Home » статьи » Мерейлі гимназия

Мерейлі гимназия

Набидоллаева Мейрамгүл Набидоллақызы
Шона Смаханұлы атындағы
№62 гимназия директоры

Ұлттың білімі мен біліктілік сапасын анықтайтын орта – мектеп. Жас ұрпаққа  білім мен тәрбиенің сарқылмас көзі  мектепте беріледі.  Алматы қаласындағы  сондай білім мен тәрбиенің бірегей ордасына айналған білім ордаларының  бірі – Шона Смаханұлы атындағы №62 гимназия. Гимназияның ашылуына ұйытқы болған – белгілі қаламгер, сатира сардары, қоғам қайраткері Шона Смаханұлы.

Биыл Шона Смаханұлының дүниеге келгеніне 100 жыл,  ал өзі ашылуына мұрындық болған білім ордасына 40 жыл толып отыр. Осы мерейлі мерекелерге орай 2024 жылдың 21 қарашасы күні гимназия қабырғасында әдеби-тарихи кеш өткізілді. Кешке арнайы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің және «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Әлиқызы Осман, Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері (2008). «Алтын жұлдыз» және «Отан орденінің» иегері. Қазақстан Республикасының Білім Беру ісінің Құрметті қызметкері Миразова Аякул Төреқызы және «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі»,  1994-1999 жылдары Алматы қаласы бойынша қалалық мәслихаттың депутаты Байгуттинов Серикжан Кадыралинович  шақырылды.

Сонымен қатар  білім ордасы ашылғаннан бастап  қызмет еткен ұстаздар мен басшылар  арнайы құрметті қонақтардың қатарынан көрінді. Олар – «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», 1991-1995 жылдар аралығында №62 мектеп директоры болып қызмет атқарған Назарбетов Қожахмет Тайболатұлы мен  «Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі», 1995-2021жылдар аралығында №62 гимназия директоры болған Бижанов Атығай Бүркітбайұлы.

Кеш қонақтарымен бірігіп қазақ мектептері мен қазақ тілінің жанашыры, сатира сардары Шона Смаханұлының 100 жылдық мерей тойына арналып ағаштар отырғызылды. Сонымен қатар гимназия ішінде Шона Смаханұлының атына арнайы мұражай ашылды. Сатира сардарының 100 жылдығына байланысты өткізілген шараларға оның ұрпақтары Жансерік Шонаұлы балаларымен бірге толық қатысып, әкесіне жасалған құрметке гимназия ұстаздарына, әкімшілігіне өз ризашылығын білдірді.

Гимназияның аз-кем тарихына, өткені мен бүгініне тоқталатын болсам, 1991  жылы 13  қыркүйекте  Қазақ  КСР  Министрлер  Кеңесінің  қаулысымен  №62  қазақ  орта  мектебіне  қазақ  әдебиетінің  майталман  ақыны, сатирик  Ш. Смаханұлының  есімі  берілді. Елі үшін жан аямай еңбек еткен, халқының келешегі үшін күресудің өзіндік үлгісін танытқан сатира сардарының  ғұмыры – көбімізге өмірлік өнеге.

Сатирик ақын мол әдеби мұра ғана емес, азамат ретінде елеулі із де қалдырғаны мәлім. Ол Қазақстан Жазушылар одағы жанындағы Мектеп кеңесінің төрағасы ретінде бүкіл республикамыздағы қазақ мектептерінің жағдайына айрықша назар аударып, Алматы қаласында қазақ мектептері мен балалар бақшаларының санын көбейту жолында жанын салды. 1980 жылдары еліміздің мәдени астанасында 1 ғана қазақ мектебі қалған еді. Шона Смаханұлы қалада 25 қазақ мектебiн ашуға атсалысқан. Оқушылар ана тiлiміз қазақ тілінде оқып, бiлiм ала бастады.

Осындай  қазақ  зиялылары мен  ержүрек  азаматтардың  арқасында  Алматыда  №12,  №86  қазақ  мектебінен  кейінгі  үшінші  №62  қазақ  орта  мектебі  өмірге  келді.  Содан  кейін  №125,  №123,  №137  қазақ  мектептері  ашылды.  Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену бар. Тарихы тереңде жатқан гимназиямыздан қоғам қайраткерлері де, білікті мектеп басшылары да, мамандар да шықты. Мектеп  алғаш  ашылғанда  18  мұғалім  дәріс  беріп,  17  оқушы  бітіріп  шыққан.

Алғашқы  мектеп  директоры  Қ.Р.  Білім  беру  ісінің  үздігі  Бақтығали   Өсербаев  кадр  таңдауда,  мектеп  базасында  білім  беру  ісін  жақсартуда  көп  еңбек  сіңірді.  Мектеп  жыл  сайын  өркендеп,  өсіп  жас  мамандармен  толығып   отырды.  Осы  жылдар  аралығында  мектепте У.С.Байсақалова, В.Қ.Нұрмағанбетова, М.Төлендиев, Ә.Ж.Әлжаппаров Қ.Т.Назарбетов, А.Б.Бижанов сияқты  азаматтар  басшылық  жасап,  іргетасының  берік  болуына  өз  үлестерін  қосты.

Мамандар  даярлап  қана  қоймай,  оқушылардың  білім  сапасын  арттырудағы  нәтижелі  еңбектен  1999  жылы  20  сәуірде  араб,  ағылшын,  француз  тілдерін  тереңдетіп  оқытатын  арнайы  мектеп  мәртебесіне  ие  болса,  Алматы  қалалық  әкімшілігінің  2001  жылғы   29  тамызда  2/151  қаулысына  сәйкес  «Лингвистикалық   гимназия»  мәртебесін  алды.  2008  жылдан  бері  «Гимназия»  деп  аталуда.

2014 жылы Шона Смаханұлының 90 жылдығына және гимназияның 30 жылдық мерейтойынан естелік ретінде «Гимназия тарихы тереңде» атты кітап мұражайға қойылды.

Ал  2014 жылдан 2024 жылдар аралығындағы 10 жылдық гимназия тарихына тоқталсам, Алтын белгі иегерлер саны – 45 оқушы. Жыл сайын гимназия түлектерінің 75-80% мемлекеттік грант иегері атанды. Халықаралық ғылыми жоба  жеңімпаздары – 11 оқушы. Республикалық ғылыми жобалар жеңімпазы – 8 оқушы. Қалалық ғылыми жобалар жеңімпазы – 44 оқушы. Мыңнан аса оқушы халықаралық, республикалық интеллектуалды конкурстар мен байқаулардың жеңімпаздары. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада жүлдегерлер саны – 7 оқушы. Жалпы білім беретін пәндер бойынша қалалық олимпиада жүлдегерлер саны – 37 оқушы. Республикалық, қалалық  байқаулар мен конкурстардың жеңімпаздары –103 оқушы. Республикалық, қалалық оқулардың  («Абай оқулары», “Мұқағали оқулары”,  “Махамбет оқулары”, “Мағжан оқулары”, «Қадыр» оқулары және т.б.) жеңімпаздар саны – 61. Мыңнан аса оқушы Халықаралық  өнер «Нарқыз» бишілер,  «Мұрагер» домбырашылар ансамблі, спорт жарыстары  теннис, шахмат, футбол, волейбол және баскетбол ойындарының жеңімпаздары атанды.

Сонымен қатар соңғы 5 жыл қатарынан гимназияның «Наргиз» би ансамблі үздік хореограф Мира Айдынқызының жетекшілігімен «Ақ Шағала» және «Бозторғай» халықаралық және республикалық хореографиялық фестиваліне қатысып, жүлделі орындарға ие болып келеді.

2021 жылдан бастап жанбасына шаққандағы қаржыландыру басталғаннан бері гимназияның жыл сайын материалдық-техникалық базасы нығайып келеді.

2022 жылдан бастап өткізіліп келе жатқан 1маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Алматы қаласы Білім басқармасыны жанындағы  «Алматы дарыны» дарынды балалар мен талантты жастарды анықтау және қолдау жөніндегі орталықтың ұйымдастыруымен өткізілетін «BALAFEST»  фестиваліне гимназия оқушылары қатысып, жүлделі орындарға иеленіп келеді.

2022 жылы Білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі қорытындылары бойынша жоғары нәтиже көрсетіп, білім беру саласында сапаны қамтамасыз ету коммитетінің дипломымен марапатталды.

Алматы қаласы білім басқармасының ұйымдастыруымен өткізілген «Педагогтер» байқауы мен конкурстардың 24 жеңімпаздары шықты.

2020-2021 оқу жылында қашықтықтан оқыту кезінде гимназиямыздың 20-дан  аса ұстаздары қалалық білім басқармасының ұйымдастырылуымен жүргізілген республикалық телесабақтар мен бейнесабақтарда өз үлестерін қоса алды.

2020 жылы Қазақстан Республикасының Конститутциясының 25 жылдығына орай мемлекеттік мерекелік награда және 2021 жылы «Халық алғысы» төсбелгісімен тарих пәні мұғалімі Ж.К.Кирбаева мараптталды.

2022 жылы Астана қаласында «Ұстаздар күні» мерекесіне орай Атырау көпірінде «Ризамыз ұстазға» атты республика ұстаздарының фотокөрмесінде гимназиямыздың ұстаздары Г.Рыскелдиева мен Ж.Кирбаеваның суреттері қойылды.

2024 жылы  «Ұстаздар күніне» орай гимназияның үздік педагогі Г.Д.Рыскелдиеваға аса үлкен құрмет көрсетіліп,  суреті Алматы қаласы Абылай хан Райымбек көшесіндегі билбордқа қойылды.

2024-2025 оқу жылында гимназияның үш мұғалімі: Г.Рыскелдиева, З.Бекетова  мен Ұ.Ережепова Қазақстан Республикасы оқу-ағарту министрлігінің Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталды.

№62 гимназия 1983-1984 оқу жылында алғашқы қазақ мектептерінің бірі болып ашылып, қаншама түлектің қанатын қатайтып, білім нәрімен сусындатып, тарих көшіндегі тамыры тереңдей түсті.

Бұл гимназия – әр жылы сырлы шежіреге толы, әр ұстаздың еңбек жолы ұрпаққа өнеге, әр  мектеп түлегінің ұлттық рухы бекем, әр шәкірті білім биіктерінде көрініп  жүрген  білім  шаңырағы.

Бұл гимназия – әр жылы сырлы шежіреге толы, әр ұстаздың еңбек жолы ұрпаққа өнеге, әр  мектеп түлегінің ұлттық рухы бекем, әр шәкірті білім биіктерінде көрініп  жүрген  білім  шаңырағы. Кеш өткен істерді таразылап, аға ұрпақтың тәліміне тағзым ететін күн ретінде тарих парақтарының бетіне жазылатыны сөзсіз. Гимназиямыздың бағындырар асулары көбейіп, Шона Смаханұлы сынды тұлғалардың атын асқақтатып, мерейі үстем бола берсін!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*