Home » Новости » Бостандық ауданының өнері – биікте!

Бостандық ауданының өнері – биікте!

Алматы қаласы, Бостандық ауданына қарасты №72 бөбекжай-балабақшасының шығармашыл ұжымы тағы бір мәрте биік белесті бағындырды. Алматы қаласының мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтеріне арналған «Шексіз талант» VII қалалық шығармашылық фестивалінің аудандық кезеңінде «Хореография» номинациясы бойынша Бас жүлдені жеңіп алған ұжым, бүгін өткен қалалық “қорытынды кезеңде” жүлделі 1-орынға ие болды.

Бұл жеңіс – кездейсоқ жетістік емес. Артында үлкен дайындық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби шеберлік жатыр. Ұжымның әрбір мүшесі өзінің ісіне жанашырлықпен қарап, бір мақсатқа жұмыла еңбек етудің жарқын үлгісін көрсетті.

Балабақша меңгерушісі Жолдасбекова Айнура Тынышбековнаның қолдауымен ұжым әрдайым тың идеялармен, мазмұнды жобалармен танылып келеді. Басшының біліктілігі мен адами қарым-қатынасы – ұжымды ұйытып, бірлесе жұмыс істеуге шабыттандырып отыр.

Биді сахнаға дайындаған әдіскер Сартаева Несібелі Әбубәкірқызы бұл жолы тек ұйымдастырушы ғана емес, би қойылымының бел ортасында өнер көрсетіп, көпшілік көңілінен шықты. Би қимылдарына жан бітіріп, саз бен қимылды үйлестірген – музыка әрлеуші, талантты музыкант Рахымбердиева Айшолпан Муратбекқызы.

Сахналық қойылымға атсалысқан мамандар:

Логопед – Токаева Анар Геннадьевна,

Қазақ тілі пәні мұғалімі – Қамысбаева Жазира Амзебековна,

Тәрбиешілер – Нурсеитова Светлана Омировна, Нурмаханбетова Жазира Жумабаевна, Серикова Гульбану Сериковна, Манакбаева Жазира Тунгышбаевна – тәрбиеленушілермен күнделікті жұмыста шығармашылық көзқарас танытып, бидің сапалы шығуына үлкен үлес қосты.

№72 бөбекжай-балабақшасының ұжымы – бірлігі жарасқан, шығармашылық пен жаңашылдықты өмір салтына айналдырған нағыз ынтымақты ұжым. Мұндағы әрбір маман өз ісінің шебері, бала тәрбиесіне жүрек жылуын арнаған жандар.

Бұл жеңіс – тек бір балабақшаның емес, тұтас Бостандық ауданының ортақ мерейі. Аудан әкімдігі мен білім бөлімінің осындай бастамаларға қолдау білдіруі, балабақша ұжымдарының әлеуетін ашуға зор мүмкіндік беріп отыр.

Өнер мен тәрбиені ұштастырып, шәкірт жүрегіне жылу ұялата білген ұжымға шығармашылық табыс пен толағай жеңістер тілейміз!

Алматы қаласы, Бостандық ауданына 
№72 бөбекжай-балабақшасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*