Home » статьи » Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамытудың маңызы

Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамытудың маңызы

 
Балабекова Жанат Усеновна
Астана қаласы әкімдігінің
«№64 «Асыл бөбек» арнайы  балабақшасы» КММ-
нің
тәрбиешісі, педагог-сарапшы

Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамытудың маңызы                               Қоғамды әлеуметтендірудің күрделі және алуан түрлі процесінде қарым -қатынас маңызды рөл атқарады. Сөйлеу -адам өмірінің ең басты қажеттіліктерінің бірі. Алғашқы сөйлеу функцияларының бірі -сөйлеудің қарым -қатынас функциясы. Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын  дамытуға және қалыптастыруға, өзі қатарлас балалармен дұрыс қарым -қатынас жасауға, ересектермен байланыс орнатуға ықпал етіп, бірлескен іс -әрекетке, ойынға мүмкіндік береді. Бұл балалардың күнделікті өмірде, оқуда және басқа да іс -әрекеттерде жағымды мінез -құлықты дамыту үшін, сондай -ақ, эмоционалды -ерікті саланы және жалпы баланың жеке басын қалыптастыру үшін үлкен маңызға ие.

Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту – маңызды әрі күрделі педагогикалық процесс болып табылады.  Ал, мектеп жасына дейінгі балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту және қалыптастыру уақыт пен еңбек талап етеді.  Бұл балалардың айнала қоршаған ортада өздерін еркін сезініп, қарым -қатынас жасап, өзін танытуы үшін ерекше маңызға ие. Соңғы жылдары мектеп жасына дейінгі балалардың сөйлеу қарым -қатынасы, таным қабілеттерінің даму проблемасы ғалымдардың теориялық және практикалық зерттеулерінің, арнайы зерттеу тақырыбына айналды. Себебі, балалардың сөйлеу қабілетінің бұзылыстарының күн санап артуымен сипатталады.

Мектеп жасына дейінгі балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту -баланың білім алу мен әлеуметтік ортаға бейімделуінің көрсеткіші ғана емес, сонымен қатар психоәлеуметтік дамуының да көрсеткіші болып табылады. Баланың тілінің дамуындағы кемшіліктер ерте жасынан байқалып, қарым -қатынастың  түрлі қиындықтарына тап болады. Оның себептері әртүрлі факторларға байланысты болуы мүмкін. Олар: генетикадық, экологиялық, психологиялық және әлеуметтік себептер.

Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынасы олардың өз ортасында ойын жеткізе алмауынан, қарым -қатынаста шектелуінен байқалып, эмоционалды және әлеуметтік бейімделуіне кері әсерін тигізеді. Мұндай балалар қоғамда өзін тұйық ұстап, өзіне сенімділігі төмен болып, басқа балалармен қарым -қатынас жасауда қиындыққа кездеседі. Сондықтан осы балалардың қарым -қатынас дағдыларын қалыптастыру -күнделікті өмірдегі қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін ғана емес, олардың әлеуметке бейімделуіне және тұлғалық дамуына үлкен септігін тигізеді.

Мектепке дейінгі жастағы сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуі тиіс. Бұл балалардың жас және психологиялық ерекшеліктеріне сай әзірленген бағдарламалар мен педагогикалық әдіс -тәсілдер, ұйымдастырылған іс -әрекеттер, ойын жаттығулар, дамытушы ойындар, тіл дамыту ойындары, логикалық жаттығулар  т.б. қамтиды.  Жұмыс барысында  балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту үшін төмендегідей жұмыстарды  жүзеге асырдық.

  1. Баланың дыбыстарды дұрыс айтуына көңіл бөлу. Дыбыстарды дұрыс

айту есту қабілетімен тығыз байланысты. Бұл жұмысты мектепке дейінгі ұйымның логопед маманымен бірге жүзеге асырып, баланың артикуляциясы мен фонематикалық естуін дамытуды тиімді  жүргіздік. Баланың сөздерді дұрыс естіп қабылдауы – сөз ішіндегі дыбыстарды дұрыс айтуына, тілінің дамуына оң ықпал етеді.

  1. Балаларды диалогты қарым -қатынасқа үйрету. Сөйлеу қабілеті

бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту үшін баланың сөздік қорын молайтып, жаңа сөздер мен сөз тіркестерін үйретіп, оларды қалай қолдану дағдыларын меңгерте отырып, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруды көздедік. Ол үшін әр баламен жеке жұмыстар жүргізіп, баланың қабілетіне сай ойындар мен жаттығулар іріктеп алдық. Сонымен қатар,  ойындарды баланың қарым -қатынасына бағыттап өзара диалогқа құрылған сюжеттік -рөлді ойындар  «Емхана», «Шаштараз»,  «Дүкен», «Аурухана», «Автобус» т.б. ойнады.

  1. Балаларға әлеуметтік қарым -қатынас дағдыларын меңгерту. Баланың

өзін қоршаған ортадағы адамдармен, басқа балалармен, ата -аналармен, тәрбиешілермен қарым -қатынасын ұйымдастырудың маңызы зор. Осы тұрғыда топтық жаттығулар, шағын топпен жұптық жұмыс, интерактивті әдістер тиімді болды. Топтық жаттығулар барысында балалар өз ойлары мен сезімін жеткізіп айтып, басқа балалармен байланыс орнатып,  өзара түсіністік пен ынтымақтастық орнатты. Бұл әр бала үшін қарым -қатынастағы өте маңызды дағдылар.

  1. Балалардың тілдік және вербалды емес құралдарды түсінуі. Бұл сөйлеу

қабілеті бұзылған балалардың адамның бет -әлпетін, мимикасын, интонацияны түсінуімен сипатталады. Осы орайда, балалармен ертегілерді сахналау, кейіпкерлердің образына сай дауыс ырғағы мен мәнерлі сөйлеу, мимикамен көрсетудің маңызы зор. Балалар өздеріне таныс ертегі кейіпкерлерін сомдап, вербалды емес қарым -қатынас жасады. Балалардың сөйлеу тілінің дамуына мұндай қарым -қатынастар аса қажеттігі тәжірибеде байқалды.

Мектеп жасына дейінгі сөйлеу қабілеті бұзылған балаларды тәрбиелеу мен оқытуда тәрбиешілермен қатар логопедтер мен психологтар да айрықша рөл атқарады. Баланың тілінің дамуы, қарым -қатынасының кеңейіп, тілдік ортасының молаюы арқылы оның әлеуметтік және психологиялық ахуалы да жақсара түседі. Сөйлеу патологиясының ерекшеліктерін ескере отырып, балалармен түзету -дамыту жұмыстарын жүргізіп, эмоциялық жай -күйін тұрақтандыру негізінде балалардың қарым -қатынас дағдылары жетіліп дамиды.

Баланың жас шамасына сәйкес когнитивтік белсенділік пен құзыреттілікті дамытып, сөйлеу арқылы байланыс орнатуға деген қажеттіліктің дамуына жол ашады. Бұл өз кезегінде, баланың өз еркімен сөйлеуіне яғни емін -еркін қарым -қатынас жасауына негіз болады.

Сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту -кешенді жүргізуді қажет ететін процесс. Зерттеу жұмысын жүзеге асыруда бірнеше әдістерді пайдаландық.  Олар: ойын әдісі, әлеуметтік дағдыларды дамыту, қарапайым және нақты сөйлеу үлгілерін пайдалану. Енді осы әдістердің әрқайсысына жеке тоқталып өтейік.

Ойын -бұл балалар үшін ең маңызды тәрбие құралы. Ойын арқылы бала қоршаған әлеммен танысады, тілдік құрылымдарды меңгереді, өз сезімдері мен ойларын жеткізіп айтады. Бала ойнай отырып, тылсым дүниенің сырларымен танысады, ойынның мазмұнына байланысты жаңа сөздер мен сөйлемдердің мағынасын түсінеді. Осылайша, баланың қарым -қатынас дағдылары кеңейеді, байланыстырып сөйлеуге үйренеді.

Мектеп жасына дейінгі сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынастарын дамытуда әлеуметтік дағдыларды игерудің өзіндік ерекшеліктері бар.  Баланың қарым -қатынас дағдыларын дамыту үшін оның әлеуметтік  ортадағы өзара әрекеттесуіне жағдай туғызу қажет. Бала әлеуметтік ортамен тығыз байланыс жасап, құрдастарымен және ересектермен қарым -қатынас орнату арқылы өзінің  тілдік мүмкіндіктерін іске асырады. Күнделікті өмірде, ойын кезінде, еңбек әрекетіндегі т.б. баланың қарым -қатынасы осы жайттың көрінісі болып табылады.

Сөйлеу қабілеті бұзылған балалармен қарапайым және нақты сөйлеу үлгілерін пайдалану -баланың сөздерді анық әрі таза айтуының негізі. Балабақшада балалармен жұмыс жасағанда, баламен сөйлескенде ересектердің сөздері қарапайым және нақты болуы шарт. Өйткені балаға таныс емес сөздер оның сөйлеуін қиындатып, қызығушылығын шектейді. Сондықтан, балаларды жаңа сөздермен таныстырып,  сөйлеу, сөйлем құрап айтуға үйретуде ескіден жаңаға қарай яғни бірізділік принципін сақтаған жөн. Баланың сөздік қорын молайта отырып, сөйлеуге ынтасын арттырып, қарым -қатынас жасау дағдыларын  дамыту қажет.

Мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу қабілетінің дамуы -олардың өмір сүру сапасын жақсартып ғана қоймай, өзін -өзі бағалауын арттырып, болашақта білім алуына, еңбекке араласып, жеке қарым -қатынастарына да оң әсерін тигізді. Баланың қарым -қатынас дағдыларын дамытуда эмоционалдық, тактильдік және вербалды байланыс орнатуды, сөйлеуді түсінуді дамыту мен оны белсенді (экспрессивті) сөйлеуге айналдыруды тәжірибеде жиі қолдандық.

Балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту үшін қолайлы, жағымды пәндік -дамытушы ортаның рөлі зор.  Баланың дамытушы ортасы мен күн тәртібінің дұрыс ұйымдастырылуы -оның жан -жақты дамуына мүмкіндік береді. Осы орайда, балаға ыңғайлы ортаны төмендегідей қарастырдық.

  • Баланың күн тәртібін нақты жоспарлау, сақтау;
  • Балаға тұрақты әрі жылы қарым -қатынас жасау;
  • Баланың тілін дамытатын іс -әрекеттерге тарту;
  • Арнайы жасалған коммуникативтік дағдыларды іске асыру;
  • Баланың сөйлеуге ынтасын арттыратын әрекеттерге бағыттау;
  • Музыкалық, қозғалысты, музыкалық -ритмдік ойындар ойнату;
  • Нейрожаттығулар мен ұсақ қол моторикасын дамытатын ойын

жаттығулар арқылы қарым -қатынас дағдыларын дамытуға болады.

Қорыта келе, сөйлеу қабілеті адам өмірінің барлық салаларында маңызды рөл атқарады. Адам сөйлеу арқылы сыртқы ортамен байланыс жасап, өз ойларын айтып, сезімдерін жеткізіп, қоршаған ортамен қарым -қатынас орнатады. Демек, сөйлеу қабілеті бұзылған балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту мәселесі өзекті болып қала бермек. Мұндай өзекті мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырып, баланы дамытудың жаңаша бағытын тәжірибеге енгізіп, мектеп жасына  дейінгі балалардың қарым -қатынас дағдыларын дамыту -тәрбиеші -педагогтердің қазіргі және алдағы уақыттағы атқарар жұмысының маңыздылығымен сипатталады.

 

Пайдаланылған әдебиеттер

  1. Мустафина З.К, Торемуратова В.С, Маметекова А.С, Быстрова С.С. Сөйлеудің даму негіздері: Оқу құралы/ Нұр-Сұлтан: «Кәсіпқор» Холдингі» коммерциялық емес акционерлік қоғамы, 2019 ж
  2. ШилденоваТ.Қ. «Логопедтік түзету жұмыстарындағы фонетикалық-фонематикалық бұзылыстарын түзетуге және қимыл-қозғалысын дамытуға арналған ойындар»:(мектепке дейінгі мекемелерінің жас логопедтеріне және тәрбиешілеріне арналған әдістемелік көмекші құрал). -Атырау, 2014.- 98 б.
  3. Дуева Т. И., Суворова Е. Н. Интегрированные занятия для детей с нарушениями речи //«Логопед». № 8, 2010, с. 6.
  4. Войлокова Е. Ф, Московская С. М. Принципы построения коррекционно-развивающей среды в ДОУ для детей с тяжелыми нарушениями речи (из опыта работы). //«Логопед в детском саду» № 4(7), 2005, с. 15.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*