Home » статьи » Шексіз талант иелері: №154 бөбекжай-балабақшасының ұжымы қалалық байқауда гран-при иегері атанды

Шексіз талант иелері: №154 бөбекжай-балабақшасының ұжымы қалалық байқауда гран-при иегері атанды

Алматы қаласындағы мектепке дейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің шығармашылығын насихаттап, таланттарын ұштауға арналған «Шексіз талант» VII қалалық шығармашылық фестивалі өз мәресіне жетті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын бұл өнер додасы – педагогтердің кәсіби шеберлігін дамытып, олардың өнерге деген сүйіспеншілігін паш етуге бағытталған ерекше алаң.

Фестивальдің биылғы ерекшелігі – қатысушылардың жан-жақты дайындықпен келіп, өз кәсіби шеберліктерін жаңа қырынан таныта білуінде. Аталмыш байқаудың аудандық кезеңінде «Аспаптық музыка» номинациясы бойынша үздік өнер көрсетіп, Бас жүлдені еншілеген Әуезов ауданына қарасты №154 бөбекжай-балабақшасының ұжымы, бүгін өткен қалалық қорытынды кезеңде де көптің көңілінен шығып, Гран-при иегері атанды. Бұл – үлкен жетістік, ортақ жеңіс.

Өнер көрсеткен шығармашылық ұжым мүшелері: Жаилганова Гүлжамал Калибековна, Досалиева Ботагөз Нұрланқызы, Тілеуқұл Темірлан Қазалиұлы, Искакова Индира Тургазиновна, Сарбасова Сауле Жолдыбаевна, Мұқатайқызы Гаухар және әдіскер Қалыкова Елена Разақбаевна. Олар өзара үйлесімділік пен жоғары деңгейдегі кәсіби дайындықтың арқасында көрермендер мен қазылар алқасының ыстық ықыласына бөленді.

Бұл жеңіс, ең алдымен, ұжымның берекелі бірлігінің, жауапкершілігінің және өнерге деген шынайы махаббатының айқын көрінісі. Музыкалық аспаптар арқылы орындалған композициялар педагогтердің тек білім мен тәрбие саласында ғана емес, шығармашылық бағытта да биік белестерді бағындыра алатынын дәлелдеді.

Әрбір қатысушының өнері жеке дара ерекшеленіп тұрғанымен, барлығы ортақ мақсатқа жұмыла еңбек етіп, сахна төрінде біртұтас ансамбль ретінде көрінді. Бұл – педагогикалық ұжымның үйлесімді жұмысы мен жоғары мәдениетінің дәлелі.

Ұжымның шығармашылық жетекшісі әрі әдіскер Елена Разақбаевна Калыкова да фестивальге тыңғылықты дайындық жүргізіп, әр қатысушының мүмкіндігін толық ашуға үлес қосты. Ол үшін бұл жеңіс – ұзақ уақыттық еңбектің нәтижесі мен ұжымға деген сенімнің ақталған сәті.

«Шексіз талант» фестивалі №154 бөбекжай-балабақшасының ұжымына шығармашылық шабыт сыйлап қана қоймай, олардың кәсіби әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай байқаулар педагогтердің өнерге деген құлшынысын арттырып қана қоймай, мектепке дейінгі білім беру саласындағы жаңашылдық пен ізденістің артуына да үлкен серпін беретіні сөзсіз.

Ұжымға алдағы уақытта да биік белестер мен шығармашылық табыстар тілейміз. Олар секілді өнерлі, ізденімпаз педагогтер барда бүлдіршіндерге берілетін тәлім де, тәрбие де, өнер де өз биігінен көріне беретіні анық.

Алматы қаласы, Әуезов ауданы
№154 бөбекжай-балабақшасы
Абдыкалыкова Майгүл Ерқасымқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*