«Сөз құлагеріне арналған әсерлі кеш»
Алматы қаласы білім басқарамасына қарасты Бауыржан Момышұлы атындағы №131 мектеп-лицейінде Ілияс Жансүгіровтың 130 жылдық мерей тойына арналған «Өз ұлын, өз ерлерін ескермесе, Ел, тегі алсын қайдан кемеңгерді» атты әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шара Қазақстан Республикасының әнұранымен басталды.
Кештің басты мақсаты Ілияс Жансүгіровтың өмірі мен шығармашылық жолына шолу жасау, мұраларын жас ұрпаққа таныстырып, жазушының ой – тұжырымдамаларын насихаттау.
Қазақ поэзиясында Ілияс Жансүгіровтың ақындық әлемі Абай мұрасындай мәңгі жалғаспақ. Оның «Құлагер» поэмасының өзі сарқылмас алтын қазынаға тең. Әдебиетшілер мен ғалымдар «Құлагерді» — сөз Құлагері, өнер жаршысы, күй жаршысы деп ешкіммен тең келмес баға беріп тастаған Ұлы ақын Абай Құнанбаев деңгейіне дейін көтеріле алған Ілияс Жансүгіров туралы естеліктерімен бөлісу үшін, бүгінгі кешке арнайы келді.
«Ілиястанушы», филология ғылымдарының кандидаты Қасен Ерлан Сламбекұлы әдеби кешке жиналған қонақтарға әсерлі де әдемі естеліктер айтты. Ақынның өмір жолына шолу жасап, шығармаларына тоқталды. С.Мұқанов айтқандай, «І. Жансүгіров — классик атанған ақынның бірі. Ол, үш жанрда да: поэзияда да, драмада да, прозада да жалпы теңдей жаза білген ақын. Биыл оның мерейтойына байланысты көптеген дүниелер жасалып, үлкен кездесулер мен кештер жоспарлануда»,- деді сөйлеген сөзінде.
«Әр қазақ «Құлагерді» оқыса, қазақты ұғады»,- деп, жалпы жастарға үлгі өнеге боларлық көптеген дүниелермен бөлісті. Оқушылар Ерлан Сламбекұлына «Сіздің Ілиясты зерттеуіңізге не түрткі болды? Ақынның шығармашылығы қазіргі заманда қалай бағаланады? Ілияс Жансүгіровтың ұрпақтары бар ма?» деген өздерін қызықтырған сұрақтарына тұшымды жауаптар ала алды. Бүгінгі кештің қадірлі қонағы болған Ерлан Сламбекұлы біраз белсенді оқушыларға ең құнды сыйлық «кітаптар» сыйға тартты.
Одан әрі сахна төрінде ақынның шығармаларынан үзінді келтіре отырып, 10-11-шы сынып оқушылары «Құлагер» поэмасынан өте әсерлі қойылым қойды.
Оқушылар І.Жансүгіровтың өлеңдерін мәнерлеп оқып көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Мектеп оқушыларынан құрылған домбырашылар тобы «Балбырауын» күйін орындады. Көрермен қауым «Ақбұлақ» әні мен «Кербез қыз», «Ерке сылқым» күйлеріне сүйсіне қол соқты.
Қазақ тілі мен әдебиет апталығының соңғы қорытынды іс-шарасына мектеп ұстаздары, оқушылар мен басқа да мектептерден ұстаздар келіп қатысты. Бұған дейін де аталмыш мектеп қабырғасында көптеген ақын, жазушылар мен қазақ әдебиетінің майталмандарына арналған әсерлі кештер өткен еді.
Әдеби-сазды әсерлі кештің соңында мектеп директоры Достанова Роза Зияханқызы арнайы өткен І.Жансүгіровтың 130 жылдығына арналған мектепшілік іс-шараларда түрлі номинациялар бойынша байқауларға қатысып, эссе жазудан, мәнерлеп оқудан жүлдегер болған оқушылар мен «Ілиясты мен танимын» деген тақырыпта ұстаздар арасында өткен сайыс жеңімпазадарын марапаттау рәсімін жасады.
Жұлдыз Смаилова
BILIM AINASY
Алматы қаласы