Өнер – халықтың жүрегі, ұрпаққа қалған мәңгілік мұра. Ол ешқашан сарқылмайтын қазына, адамзаттың рухани азығы. Осы қағиданы ұстана отырып, Алматы қаласы, Бостандық ауданы №80 бөбекжай-балабақшасында ерекше мазмұндағы “Өнер таусылмас азық” атты семинар өтті. Семинарға Бостандық ауданы білім бөлімінің басшысы Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы, Бостандық ауданы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің бас маманы Шолпан Муратова, аудандық әдістемелік бірлестік мобильді топ мүшесі М.А.Масалимова, Бостандық ауданы қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталық әдіскерлері және Бостандық ауданының балабақша тәрбиешілері қатысты.
Семинар драматизация түрінде ұйымдастырылып, қатысушыларды әсерге бөлегені сөзсіз.
Шараның шымылдығы балабақша меңгерушісі Бесетаева Жадыра Сериковнаның құттықтау сөзімен ашылды. Ол өз сөзінде балабақшадағы тәрбиелік жұмыстардың маңыздылығын атап өтіп, өнердің баланың жан-жақты дамуына тигізер оң ықпалын ерекше атап өтті. Өнер – ұрпақ тәрбиесінің қайнар көзі екенін еске салып, семинарға қатысушыларға сәттілік тіледі.
Семинар ерекше форматта ұйымдастырылғандықтан, оның әр кезеңі қонақтарға күтпеген қызықты әсер сыйлады.
Балабақша тәрбиеленушілерінен құралған балалар оркестрі әуезді әуен ойнап, шараға сән берді. Балалардың ұлттық аспаптармен орындаған шығармалары жиналғандардың жүрегіне жылылық ұялатты.
“Бір мақал – бір бауырсақ” атты зияткерлік ойыны өтті. Бұл ойында қатысушыларға мақалдың бірінші бөлігі айтылып, олар жалғасын тауып айтуы керек болды. Дұрыс жауап берген әр педагогқа бауырсақ үлестірілді. Ойын барысында ұлттық нақыштағы мақал-мәтелдерге ерекше мән беріліп, олардың тәрбиелік мәні мен тереңдігі талқыланды.
Семинар барысында ауылдың алты ауызы айтылып, қазақ халқының ұлттық дәстүрлерін дәріптейтін көріністер көрсетілді. Қазақ халқының тұрмысында ерекше орын алатын жүн түту, тоқыма тоқу үрдістері іс жүзінде көрсетілді. Асыл аналарымыз ғасырлар бойы игерген бұл кәсіп – ұлт мәдениетінің ажырамас бөлігі.
Қатысушылар жүннен жіп иіріп, одан тоқыма жасаудың әдістерімен танысты. Бұл көріністер арқылы ұлттық өнердің тұрмысымыздағы маңыздылығы көрсетіліп, оның тәрбиелік құндылығы насихатталды.
Семинардың ерекше сәттерінің бірі – телефонның зияны мен ұлттық құндылықтардың ұштасуын бейнелейтін сахналық қойылым болды. Қазіргі таңда технологияның дамуы балалардың өміріне үлкен әсерін тигізуде. Драмалық көріністе ата-бабаларымыздан қалған ұлттық мұраларымыздың маңыздылығы мен қазіргі ұрпақтың олардан алшақтап бара жатқаны көркем түрде бейнеленді. Телефонға тәуелділік, отбасы құндылықтарының әлсіреуі, ұлттық салт-дәстүрлердің ұмытылуы сияқты мәселелер көтеріліп, көрермендерді ойландырды. Көрініс соңында, ұлттық құндылықтарды сақтаудың маңызы ерекше атап өтілді.
Балабақша әдіскері Алменова Гульжан Турдакуловна семинар аясында мазмұнды баяндама оқыды. Баяндамада балабақша тәрбиесі мен өнердің сабақтастығы, ұлттық мәдениеттің бала санасына ықпалы жан-жақты талқыланды. Ұлттық өнер мен тәрбиенің ұштасуының маңыздылығы, оның баланың жан-жақты дамуына тигізер әсері айтылды.
Баяндамадан кейін семинар қатысушылары үшін сергіту сәті өткізілді. Қатысушылар арнайы ұйымдастырылған жаттығулар жасап, көтеріңкі көңіл-күйге бөленді. Бұл сәт семинарға жиналған қауымды бір серпілтіп, ерекше әсер сыйлады.
Ұстаздарға құрмет – ұрпаққа өнеге.
2025 жыл Жұмысшы мамандықтар жылы болғандықтан, бұл семинар аясында зейнеткер ұстаздар Тұрсынбаева Сымбат Абылгазиновна және Батырбаева Турсынкуль Алпысбаевнаға ерекше құрмет көрсетілді. Саналы ғұмырын бала тәрбиесіне арнаған ардагер ұстаздарға құрмет грамоталары табыс етіліп, гүл шоқтары тарту етілді. Ұстаздықтың мәңгілік мәртебелі мамандық екені айтылып, олардың еңбегіне шынайы ризашылық білдірілді. Бұл – кейінгі жас мамандарға өнеге боларлық игі дәстүр екені сөзсіз.
Семинардың соңында жиналған қауым осындай мазмұнды әрі тәрбиелік мәні зор шараның ұйымдастырылғанына ерекше ризашылықтарын білдірді. Балабақша ұжымы ұлттық құндылықтарды ұлықтауға, өнер мен тәрбиені сабақтастыра білуге үлкен мән беріп отырғаны көрініп тұр.
Іс-шараға ат салысқан
“Ботакан “ тобының тәрбиешісі — Игилманова Нуржамал Кошкарбаевна, музыка жетекшісі — Канафина Фарида Арыстанбековна және Искендерова Разия Рсалиевна,Бажеева Еркегуль Толеухановна,Қосуақова Арай Бисембаевна, Ақтай Жанна Сейфуллақызы, Джунусова Маржан Мухаммедкалиевнаның
еңбегін атап өтпесек болмас.
Бұл іс-шара қазақ халқының ұлттық өнері мен дәстүрін қайта жаңғыртуға арналған маңызды қадам болды.
Өнер – рухани азық, ұлттың мәдени мұрасы. Оны ұрпақ санасына сіңіру – біздің басты міндетіміз. №80 бөбекжай-балабақшасында өткен бұл ерекше семинар – ұлттық құндылықтарды насихаттау мен өнерді дәріптеудегі тамаша үлгі болды.
Қонақтар жылы лебіздерін білдіріп, жоғары деңгейде ұйымдастырылған шарадан үлкен әсер алып, ризашылықпен тарқасты. Мұндай тағылымы мол, рухани бай шаралар алдағы уақытта да жалғасын тапса игі. Өйткені, “Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық” екені анық!
BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы