Home » Новости » «Мектебім, саған мың алғыс!» атты соңғы қоңырау салтанаты

«Мектебім, саған мың алғыс!» атты соңғы қоңырау салтанаты

Әбдіманап Дана Қанатқызы,
Алматы қаласы

ШЖҚ “М.Мақатаев атындағы №140 гимназия” МКК-де 24 мамыр күні  2025 жылдың түлектері үшін  «Мектебім, саған мың алғыс!» атты соңғы қоңырау салтанаты өтті. Бұл – әрбір түлек үшін мектеппен қоштасудың, үлкен өмірге қадам басудың нышаны. Гүлмен, шармен, түрлі түсті банермен безендірілген мектеп алаңында  11-сынып оқушылары сынып жетекшілерімен, ата-аналарымен  бірге ерекше толқыныспен сап түзеді. Соңғы қоңырау мерекесі өзіндік сән-салтанатымен, мазмұнды бағдарламасымен, жылылық пен шынайы сезімге толы атмосферасымен ерекшеленді.
        

Салтанатты жиынды гимназия директоры Сәния Өскенбайқызы жылы лебізімен ашты, түлектерге сәт сапар тіледі. Білім мен тәрбиенің сара жолынан өткен шәкірттердің болашағына зор сенім артатынын жеткізді.
Шараға «AMANAT» партиясы Бостандық аудандық филиалының төрағасы Сәбен Тынышқали Төреғалиұлы арнайы құттықтап келіп, ұстаздар мен ата-аналарға Алғыс хат табыстады.

   

Белгілі әнші Әзімбек Байлин  де сөз кезегін алып,  түлектерді құттықтап, ән шашу арнады.   Бұдан  кейін сөз алған оқушылар жүрекжарды тілектерін, естеліктерін мен арман-мақсаттарын айтып, жарыса өлең оқып, ән шырқады.
       

Биылғы жылы №140 гимназиядан 157 түлек үлкен өмірге жолдама алып отыр. Шара барысында сынып жетекшілері Сымбат Спандиярқызы, Еркеназ Сәкенқызы, Сауле Амангелдіқызы, Венера Уәлиқызы және Назгүл Бақтиярқызы да ақ тілектерін айтып, түлектерге арнап ән айтты.
   

Мерекенің шарықтау шегі – соңғы қоңыраудың соғылуы. Бұл сәт – әрбір түлек үшін мектеп өмірінің аяқталғанын білдіретін ерекше мезет. Сыңғырлаған қоңырау үнімен бірге олар өмірдің жаңа белесіне аттанды. Шара соңында 11-сынып оқушылары мектеппен қоштасу вальсін биледі. Бұл көрініс тіпті әсерлі болғаны соншалық көпшіліктің көңілі босап, балдай тәтті балалық шақтарын еске алды.

Түлектер кеші төрінде,
Түйдек жыр тұнды көңілде.
Перзентім деп баптаған,
Мың алғыс туған еліме.

Ең алғаш әріп жаттаған,
Сәттерді жанға сақтағам.
Мектебім, саған мың алғыс,
Біліммен ғажап баптаған.

Қызғыштай әркез қорғаған,
Жылуынан тоңбағам
Ата-анама разымын,
Қорғап, әркез қолдаған.

Еңбегі бар -жыр, аңыз.
Тәлімін әркез ұғамыз.
Гимназияның жүрегі,
Әкімшілікке мың алғыс!

Нәр алып жаным шабыттан,
Біліммен тұңғыш қаныққам.
Ұстаздарға мың алғыс,
Ең алғаш әріп танытқан.

Жалыны мықты ұшқыннан,
Пейілі — кең, ұшқыр жан.
Ұстаздарға мың тағзым,
Әр пәннің сырын ұқтырған.

Біздерге әркез сенетін,
Біз үшін жанын беретін.
Сынып жетекшіге бас ием,
Ерекше жақсы көретін.

Дос, құрбы деп күлімдер,
Достарым, аман жүріңдер!
Адам атқа лайық,
Абыройлы өмір сүріңдер!

9.11 жыл бойы баулып, өнер, еңбекке,
Бізді үйреткен қиындықты жеңбекке.

Балдай тәтті балалықтың мекені,
Бәрі үшін алғыс айтам мектепке! – деп, жарыса жыр оқып, гимназия ұжымына алғыс білдірді.

2025 жылдың түлектері – цифрлы дәуірдің, жаһандық жаңғырудың куәсі болған ұрпақ. Олар үшін бүгінгі қоштасу – тек мектеппен емес, балалық шақпен, парта мен қоңырау үнінің қимас сәттерімен қоштасу. Алда – жаңа белестер, жауапкершілігі мол үлкен өмір тұр.

Мектеп ұжымы түлектердің әрқайсысына сенім артып, ақ жол тіледі. “Елінің үміті, болашақтың иесі” атанған түлектердің алдағы өмір жолы жарқын болсын деген тілек білдіреміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*