Ата мен әженің тәрбиесі ізгіліктің жарығындай бала жүрегін нұрландырып тұрады. Көпті көрген көнекөздің өмірден алған тәжірибесі мол. Бар жылы-жұмсағын тауысып, ыстық-суығын ажыратып, бойындағы бар жылуын өз жанының бөлшегіне бөліп беруге даяр ата мен әже – кемел келешекке ақыл үлестіруші кемеңгерлеріміздің қатысумен Алматы қаласы, Бостандық ауданына қарасты №140 бөбекжай-балабақшасында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының «Әжелер мектебі» жобасы аясында
«Ата мен әженің тәрбиесі – жас ұрпақты кемел келешекке бастайды» тақырыбында ұйымдастырылған іс-шара өтті.
Ата ақылы – ақ пен қараны ажыратуға, ел мен жерді сүюге, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетуге, маңдай тері сіңген еңбектің дәмі тіл үйіретінін ұқтыруға үлкен көмек. Ал әжесінің ұршық иіріп, құрт жайып, күбі пісіп, май алған кәрі саусағы маңдайыңды сипағанынан асқан мейірім бар ма? Әженің ақ жаулығына барлық иба, инабат пен мейірім түгел сіңіп, немересіне елжіреген сәт тамырын бойлап, балаға берілетін сыңайлы.
Әже тербеткен бесік пен әже айтқан әлди-әнде де кие бар.
Іс-шараға келген әжелеріміздің жүзінен нұр төгіліп тұр. Ақтың түр-түрін өздерімен ала келген екен. Тоқыма, қой жүнінен жасалатын бұйымдардың жасалуын айтып өтті. Ауылдың алты ауызын шырқап, жүн сабап, ұршық иірді.
Әжелеріміздің балабақша ұжымына дән риза екені көрініп тұр. Ақ көңілдерімен алғыстарын жаудырып қана қоймай, балабақша ұжымына өлең шумақтарын арнады. Осы ретте
Клара Мұратқызы есімді әжеміздің өлең жолдарын ұсынайын.
140-шы балабақша берекелі,
Әжелерге сыйлады мерекені.
Салт-дәстүр өнегені үлгі етті,
Құндылықты бәріне керек етті.
Шашу мен дастарханы дәмі ерек,
Қолөнері дамыған елден бөлек.
Шаттықтың басқарған бөбекжайы,
Ұлттық өнеріне көңіл бөлет.
Риза болдық әжелер бағытына,
Өнерін көрсеткен әрбір жанға.
Жастарға үлгі еткен бұл шарадан,
Бастамасы жетелер ізгі алға!
Тәрбиеші еңбегінде дәріс барды,,
“Қызыл тіл -басталғанды өнер алды”.
Бәрін де баурап алған дәстүр салтпен,
Көрермен көз айым боп бәрі таңқалды.
Шаттықтың бөбекжайы кемелденсін,
Авторлық еңбегіңіз еленгенсін.
Әлемге қазақ атын шығаратын,
Қолөнер бұйымыңды көре берсін.
Тәлімге тәнті болған тәрбиешілер,
Сіздей жанның соңынан ере берсін!!!
(Автор: Клара Муратқызы)
Иә. Дәл осындай жоғары деңгейдегі шараны ұйымдастырған Мухаметрахимова Шаттык Абишовна мен ұжымына “бәрекелді” дейміз.
Еңбектеріңіз еленіп, ата-аналардың алғысы мен ата-әжелердің ақ батасын ала беріңіздер.
Іс-шараға қатысқан Смагулова Жибек, Уакпаева Нургуль Чакаримовна, Клара Мураткызы, Сартаева Улбосын, Таңірбергенова Гүлсара Байжігітовна, Сахиева Гулистан Тансыкбаевна атты әжелерімізге ұзақ ғұмыр тілейміз.
Ата мен әже – отбасының алтын қазығы. Шаңырақтың тірегі. Ата мен әже барда әлем де жып-жылы.
Ата-әженің айналып-толғанып, маңдайдан емірене сүйіп, бауырына қысып еркелеткеніне жетер ештеңе жоқ. Балаларды мейірімнен айырмайық. Өйткені әлемді мейірім ұстап тұр!
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Аманқызы