Home » О нас » Ұлы даланың ұлттық ойындары

Ұлы даланың ұлттық ойындары

«Балалық шағың-патшаның тағы»  дейді екен. Өмірдегі ең ғажап сәтті еске түсіретін алтын уақытым балабақшаға барған сәтім… Өзіме солай көрінетін тәтті қылықтар, айналаны елжірететін, мейірім төгу сағынған балалық шағымның дәурені қайта елестеді. …
Қиялдап көруге де уақыт табасың. Бүгінгі балалық шақ біздікінен өзгеше… Алаңсыз білім алу, қамқорлық пен түсіністік, баламен жақсы қарым-қатынас орнатуға деген ұмтылыс, ата –ана ретінде саған жасалған мүмкіндік үлкен сый екені көңіл қуантады. Салыстырып отырып  риза боласың.
22 қаңтар сәрсенбінің сәтті күні «Нұра» , «Есіл» ауданының денешынықтыру нұсқаушыларымен арнайы шақырылған қонақтар Астана қаласы әкімдігінің №70 «Құлыншақ» балабақшасына жиналды.
«Бала тәрбиесі – ұлт тәрбиесі, ұлт тәрбиесін алған ұрпақ мың жасайды» десек нағыз біз тілеген ұлттық тәрбиенің ошағы осы мекен. Қанша рет шараларына куә болып мақсаты айқын педагогикалық ұжымға, маржандай қатесіз жазылған ана тіліміздегі ақпаратына көзім тойып,  ұлттық нақыштағы әр бұрышын тамашалап  еркін тыныстап қайтатыным тағы бар.
     
«Ұлы даланың ұлттық ойындары»  атауымен өткен қалалық семинар өнерлі балапандардың орындауындағы  халық күйі «Салкүреңмен»  ашылды. Алғышқы сөз алған балабақша меңгерушісі Домова Арайлым Нурсеитовна бүгінгі шараның мақсатын түсіндіріп, ұлтымыздың дәстүрлі құндылықтарын нығайту жолында жұмыс жасауға дайын екендіктерін мақтанышпен жеткізді. Сөзіне дәлел балабақшаның авторлық «Ақ сүйек» ойынының тұсауын кесу шарасы өтті. Биші қыздарымыз алып шыққан «Ақ сүйек» керемет үлгіде жасалған.  Ұлағатты ұстаз, мектепке дейінгі білім саласының жанашыры балабақшаның ғылыми жетекшісі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, п.ғ.к, Жумабекова Фатима Ниязбекқызы, Астана  қаласы тоғызқұмалақ спорты федерациясының вице президенті Шотаев Мақсат Есенбекұлы тұсауын кесті.
Кезінде қызбен жігіт болып ай жарығымен ойнайтын ұлттық ойынды баланың ойлауы мен шапшаңдығына бағыттап әдістемелігімен бірге жазып дайындаған ұжымның шығармашылық еңбегі мен ізденісіне риза боласың.  «Ақ сүйек» ойынының ойналу ережесімен балабақшаның тәжірибелі денешынықтыру нұсқаушысы Смадьяр Сырлан Бейсенбайұлы тәрбиеленушілері Айжарқынова Амира, Орынбай Раянамен бірге көрсетті.
Денешынықтыру нұсқаушыларына көрсету мақсатында осыған дейін тұсауы кесіліп семинарға арқау болған «Бес кеней» зияткерлік ойынының ойналу ережесімен әдісін Сырлан Бейсенбайұлы  мектепалды тобы балалары Азамат Айлина, Тағайбек Айнамкөзбен  ортада қайта көрсетті. Семинарға қатысушы педагогтар арасында қызығушылық танытып, ортаға өздері шығып жарыса ойнаған педагогтар болды. Бұл —  семинар мақсатының орындалғаны. «Ақбозат» мектепалды тобының тәрбиеленушісі Тағайбек Айнамкөз «Бес атар» ойынын, Азамат Айлина «Қалашық» ойынын, Сырлан Бексенбайұлы «Зерек», «Шертпек», «Үш асық» ойынының ережелелерімен таныстырып ойналу жолын көрсетті. Өнерлері балапандардың «Оюлы текемет» биі шараның ажарын кіргізді

Ұлттық ойынды жандандырып, балалардың  қызуғушылығын қалыптастыру мақсатында, ұлттық ойындардың түрлері, ойналу әдістерімен таныстыру үшін балабақшаның тәжірибелі маманы,  Бестемше  қалалық, аудандық ұлттық ойыны жарысының жеңімпазы Кусаинова Даметкен Боранбековна «Ұлы даланың ұлттық ойындары» атты  ашық ұйымдастырылған іс-әрекетін көрсетті.
Ақпараттық коммуникациялық технологиялар  қолдана отырып әйгілі палуан Қажмұқан   Мұңайтпаұлынан алған тапсырмаларды орындаумен жалғасты. Жүре отырып ұлттық оюлардың (қызғалдақ, қошқар мүйіз, құс тұмсық, құс қанаты) қимылдар арқылы көрсетті. «Балауса»мектепалды тобының тәрбиеленушісі Кумырлык Аяжан Серікбайқызымен «Қамшы» биін орындықта отырып жаттығу түрін көрсетті. Орындықтарға жапсырылған арғымақтың суреті балалардың қолына қамшы алғандағы ерік жігері  ұлттық өнердің бала үшін қаншалықты жақын екенін көрсетті.   «Асықтар әлемі» жаттығуы. Балалар қызыл, сары, жасыл түсті тақияларды бастарына киіп, шеңбер жасап қара жорға биін билеп, музыка сөнгенде  тақияларына сай түсті шаңырақты жүгіріп барып көтеріп тұрғаны мәні мен мағынасы үйлесім тапқан жаттығу түрі болды. «Текеметті құрастыр» бірлесе жұмыс жасауға жетеледі. Жаттығуға белсене қатысқан тәрбиеленушілерге Қажмұқан аталарынан медаль табысталып, тәтті үлестірілді.
Іс шара үзіліссіз, бірлесе жасалған жұмыстың нәтижесінде жоғары деңгейде көрсетілді. Сөзіміздің дәлелі денешынықтыру нұсқаушылары арасынан сөз алған №19 «Балбөбек» балабақшасының денешынықтыру нұсқаушысы дене тәрбиесі федерациясының мүшесі Тулегенова Гульвира Тілеуқұлқызы әріптестеріне деген алғысын білдіріп,  шарадан алары мол екенін атап өтті. №61 «Шолпан» балабақшасынан Төлебай Азиз Әлішерұлы көрсетілген іс әрекет жоспары мен көрнекілігі біріккен кемшіліксіз жұмыс болды десе, №98 «Мирас» балабақшасынан Бейбітхан Ербол осыған дейін мектеп қабырғасында жұмыс жасаған маман ретінде мектепке дейінгі ұйымдарда ізденіс пен күнделікті  тынымсыз жұмыстың нәтижесінде өзі үшін тың ойындармен, идеяларға куә болғанын жеткізді.
№4 «Аружан» балабақшасының  меңгеруші Жагапарова Жанар Шокановна алары мен қызығары көп семинар жоғары дәрежеде өтті деген бағасын жасырмады.
Арнайы қонақ  Мақсат  Есенбекұлы  қазақтың 3000 ға жуық ұлттық ойыны бала тәрбиесі жолында азық болар құндылықтарымыз екенін бүгінде әлем бет бұрған ұлттық ойындардың балабақша қабырғаларында еркін дамуы қуанарлық жай екенін мақтана жеткізді. Солардың арасынан «Бескеней» ойынын алғашқы болып қолдана бастаған «Құлыншақ» балабақшасының ұжымына семинарда көрсеткен шеберліктері үшін алғысын білдірді. Сала жанашыры Фатима Ниязбекқызы табандылықпен жұмыс жасай білген ұжымның ізденісін атай келіп ғылыми жетекші ретінде әр ойынның мазмұны мен мақсатын жете түсіне білген ұжымға алғысын білдірді.
Денешынықтыру нұсқаушылары  Смадьяр Сырлан Бексенбайұлы, Кусаинова Даметкен Боранбековна  ҚР Оқу –ағару министрлігі ұлттық-ғылыми практикалық дене тәрбиесі орталығының директоры А.Ташметовтың арнайы Алғыс хатымен марапаттады. Астана қаласы денешынықтыру ассоциация төрайымы Амантай Динара Мұратқызы семинарға атсалысқан педагогикалық ұжымға алғысын білдіріп, нағыз тәжірибе алар алаң болғанын жеткізді.
Қалалық семинардың жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған  әдіскерлер Сагынганова Мереке Жасаганбергеновна, Рахимжанова Айжан Бауржановна, тәрбиешілер Утемисова Жанерке Ержанқызы, Әлтаева Кенжайым Нұрғалиқызы, Мажитова Гаухар Қыдырбайқызы , қазак тілі маманы  Байтакова Алмагүл Булаткановна, музыка жетекшісі Стамғазы Акнур Ерланқызы құрметпен марапатқа лайық жандар.

Еліміздің ертеңі деп сенім артатын ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне көңіл бөлген уақыттың жеткеніне шын қуанамыз. Болашақ тәрбиенің мықтылығы,  білімнің тереңдігімен өлешенері хақ. Соның негізін қалаушы тұңғыш  мектеп баспалдағы балабақшамыз. Демек ел мәртебесін асқақтатар жылы ұяда баланың көргені өз ұлтының құндылығымен, жетелейтіні ұлттық ойын болса шырағымыздың жанғаны. «Құлыншақ» балабақшасынан осы айтқан жылы тілектің орындалғанын көру бұл күннің байлығы болды. Істеріңіз ілгері баса берсін келешекке жол сілтер, бақытты балалық шақтың ордасы.

Әлия ҒАЛЫМБЕКҚЫЗЫ,
Астана қаласы
Білім айнасы

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*