Главное сегодня

Береке мен бірлік бастауы — Наурыз

Береке мен бірлік бастауы — Наурыз

 

Алматы қаласы, Наурызбай ауданы №184 бөбекжай-балабақшасында Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесі кең көлемде аталып өтті. Көктемнің шуақты күндерімен бірге келетін бұл ерекше мейрам — жаңару мен жасампаздықтың, береке мен бірліктің символы. Балабақша ұжымы мен тәрбиеленушілері бұл күнді ерекше ықыласпен қарсы алып, ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге бағытталған мазмұнды іс-шара ұйымдастырды.

Мерекелік шараның басты мақсаты — жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру, салт-дәстүрге деген құрметін арттыру және ата-бабадан келе жатқан мұраларды насихаттау болды. Балабақша ауласы мен топ бөлмелері ұлттық нақышта безендіріліп, ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Қазақтың ою-өрнектерімен көмкерілген көріністер, ұлттық киім киген бүлдіршіндер мен педагогтердің жарқын бейнесі мерекенің шырайын аша түсті.

Ұлттық ойындар ұйымдастырылып, бүлдіршіндер «Арқан тарту», «Асық ату», «Қол күрес» секілді ойындарға белсене қатысты. Бұл ойындар балалардың ептілігі мен шапшаңдығын арттырып қана қоймай, достық пен ұйымшылдыққа тәрбиелейді.

«Наурыз — береке бастауы» тақырыбында ұйымдастырылған бұл көрмеде ұлттық нақыштағы қолөнер бұйымдары мен салт-дәстүрге қатысты көрнекіліктер ұсынылды. Атап айтқанда, түрлі-түсті құрақ көрпелер, жүннен жасалған бұйымдар, қазақы ою-өрнекпен безендірілген тұрмыстық заттар көрменің мазмұнын айшықтай түсті. Әрбір туынды ата-аналар мен балалардың бірлескен еңбегінің нәтижесі ретінде ұсынылып, ұлттық өнерге деген құрмет пен шығармашылық ізденісті көрсетті. Көрме келушілерге халқымыздың шеберлігі мен эстетикалық талғамын тереңірек танытуға мүмкіндік берді.

Ата-аналар мен педагогтердің бірлескен еңбегі балаларға үлкен өнеге болды. Мұндай іс-шаралар арқылы бала тек көріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды жүрегімен сезініп, санасына сіңіреді. Бұл — ұрпақ тәрбиесіндегі маңызды қадамдардың бірі.

№184 бөбекжай-балабақшасының ұжымы бұл мерекені жоғары деңгейде ұйымдастырып, әрбір бүлдіршіннің көңілінен шығатындай әсерлі бағдарламаны жүзеге асырды. Балалардың қуанышты жүздері мен ата-аналардың ризашылығы – атқарылған жұмыстың басты нәтижесі.

Наурыз — тек мереке ғана емес, ол — өткен мен бүгінді жалғайтын, болашаққа бағыт беретін ұлы құндылық. Осындай тәрбиелік мәні зор шаралар арқылы өскелең ұрпақ ұлттық рухта тәрбиеленіп, өз халқының мәдениетін құрметтеуді үйренеді.

Ұлыстың ұлы күні әр шаңыраққа құт-береке, молшылық пен бақыт әкелсін!

Ақ мол болсын, жыл ырысты болсын!

 

Кафарова Мереке Суимбайкызы

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *