Home » О нас »  Еріктілер – біздің заманымыздың қаһармандары

 Еріктілер – біздің заманымыздың қаһармандары

Алматы қаласы
№44 мектеп-гимназиясының
тәрбие ісі жөніндегі орынбасары
Ахметова Гаухар Қадирбековна
және қосавторы, №44 мектеп-гимназиясының
математика пәні мұғалімі
Чукенова Гульжанат Газизовна

 Еріктілер – біздің заманымыздың қаһармандары
(«Адал азамат» мемлекеттік біртұтас тәрбие бағдарламасы аясындағы №44 мектеп-гимназиясындағы кездесу туралы)

2025 жылғы 19 қыркүйекте Алматы қаласы №44 мектеп-гимназиясында маңызды кездесу өтті. Бұл жолы мектеп ұжымы мен оқушылары «Lider.kz» еріктілер қозғалысы қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен жүздесті. Іс-шара Қазақстан Республикасының мемлекеттік «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында ұйымдастырылды.

«Адал азамат» бағдарламасы – жас ұрпақтың бойына адалдық, ізгілік, жауапкершілік пен белсенді азаматтық ұстаным сынды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған ауқымды жоба. Бағдарлама аясында өскелең ұрпаққа ізгі істердің маңызын түсіндіретін, қоғамға қызмет етудің мәнін ұғындыратын түрлі тәрбиелік іс-шаралар жүйелі түрде жүзеге асуда.

«Қамқор» жобасы – мейірім бастауы

Бағдарламаның маңызды құрамдас бөлігі – мектептегі «Қамқор» жобасы. Жоба жас буынды жанашырлыққа, мейірімділікке, өзара көмекке әрдайым дайын болуға тәрбиелеуді көздейді. Себебі рухани құндылықтар дәл мектеп қабырғасында қалыптасады. Ерікті болу – өзгеге қажет болу, айналаға жақсылық сыйлау және өмірді жақсы жаққа өзгерту.
 «Бір қадам – үлкен өзгеріс»
Кездесу барысында №44 мектеп-гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ахметова Гаухар Қадырбекқызы «Бір қадам – үлкен өзгеріс» тақырыбында баяндама жасады. Ол өзінің жеке еріктілік жолымен бөлісіп, оқушыларды жақсылық жасауға, мейірім мен қамқорлыққа үндеді:
«Ерікті болу – тек қайырымдылық жасау емес. Бұл – тыңдай білу, қолдау көрсету, шабыттандыру. Кейде қарапайым жылы сөз немесе созылған қол бір адамның тағдырын өзгертуі мүмкін. Егер осы қасиеттерді мектеп жасынан қалыптастырсақ, болашақта бейжай емес, жауапты азаматтар – нағыз адал азаматтар өсіп шығады… Еріктілік – жүректің жолы. Бұл өмірге мән беретін, әр күннің қадірін ұғындыратын қызмет. Қымбатты оқушылар, ерікті болуды дәл қазірден бастаңыздар. Әр кішкентай игі іс үлкен өзгерістерге бастайды».
Қонақтардың тәжірибесі

Шараға арнайы шақырылған «Lider.kz» еріктілер қозғалысының өкілдері – Лобанова Анна, Есембаева Айгерім, Вильковиская Зарина, Понизова Елена – өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Олар із-түзсіз кеткен адамдарды іздеу, қиын жағдайда қалған отбасыларға қолдау көрсету жолындағы жұмыстарын әңгімелеп берді.
Қонақтар оқушылар мен педагогтарды бейжай қалмауға, бір-біріне қамқор болуға және әркім қоғамға үлес қоса алатынын ұмытпауға шақырды.
«Еріктілік – бұл мамандық емес, бұл – миссия. Біз бүкіл әлемді өзгерте алмаймыз, бірақ бір адамның өмірін өзгерте аламыз. Кейде тіпті құтқарып қаламыз. Ең бастысы – бейжай қалмау», – деп атап өтті еріктілер.
Мектеп қауымдастығының үнқатысуы
Кездесуге сондай-ақ Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы мектептердің Президенттері мен «Қамқор» жобаларының жетекшілері қатысты. Олар еріктілермен пікір алмасып, өз мектептеріндегі бастамаларымен бөлісті.
«Қамқор» жобасының жетекшісі Чукенова Гүлжанат Газизовна өз сөзінде мектептің еріктілік мәдениетті қалыптастырудағы рөліне тоқталды:
«Мектеп – тұлға қалыптасатын орта. Егер біз балаларға бүгін ізгі істердің құндылығын сезіндірсек, ертең олар адал азамат – елінің адал, жауапты әрі мықты азаматтары болып өседі».
Қорытынды
Бұл кездесудің мәні зор болды: ол еріктіліктің тек өзгеге көмек емес, сонымен бірге тұлғалық дамуға, рухани өсуге және белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыруға апаратын жол екенін көрсетті.
Кездесу «Бір қадам – үлкен өзгеріс!» ұранмен аяқталды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*