Home » Новости » Өнердің миссиясы — ұлтқа қызмет ету

Өнердің миссиясы — ұлтқа қызмет ету

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы, №203 жалпы білім беретін мектебінде “Біртұтас тәрбие” бағдарламасының аясында «Өнердің миссиясы — ұлтқа қызмет ету» тақырыбында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын сыйлығының лауреаты, актер Бекжан Тұрыспен кездесу кеші өтті.
Бұл кешке оқушылар, ұстаздар және ата-аналар қатысты. 2024 жылдан “ата-аналармен серіктестік-оқушыларды оқытуға қатысу және қолдау” бағдарламасы жүзеге асырылып, ата- аналар қауымдастығымен белсенді серіктестік жұмыстар жүргізіл жатыр.
Бүгінгі кешке ата-аналардың бір кісідей қатысуы мектеп пен ата-ана арасындағы байланыстың нығайғандығының дәлелі десек те болады.

Жиында театр майталманы оқушылар мен ата-аналардың көкейлерінде жүрген сауалдарына жауап беріп, өзінің өнерге қалай келгені турасында, ұлтжанды азамат ретінде толғандырып жүрген мәселелер жайында әңгімеледі.
Сыр-сұхбат форматында ұйымдастырылған кеш барысында Бекжан ағамыз балалық шақта басынан өткерген қызықты жайттарды айтып, домбырамен ән шырқады.
Сондай-ақ, театр өнері хақында да ой бөлісті.— Актер, жалпы өнер адамы санасында саңылау болса, күнделікті ой үстінде жүреді. Мен театр сахнасындағы кейіпкерлерімнің бейнесінде, телебағдарламаларда көңілді көрінгенмен, көп ойланып жүретін адаммын. Шынайы өнер тереңнен тартады. Берілген образды сахнаға алып шыға салып, қойылым біткесін басқа адамға айналып кете барсам, ненің баяны болмақ? Өмірге де, өнерге де пайым мен зерде керек. Келер ұрпақ алдында арым таза болуы маңызды. – деді өз сөзінде Бекжан Тұрыс.
Кездесу соңында оқушылар, ата-аналар, ұстаздар қауымы театр саңлағына емен-жарқын сұхбаты үшін ризашылығын білдірді.

Бекжан Тұрыс ака­демиялық драма театрдың сахнасында елуге тарта рөл ойнады. Ол ұлттық, әлемдік классика мен заманауи драматургияда сомдаған қайталанбас образдарымен халықтың ыстық ықыласына бөленген актер. 30 жылға жуық уақыт аралығында театр сахнасынан бөлек, кино мен телевизия саласындағы еңбегімен де жұртшылыққа кеңінен танымал. Ак­тердің драмалық рөлдері көрерменін егілтсе, комедиялық рөлдерінде еріксіз езуге күлкі үйірілдіріп, бір күлдіріп алады. Күлдіріп отырып, жылататын да кезі көп.
«Өнердің миссиясы – ұлтқа қызмет ету» деп білетін өнер иесі өзіндік ұстанымдарымен, берік көзқарасымен, өнерге деген адалдығымен, болмысындағы қарапайымдылығымен, адамгершіліктің ақ жолын кесіп өтпес мінезімен қадірлі. Ізін жалғаушы іні-қарындастарына айтар ақылымен бағалы.
Білім мен тәрбие — егіз ұғым. Сол себепті мектепте білім берумен қатар тәрбие мәселесіне де жете көңіл бөлінуде.
«Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» — деп Абай ғұлама айтқандай, жүректің жылуы, ар-намыс, қайрат-жігер деген сезімдері бар рухтың мекені мектеп екенін ақиқат.
Біз қонақ болып келген мектепте оқу-тәрбие үрдісінде әрбір шара ата-аналардың қатысуымен өткізілетінін ерекше атағым келеді. Ата-ананың балаға өнегесі – барлық жағдайда ең күшті бағдар екені сөзсіз.

—Мақсатымыз айқын, міндетіміз түсінікті. Біз үшін өскелең ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беретін ұстаз дегеннен асқан құрметті атақ жоқ. Ол үлкен міндеттер жүктейді. — дейді мектеп ұжымы.
Алдыңғы толқын ағалардың ойы мен пайымын тыңдап, сүбелі сөздерімен сусындасын деп өткен кештен оқушылардың түйіп алары көп болды.
Бұл кеш мектептегіт тәрбие мен бірлікті тағы бір жарқырата көрсетуге бағытталған мүмкіндік алаңына айналды және соны дәлелдей алды
Оқушымен бірге қуанып, оқушымен бірге мұңая білген ұжымның ынтымақ-бірлігіне «бәрекелді» деуден артық тілек болмас. Алақандай мектептің Алатаудай рух сыйлаған кешінен баршасы шабыттанып тарқасты.

BILIM AINASY
Алматы қаласынан
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*