Балабақшадағы театр

Балабақшадағы театр

Алматы қаласы, Алмалы ауданы, КМҚК №43 бөбекжай-балабақшасында «Балабақшадағы театр» тақырыбында қалалық семинар жоғары деңгейде өтті. Бұл тағылымды шараның басты мақсаты – балалармен театр арқылы қарым-қатынас орнату, олардың шығармашылық қабілетін дамыту, тіл байлығын арттыру және сахналық мәдениетке баулу болды.

Семинарға келген қонақтарды балабақша табалдырығынан бастап-ақ ерекше атмосфера қарсы алды. Кіреберісте ұйымдастырылған «Театрдың ғажайып әлемі» атты көрме көпшіліктің назарын аударып, әрбір бұйым өзінің өзгешелігімен, көркемдігімен таңғалдырды. Қолдан жасалған кейіпкерлер, сахналық атрибуттар мен безендірулер көрерменге ерекше әсер сыйлап, нағыз театр әлеміне енгендей күй кештірді.
        

Семинар басталар алдында ҚМДРО әдіскері Сатыбалдиева Жазира Бескемпировна қатысушыларға сәттілік тілеп, өз жүрекжарды жылы лебізін білдіріп, игі бастамаға ақ жол тіледі.

Іс-шара барысында қонақтар жиналып, семинардың шымылдығын балабақша меңгерушісі Кожагельдиева Лязат Асылбековна өзінің жылы лебізі мен алғы сөзі арқылы ашты. Ол өз сөзінде мектепке дейінгі ұйымдағы театрдың маңыздылығына тоқталып, мұндай іс-шаралардың бала дамуына қосар үлесін атап өтті.

Одан кейін балабақша әдіскері Будашпаева Раушан Адаскановна «Балабақшадағы театр» тақырыбында баяндама жасап, ата-аналарды театрландырылған қойылымдарды дайындау мен өткізуге тартудың тиімді жолдарымен бөлісті. Бұл тәжірибе ата-ана мен бала арасындағы байланысты нығайтып, ортақ шығармашылық орта қалыптастыруға үлкен мүмкіндік беретіні айтылды.

Келесі кезекте сахна төрінде «Алтын сақа» атты қойылым ұсынылды. Мектепалды «Бәйтерек» тобының тәрбиеленушілері мен ата-аналар бірлесіп дайындаған бұл қойылым қонақтардың ерекше ықыласына бөленді. Қойылым барысында жағымсыз кейіпкер Алтын сақаны балалардан ұрлап кетеді. Алайда балалар тапқырлық танытып, жұмбақтарды шешіп, өз өнерлерін көрсетіп, ақырында Алтын сақаны қайтарып алады. Ертегі соңы жақсылықпен аяқталып, ізгілік пен бірліктің жеңісі айқын көрініс тапты.

Семинар аясында шеберлік сыныбы да ұйымдастырылып, «Жасанды интеллект арқылы кейіпкерлерді жаңғырту» тақырыбы қозғалды. Тәрбиеші Битюцкая Валентина Николаевна қатысушыларға арнайы телефон қосымшасын жүктеу жолдарын түсіндіріп, оны тиімді қолдану тәсілдерін көрсетті. Қонақтар үш топқа бөлініп, балалардың салған суреттерін осы қосымша арқылы жандандырып, заманауи технологияның мүмкіндіктеріне куә болды.

ҚМДРО әдіскері Сатыбалдиева Жазира Бескемпировна педагогтерге мазмұнды психологиялық тренинг өткізіп, театр элементтерін тиімді қолдану арқылы балалардың қызығушылығын арттыратын шығармашылық іс-әрекеттерді ұйымдастыру жолдарын жан-жақты түсіндіріп өтті.

Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, семинардан алған әсерлерімен бөлісті. Қонақтар мұндай мазмұнды шарадан көп тәжірибе жинақтағандарын айтып, балабақша ұжымына ризашылықтарын білдіріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.

Осындай тағылымы мол, мазмұнды іс-шараны жоғары деңгейде ұйымдастырған балабақша меңгерушісі Кожагельдиева Лязат Асылбековна, балабақша әдіскері Будашпаева Раушан Адаскановна, музыка жетекшісі Златков Ирина Леонидовна, тәрбиешілер мен барша балабақша ұжымына алғысымызды білдіре отырып, шығармашылық табыс, толағай жетістіктер тілейміз!

Алматы қаласы
Білім Айнасы
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *