Бекен Алмагул
Астана қаласы
№70 «Құлыншақ» балабақшасы
тәрбиеші
педагог -модератор
Наурыз мерекесін ұйымдастыру және оның тәрбиелік мәні
Кіріспе
Наурыз – көктемнің келуімен бірге табиғаттың жаңаруы мен тіршіліктің жандануын білдіретін, түркі халықтарының мәдени мұрасында ерекше орын алатын ұлы мереке. Бұл күн тек жаңа жылдың басталуын ғана емес, халықтың бірлігін, татулығын және ынтымағын нығайту дәстүрін бейнелейді. Наурыз мейрамы – ата-бабаларымыздан қалған ұлы мұра, ұлттық рух пен мәдениеттің айқын көрінісі.
Қазақстанда Наурыз мемлекеттік деңгейде аталып өтіп, ұлттық құндылықтарды дәріптеудің маңызды бөлігіне айналған. Бұл мейрам халықтың тұрмыс-тіршілігімен тығыз байланысты болғандықтан, оның аясында ұлттық салт-дәстүрлер жаңғырады, ұмытылып бара жатқан әдет-ғұрыптар қайта жанданады. Балалар мен жасөспірімдерге ұлттық тәрбиенің маңыздылығын түсіндіру үшін Наурыз мейрамының мәнін ашу, оны кеңінен насихаттау аса қажет.
Осы мақсатта №70 «Құлыншақ» балабақшасында Наурыз мейрамына арналған арнайы кешенді іс-шаралар ұйымдастырылды. Балалардың қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрлерін тереңірек меңгеруіне, ұлттық ойындар мен салт-дәстүрлерді үйренуіне бағытталған танымдық, тәрбиелік және мерекелік шаралар жоспарланды.
Наурыз мейрамын атап өтудің маңыздылығы – жас ұрпақтың бойына құрмет, қайырымдылық, ұлттық сана-сезім, ата-баба мұрасына деген сүйіспеншілік сияқты қасиеттерді сіңіруде. Сондықтан балабақшадағы Наурыз апталығы «Наурызнама» тұжырымдамасына сәйкес ұйымдастырылып, ата-аналардың да белсенді қатысуына мүмкіндік берілді.
«Наурызнама» аясында әр күнге ерекше атау беріліп, оның мазмұнына сай түрлі мәдени және тәрбиелік іс-шаралар өткізілді. Балабақша ұжымы бүлдіршіндерге халқымыздың салт-дәстүрлерін, ұлттық ойындарын, қазақтың ұлттық тағамдарын, ұлттық киімдерін таныстыруды басты мақсат етіп қойды. Сонымен қатар, ата-аналармен тығыз байланыс орнатылып, оларды да мерекелік іс-шараларға тарту көзделді.
Осылайша, №70 «Құлыншақ» балабақшасы Наурыз мейрамын тек мерекелеу ғана емес, сонымен қатар оның тәрбиелік мәнін ашуға, ұлттық сананы қалыптастыруға бағытталған іс-шараларды жүзеге асырды. Бұл шаралар балаларға қазақ халқының мәдени мұрасын сіңіруге, олардың танымдық деңгейін арттыруға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға үлкен мүмкіндік берді.
Наурыз мейрамын балабақшада атап өтудің негізгі мақсаты – балаларға қазақ халқының мәдени құндылықтарын, ұлттық дәстүрлерін таныстыру, оларды патриоттық рухта тәрбиелеу. Бұл мақсатқа жету үшін келесі міндеттер қойылды:
- Балаларды қазақ халқының салт-дәстүрлерімен, ұлттық ойындарымен және мерекелік әдет-ғұрыптарымен таныстыру;
- Отбасылық құндылықтарды нығайту, ата-аналардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету;
- Тәрбие мен оқыту процесінде ұлттық киімдерді, ұлттық тағамдарды, халық ауыз әдебиетін насихаттау;
- Балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатында ұлттық өнерге баулу;
- Достық, ынтымақ, мейірімділік және қайырымдылық секілді адами құндылықтарды бойларына сіңіру.
Жаңа қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, «Наурызнамның» әр күні жекелген тақырыптар мен құндылықтарға бөлініп мерекелік өткізілген іс-шаралар.
14 наурыз – Көрісу күні (Амал мерекесі)
Бұл күн қазақ халқының ізгі дәстүрлерінің бірі – көрісу рәсімін жаңғыртуға арналды. Балабақшаға келген ата-аналар мен қонақтар бауырсақпен қарсы алынып, балалар үлкендермен көрісу дәстүрін үйренді. Көрісу күні – адамдардың бір-біріне амандық-саулық тілеп, қарым-қатынастарын нығайтатын ерекше мереке.
15 наурыз – Қайырымдылық күні
Бұл күні «Наурыз-базарлық» атты қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды. Балалар мен ата-аналар мұқтаж жандарға көмек көрсетуге бағытталған іс-шараларға қатысты. Балаларға қайырымдылық пен жанашырлықтың маңызы түсіндіріліп, арнайы бейнежазба әзірленді.
16 наурыз – Шаңырақ күні
Бұл күн отбасылық құндылықтарды дәріптеуге арналды. Балалар ата-аналарына арнап құттықтау хаттарын әзірлеп, шаңырақтың маңыздылығы туралы әңгімелер тыңдады. Ата-аналармен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылып, қазақ отбасындағы тәрбие мен дәстүрлер тақырыбы талқыланды.
17 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні
Балалар қазақтың ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті туралы білімдерін кеңейту үшін «Наурыз мерекесіндегі дәстүрлердің тәрбиелік мәні» атты интеллектуалдық ойынға қатысты. Сонымен қатар, ата-аналармен бірге «Шежіре күні» ұйымдастырылып, отбасы тарихына арналған бейнероликтер дайындалды.
18 наурыз – Ұлттық киім күні
Ұлттық киім күніне орай «Ұлттық киім – ұлт мақтанышы» атты челлендж ұйымдастырылды. Балалар мен тәрбиешілер ұлттық киім киіп, олардың ерекшеліктері туралы ақпаратпен бөлісті.
19 наурыз – Жаңару күні
«Наурыз- жыл басы!» әр топта мерекелік іс- шаралар өткізілді.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні
Бұл күні қазақтың дәстүрлі ойындары насихатталып, балалар асық ату, тоғызқұмалақ, арқан тарту сынды ұлттық спорт түрлерімен танысты. Сайыстар өткізіліп, жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табыс етілді.
21 наурыз – Ынтымақ күні
Бұл күні ата-аналар мен балалар бірге мерекелік құттықтаулар әзірлеп, достық пен татулық тақырыбында сұхбат жүргізілді.
23 наурыз – Тазалық күні
Бұл күні балалар ата-аналармен бірге үйде А. Елгезектің «Болмаған балалық шақ» драмасы талқыланып, оның тәрбиелік мәні түсіндірілді.
Қорытынды
№70 «Құлыншақ» балабақшасында өткізілген Наурыз мерекесіне арналған іс-шаралар ұлттық құндылықтарды дәріптеп, балаларға халқымыздың мәдениеті мен дәстүрлерін тереңірек түсінуге көмектесті. Әр күн белгілі бір тәрбиелік мәнге ие болып, балалардың бойына патриотизм, мейірімділік, ұлттық мақтаныш қасиеттерін сіңіруге ықпал етті.
Наурыз – тек көктем мейрамы емес, ұлттың рухани жаңғыруының символы. Осындай іс-шаралар арқылы жас ұрпақ халқымыздың мәдени мұрасын бойына сіңіріп, өз тарихы мен дәстүрін құрметтеуге үйренеді. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамыту – біздің басты міндетіміз. №70 «Құлыншақ» балабақшасында Наурыз мейрамын осындай кең көлемде атап өту – болашақта да жалғасатын игі дәстүр!