдаланатын ойындар мен тапсырмаларды пайдалану жолдары ұсынылған.
Түйін сөздер: «нұр шашу», қазақтың күйлері, халық әндері, бесік жырлары, ертегілер, табиғат құбылыстарының дыбысы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында: «…Біз ұлттық бірегейлігімізді нығайтуымыз қажет. Адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Мемлекеттің ең басты байлығы – адам, яғни азаматтар. Әрбір ата-ана саналы ұрпақ өсіруге баса мән беруге тиіс. Баланың бойына біліммен қатар ұлттық құндылықтарды сіңіруге балабақшадағы және мектептегі тәрбие ісіне бәріміз қоғам болып мән беруіміз керек, балалар арасында жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптеген абзал – деп атап көрсеткен.
Біртұтас тәрбие бағдарламасында: ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ұлттық мүддені жоғары қоятын, өзінің туған жерін, Отанын қадірлейтін және оның әрі қарай дамуына серпін беретін, терең білімді, озық ойлы, адал және ұлттық болмысы айқын тұлға тәрбиелеу мәселесі қарастырылған. Бұл мәселені жүзеге асыруда әдістемелік құралдың мазмұны балалардың жас ерекшеліктерін, олардың танымдық, эмоционалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу талаптарын қамтамасыз етеді.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартында: коммуникативтік дағдыларды дамыту, қазақ халқының мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен, балалар көркем әдебиетімен таныстыру, зерттеу іс- әрекетін дамыту, өнер туындыларын қабылдау мен түсіну, және әлеуметтік-эмоционалды дағдыларды, дүниетанымын, ойлауын, көркем-эстетикалық талғамды дамыту міндеттері қойылған. Ерекше балаларды оң әлеуметтендіру, оларды әлеуметтік-мәдени нормаларға, қоғам және мемлекет, отбасы дәстүрлеріне тарту, рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру көзделген. Осы идеяларды іске асыру мақсатында мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған ұлттық құндылықтарға негізделген «Нұр шашу» — ғажайып шам ойыншығының әдістемелік құралы дайындалды.
Нұр шашу — сөзі қазақ тілінде бейнелей айтқанда «Нұр» сөзі жарық, сәуле, шапағат немесе рухани таза жарықты білдіреді. «Шашу» сөзі тарату, шашу деген мағынада мағынада қолданылғанда. Бірігіп келгенде, «нұр шашу» деген тіркес бір нәрсенің әдемі сәулесін таратып, айналаға шапағат пен жарық, жылу беруін білдіреді. Бұл сөз көбінесе адамның мейірімділігі, ізгілігі немесе рухани жарығын, адамның жылуы мен рухани тазалығын сипаттау үшін қолданылады. «Нұр шашу» қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен құндылықтарын мектеп жасына дейінгі балаларға таныстыруға арналған интерактивті құрал.
Бір бұйымның бірнеше артықшылықтары бар: ғажайып шам болып, айналасына нұрын ашады. Ойыншық болып, балаңыздың көкірек көзін шады. Кәдесый болып, алған жанды қуантады. Жәдігер болып, жандүниеңізді байытады. Баланың жан-жақты дамуына, жағымды ойлауға әсер етеді.
Нұр шашу-әдістемелік құралының мақсаты: балалардың шығармашылық, танымдық қабілеттерін дамыту, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу. Баланың физикалық, эмоционалдық және интеллектуалдық дамуына психологиялық тұрғыдан жағымды ықпал ету.
Нұр шашу — әдістемелік құралының міндеттері:
- бөбектерге ұйықтар алдында жан тыныштығын сезінуге жағдай жасау;
- бөлмеде шаңырақа қарап жатып, аспан әлеміндегі сансыз жұлдыздардың нұрлы сәулесіне шомылып ұйқтау арқылы баланы қиял-ғажайып әлемге жетелеу;
- балалардың эмоционалдық дамуына, денсаулығына психологиялық жағымды әсер ету;
- қазақ халқының музыкалық, ауыз әдебиеті және табиғатпен үйлесімділік идеяларын жеткізу.
- ұлттық тәрбие беру және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Нұр шашу — әдістемелік құралының құндылығы:
- бұл дәстүрлі қазақ мәдениеті мен ұлттық ойындарын насихаттайтын заманауи интерактивті ойыншық;
- ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақ халқының мәдениеті, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері туралы мәліметтерді ойын арқылы үйретуге бағытталғандығы;
- интерактивтілік: жарық, дыбыс, қозғалыс сияқты технологияларды пайдаланып, балалардың қызығушылығын арттырады;
- білім беру мазмұнын жаңартуда: балалардың зейіні мен танымдық қабілеттерін дамытуға көмектесетін тапсырмалар мен ойын элементтері енгізілген;
- этностиль дизайны: ұлттық өрнектер мен оюлар қолданылып, қазақтың мәдени мұрасын таныстырады және баланың ұлттық мәдениетке деген қызығушылығын оятады;
- балаларға қауіпсіз, қолжетімді әрі көпсалалы: экологиялық таза және балаға қауіпсіз материалдардан жасалған.
«Нұр Шашу» ғажайып түнгі шамын балабақшада балаларға күндізгі ұйқы кезінде пайданалануда өте тиімді болады. Бұл шамның психоэмоционалды әсері мен қолданылуы балалардың тәрбиесі мен дамуына оң ықпал ете алады. Тыныштықты қалыптастыруға және ұйқыны реттеу мен сапасын арттыруға, демалысында тыныш атмосфера құрып, олардың жақсы демалуына көмектеседі.
Қазақ халқының көшпенді өмір салтында баспана рөлін атқарған киіз үй туралы көптеген зерттеулер жарық көргені белгілі. Киіз үйдің құрылымы, оның көшпелі өмір салтына ыңғайлылығы және т.б. қасиеттері туралы көптеген мағлұмттар бұл үйдің өзіндік ерекшелігін, маңыздылығын айшықтай түседі. Киіз үйдің құрылымдық элементтері туралы түсініктерді қалыптастырады. Балалар киіз үйдің шаңырақ, кереге, уық сияқты бөліктерін қолмен құрастырады. Бұл олардың ұсақ моторикасын дамытады. Киіз үйді құрастыру барысында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен салт-дәстүрі туралы ақпарат беріледі. Бұл ойыншықта ұрпақ тәрбиесіндегі шаңырақ ұғымына басымдық беріледі. Шаңырақ туралы: «Шаңырақ көтеру», «Шаңырағың биік болсын!», «Шаңырағы шайқалмасын», «Ақ бесік, алтын шаңырақ». «Ұлт қамы ұлы, шаңырақ қамы», «Әрбір шаңырақ ұрпақты болсын, ырысты болсын, ырысы жұртқа жұғысты болсын», «Қазақта жалғыз шаңырақ бар, ол -Қазақстан!» сынды ұлағатты ұғымдарды біртіндеп баланың санасына сіңіру. Қара шаңырақ, яғни «үлкен шаңырақ», «үлкен үй» деп – атадан балаға мирас болып келе жатқан үйді айтады. Әдетте, әрбір ата-ана балаларының біреуін (көбінесе, кіші ұлын) «Өскенде қарашаңырақ иесі сен боласың» деп бала күнінен құлағына құйып өсіреді. Бұл – қазақ халқының ертеден келе жатқан әдет-ғұрпы. Қазіргі таңда қарашаңырақ тіркесі халқымыздың дәстүрін көрсететін тұрмыс-салттық жағдайда ғана емес, қоғамның басқа да салаларында қолданылып, дәстүрлі жалғастықпен келе жатқан мирастық ұғымын білдіреді.
Сөздіктерде берілген анықтамаларға сүйене отырып, шаңырақ сөзінің негізгі мағынасы ретінде «туған үй», «отбасы», «Отан» мағыналарын, ал түр-тұлғалық белгісі ретінде «киіз үйдің ағашы», «үйдің жоғарғы бөлшегі» мағыналарын қарастыруымызға болады. Алтын шаңырақ – туған жер, Отан мағынасын білдіреді. Бұл идеяларды іске асыруда шаңырақтың маңызын, мәнін балаларға түсіндіру, сезіндірудің маңызды зор. Шаңырақтың киелі ұғым екенін меңзейді, қадір, қасиетін түсіндіруге тәрбиелейді.
Нұр шашу-әдістемлік құралында ұсынылған ойнауға арналған ойыншықтың шаңырағындағы сәулелері балаларды ойландырады, қиял-ғажажайыптар әлеміне жетелейді, эмоционалдық тұрақтылықты қамтамасыз етеді. Табиғат дыбыстары мен жұмсақ, жағымды әуендер арқылы бала тынышталады және стрессті жеңілдетеді. Танымдық қабілеттерін дамытады. Киіз үй элементтерін зерттеу арқылы бала қазақ халқының тұрмысын таниды. Күйлер мен халық әндері баланың шығармашылық қабілетін арттырады. Отбасында ата-анамен баланың арасындағы әлеуметтік байланысты орнықтырады, сырласады, өз ойларын бөліседі, ортақ пікірге келеді. Ойыншықпен ойнау арқылы ата-анамен және құрдастарымен қарым-қатынас орнығады.
«Отан — отбасынан басталады» -деген ұғымның мәні зор, Қазақтың әрбір шаңырағы ұлттық тәрбиемен өсіп-өнуі керек. Сонда шаңырақтарға шаттық орнайды. Халқымыз құндылығын жоймайды. Қазақ елін бүкіл әлем мойындайды.
Балалар ұйықтауға жатқанда, шамды қосып, әуезді, сазды, жұмсақ және тынышталдыратын музыканы тыңдату. Бала ұйықтар алдында шамның жарығын 10-15 минут қосып, тыныштандыру сәтін ұйымдастыру керек. Эмоционалды қолдау және қауіпсіздік сезімі пайда болады. Балалар жаңа ортаға келгенде өздерін жайсыз сезінуі мүмкін. Бұл шамды қосу арқылы оларды қорқыныштан арылтып, өздерін қауіпсіз сезінуге көмектеседі. Бұл балаларға көңіл бөлуді, оларды тыңдауды және қолдауды қажет ететін кезде өте пайдалы құрал. Ойнауға, ойлануға арналған ойыншық баланың қорқыныш сезімін жеңу үшін әр түрлі топтық іс-әрекеттер мен сабақтарда қолдануға болады. Балаларға шамның жарығы арқылы өздерін еркін сезінуге мүмкіндік беріледі. Жаңа ортаға келгенде қоршаған ортаға бейімделу кезеңінде де өте маңызды. Балабақшада баланың айналасындағы атмосфераны жұмсартуға және баланы сенімді әрі жайлы сезінуге көмектеседі. Әр балабақшада топ бөлмесінде шамдарды белгілі бір орында орнатып, балаларға күнделікті өмірдің бір бөлігі ретінде көрсетіңіз. Шамдарды күнделікті ұйымдастырылған іс-әрекетте, бос уақытында немесе түстен кейінгі тыныш сәттерде пайдалану да тиімді. Балалардың мінез-құлық ережелерін сақтауға, тәртіпке үйрену кезінде белгілі бір салт жоралар мен әдет-ғұрып түрі, белгілі әлеуметтік және мәдениеттік құндылықтарды көрсететін реттелген іс-әрекеттің жүйесі жасауда қолдануда маңызды.
Ойнауға арналған шамның жануы–балабақшадағы ұйқы мен тынығу режимін қалыптастыруға көмектеседі. Балаларды бұл шамды күнделікті іс-әрекеттің бір бөлігі ретінде қабылдауға дағдыландыру керек. Атап айтқанда:
- шамды ұйықтар алдында немесе тыныш сәттерде қосу арқылы белгілі бір тәртіп қалыптастырады;
- балалар шамның сөнуі немесе қосылуы арқылы белгілі бір уақыт кезеңдерін немесе оқиғаларды байқауды үйренеді (мысалы, оқу, тыныштандыру, ұйықтау);
- шамды шығармашылық және ойын элементі ретінде пайдалану балабақшадағы балалар үшін шығармашылық және ойын іс-шараларын өткізуде өте маңызды;
- шамның жарығы балалардың қиялына әсер етуі мүмкін, сондықтан оны ойын мен сабақтарға қосуға болады;
- балаларға шамның жарығында оқылатын ертегілер мен көркем шығармаларды тыңдау ұйымдастырылады;
- шамның жарығының түрлі пішіндер мен бейнелерге айналуы арқылы балалардың шығармашылық ойлауын дамытады;
- шамның жарығын пайдаланып, түрлі рөлдік ойындар мен сахналық көріністер жасау арқылы күйзеліс пен стрессті жеңуге болады;
- бұл шам балабақшада балалар түрлі эмоциялар мен күйзелістерді сезінуі мүмкін сәттерде балалардың стресстен арылуына және өздерін тыныш сезінуіне көмектеседі;
- шамды балабақшада эмоционалды қолдау көрсету үшін және балаларға сенімділік пен психологиялық сүйемелдеу көрсететін құнды құрал ретінде пайдалану арқылы олардың дамуына ықпал етуге болады.
Ойымызды қорытындылай келе, тәрбиешілерге арналған бұл әдістемелік құралдың маңыздылығы сол педагогтердің ойындарды тиімді пайдалануына көмектеседі және жаңа әдістерді енгізу арқылы мектепке дейінгі ұйымдардағы тәрбиелеу мен білім беру сапасы жақсарды. Балаларды ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу, ұлттық мәдениет пен сананы қалыптастыру осы ойындар арқылы жүзеге асырылады.
Шығармашылық ойындарды іс-әрекетте пайдаланады, педагог балаларды дәстүрлі оқу әдістерінен шығармашылық қабілеттерді дамытуға бағытталған ойын түрлеріне ауыстыруы іс-әрекеттің оң нәтижелілігін арттырады.
Ұлттық мазмұнды интеграциялауда тиімді. Әдістемелік құралға ұлттық мәдениетке негізделген тапсырмалар мен ойындар енгізіліп, балаларды өз дәстүрлерімен таныстыруға мүмкіндік береді. Құрал бес білім беру дағдылары бойынша қазақтың ұлттық мәдениетін ойын және ойыншық арқылы танытуы бұл педагогтердің жұмысын жеңілдетеді.
Балалардың өз бетінше дербес әрекет етуін ынталандырады, қызығушылығын оятады, педагогтерге ойындар мен тапсырмаларды балаға өздігінен орындауға мүмкіндік береді. Ұсынылған әдістер мен тәсілдер олардың өзін-өзі басқару дағдыларын дамытады, дербес әрекет етуіне толық жағдай жасайды олардың таңдауы мен қалауларын қамтамасыз етеді.
Топтық жұмысты дамытады, бірлесіп әрекет етуге, өзара түсіністік қарым-қатынас мәдениетін қалыптастырады. Әдістемелік құрал педагогтерге балалардың әлеуметтік дағдыларын жақсарту үшін топтық және ынтымақтастық ойындарды енгізуге мүмкіндік береді.
Әдістемелік құралды қолдануда тәжірибелік жұмыстың педагогикалық тиімділігі дәлелденді. Қойылған міндеттер толығымен шешілді, ал ұсынылған жаңалықтар педагогтерге тәрбиелеу мен білім беруде шығармашылық пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Бұл жаңалықтар заманауи білім беру талаптарына сәйкес келеді және балалардың жан-жақты дамуына ықпал етеді.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты екінші отырысында сөйлеген сөзі. 2024 жылғы 15 наурыз.
- Біртұтас тәрбие бағдарламасы. Қазақстан республикасының оқу-ағарту министрлігі. 2023.
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына (Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы) (бұдан әрі – Стандарт);
- «Ойыншықтардың қауiпсiздiгi туралы» Қазақстан Республикасы Заңы. (2021.01.07. берілген өзгерістер мен толықтырулармен)
- «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» техникалық регламенті (КО ТР 008/2011)
- Турбекова А.Б. Ойын арқылы баланы оқыту және тәрбиелеу. Білімді ел.17.09.2019