Болашақта ел тұтқасын ұстар бүгінгі балдырғандардың өнегелі тәрбиесі – күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі. Ал тәрбиелеудің бірден бір жолы – олардың рухани-адамгершілік байлығын арттыру. Болашағына жол сілтейтін осы мәселе кезек күттірмес дүние екенін ескере білген Алматы Білім басқармасына қарасты Алатау ауданында орналасқан №165 бөбекжай-балабақшасы тәрбие негізін ата-анамен бірлесе, үйлестіре жүргізіп келеді. Жуырда балабақшада өткен «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» атты отбасылық сайыс та осы мақсатты – балаларды ұлттық тәрбиеге баулу, ата-ана мен балабақша арасындағы байланысты нығайту, отбасылық құндылықты дәріптеу мақсатын ұстанған екен.
Балабақша меңгерушілігіне жуырда ғана келген тәжірибелі басшы, «Үздік педагог», «Үздік маман» төсбелгісінің иегері, «Білім беру саласының үздігі» Байсұлтанова Бану Жұмашбекқызы «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал, үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» қағидатын ескере әрекет етеді.
- Баланың бойына жастайынан адам баласына тән ізгі қасиеттерді сіңіріп тәрбиелесек, мінез-құлқы дұрыс қалыптасады. Олар қазір ойын баласы деп немқұрайлы қарамай, ойната жүріп ойланта білуіміз керек. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегенді ескерсек, бала тәрбиесі менікі, сенікі демей, ата-анамен тығыз қарым-қатынаста, бірлікте, үйлесімде жұмыс жасауымыз маңызды. Бүгінгі іс-шара сол бағыттың, айқын мақсаттың бір көрінісі, — деп ойын білдіріп, қоғам мүддесіне сай бала тәрбиелеудің алғышартымен түсіндіріп кетті.
Сайысқа төрт топ қатысты. Мектепалды «Жұлдыз» тобының бүлдіршіні Айзере Ахметбек ата-анасы Әнуар Сағитов пен Эльвира Алсаева — «Ай-Жұлдыз» тобы, мектепалды «Құлпынай» тобының тәрбиеленушілері – егіз балдырғандар Ботагөз Әсетқызы мен Райымбек Әсетұлы ата-анасы Әсет Сағымбаев, Айжан Оспанова– «Жарық жұлдыз» тобы, мектепалды «Құлыншақ» тобының баласы Ханкерей Ермұханбет анасы Сәуле
Смаилова, әпкесі Әмина Ермұханбет – «Сұңқар» тобы, мектепалды «Аққу» тобының бүлдіршіні Нұрислам Омаржан, анасы Диана Омаржан, әпкесі Жазира Қойбайғарова – «Аққу» тобы. Сайыстың әділ шешімін шығарып, қатысушылардың жан-жақтылығын сарапқа салатын әділқазы алқасының құрамы да осал болмады. Алатау ауданы білім бөлімінің бас маманы Заитова Маншук Сапиқызы, №38 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Даубаева Нагима Нарезимовна, №1 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Қарабалаева Қымбат Алибайқызы әр үміткердің өнерін, білімін сарапқа салды.
Сайысқа қатысушылар төрт тапсырма бойынша өнер көрсетті. Өз тобын таныстыру кезінде «Сұңқар» мен «Жарық жұлдыз» топтары өлеңмен жеткізсе, «Ай-Жұлдыз» тобы анасы мен баласы болып әнмен ашты. «Аққу» тобы ене, келін, немере арасындағы әдемі қойылыммен топтарын ерекше таныстырды. Өз өнерлерін көрсететін екінші тапсырмада бірі ана, бірі әке туралы ән шырқап, бірі қара өлең оқып, барынша отбасылық бірліктерін, ұжымдық ынтымақтастығын байқата білді. Үй тапсырмасына кезек берілгенде «Сұңқар» тобы қолдан жасаған, ұлттық нақышта киім киген қуыршақтарын, торсық кәдесыйын, құрақ көрпелерін түсіндіре отырып әділ-қазы алдында қорғап шықты. «Ай-Жұлдыз» тобы қазақтың асүйіндегі қадірлі заттың бірі – сыпыра тігіп әкеп, таныстырды. «Аққу» тобы да қалыс қалмай, қолдан жасалған қолөнер бұйымдарын көрсетті. Оның ішінде қолдан жасалған қазақы сөмке, ұлттық әшекей бұйымдар, тоқылған сүйретпе, құрап жасалған шашақты кәжекей бұйымдары сүйсіндірді. «Жарық жұлдыз» тобы ерекше тандемді байқатты. Әкесі ұлымен бірге құстарға ұя жасап әкелсе, анасы қызымен сол жерде құрақ тігіп көрсетті. Және өз қолымен киізден жасалған сырмақтың жасалу жолымен, тарихымен, мазмұнымен таныстырып, таң-тамаша қалдырды. Төртінші кезең бойынша барлық қатысушылар салт-дәстүр бойынша сұрақтарға жауап беріп, ұйымдастырушылардың тапсырмасын орындады.
Сайыс арасында балабақшаның өнерпаз балалары би билеп, оркестрмен күй шертіп, кеш көрігін қыздыра түсті. Баламен жұмыс жасайтын тәрбиешілердің де «сегіз қырлы, бір сырлы» өнерін байқадық. Бірі кешті өлеңмен көмкеріп жүргізсе, келесі бір тобы әдемі ән шырқап, көпшілікті тәнті етті.
Өнерлі, жан-жақты отбасыларын бағалау әділқазы алқасына оңай болмады. Нәтижесінде әр топқа номинация беру туралы шешім шығарылды. «Жарық жұлдыз» тобы «Үлгілі отбасы» номинациясын иеленсе, «Салт-дәстүрді ұлықтаушы отбасы» номинациясына «Аққу» тобы лайық деп танылды. «Ай-Жұлдыз» «Ынтымағы жарасқан отбасы» номинациясының иегері атанса, «Берекелі отбасы» номинациясы «Сұңқар» тобына бұйырды.
Тәлім-тәрбие бағыты ұштаса, сабақтаса өткен кеш өз мақсатына толық жетті. Әсерлі кешке қатысқан қай қайсы болмасын адам баласының басты қызығы – артында қалған ұрпағы және сол ұрпағының бойына сіңірген оң істері мен ұлағатты тәрбиесі екендігін ұғып тарқасты.
Алматы қаласы
«BILIM AINASY»
Меруерт МӘУЛЕТҚЫЗЫ