«Адам жанын түсіне білу, оны зерттей білу – үлкен өнер» З. Фрейд
«Мен бір жұмбақ адаммын, оны да ойла» – деп Ұлы Абай атамыз айтқандай, әрбір тұлға – жұмбақ. Сол жұмбақтың кілтін тауып, жүрек кілтін аша білу, әрбір жүректің құпия сырын оқи білу – мен таңдаған мамандықтың ғажайып тылсым сыры.
Мен психологпын! Мұны мақтанышпен айта аламын, себебі бұл – менің жүрек қалауыммен таңдап, бар ынтаммен жұмыс істеп жүрген сүйікті мамандығым. Адам баласы туылғаннан бастап өмірге икемделумен қатар оның болмысы, мінезі белгілі бір мамандыққа сәйкес қалыптасады. Мен де бала кезімнен психолог болуға бейім болдым.
Бала күннен басталған қызығушылық
Көп балалы отбасында өскендіктен, біздің үйіміз үнемі қонақтарға толы болатын. Алты жасымнан бастап адамдардың қарым-қатынасын ажыратып, түсінуге талпынып, үлкендермен сөйлесіп, олардың көңіл-күйлері мен армандарын білгім келетін. Әсіресе, жасы үлкен апалар мен аталарға су құйып, батасын алып, сұрақ қойып, олардың әңгімелеріне қызығушылық танытатынмын.
Ата-анамның кәсібі де менің тұлға болып қалыптасуыма үлкен әсер етті. Әкем – комбайыншы, анам – сауыншы. Олармен әңгімелесу арқылы адамдардың өмірлік тәжірибесін тыңдап, мінез-құлықтарын талдауға деген қабілетім нығая түсті. «Баланың бас ұстазы – ата-анасы» дегендей, менің дұрыс бағыт алуымда олардың ықпалы зор болды.
Ұстаздан шабыт
Мектептегі ұстаздарым да менің мамандық таңдауымда маңызды рөл атқарды. Орта буынға өткенде, жаңа сынып жетекшіміз өте мейірімді әрі барлық оқушының жан дүниесін түсіне білетін ұстаз болды. Оның тәрбиесі мен үшін үлгі еді. Мен де осындай мейірімді, бала жанының сырын түсінетін ұстаз болғым келді. Сол кездерде психолог мамандығы туралы білмесем де, сынып жетекшіміздің психологиялық тұрғыдан мықты жұмыс жасағанын кейін түсіндім.
Жоғары білімге апарар жол
Мектеп бітірген соң, қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша педагогикалық колледжге түстім. Бұл кезеңде психология пәнін тереңірек оқып, оған деген қызығушылығым одан әрі арта түсті. Практика кезінде оқушылармен жұмыс істей отырып, олардың көңіл-күйін бақылап, психологиялық жай-күйін түсінуге ерекше мән бердім. Осы сәтте менің психолог болуға деген нақты шешімім қалыптасты.
Колледжді аяқтаған соң, жоғары білімімді психология мамандығы бойынша жалғастыруға бел будым. Бұл менің көптен күткен арманым еді. Ақырында психолог маманы ретінде өз қызметімді бастадым.
Қызметтегі алғашқы жетістіктер
Мектептегі психолог қызметімде түрлі қиын әрі қызықты жағдайлармен бетпе-бет келдім. Есте қалған алғашқы жетістіктерімнің бірі – ажырасудың алдында тұрған ата-ана мен олардың баласының психологиялық ахуалын реттеу болды. Бір айлық жұмыс нәтижесінде отбасы бүтін қалды. Бұл менің кәсіби өмірімдегі үлкен жеңісім еді.
Кейінгі жылдары да түрлі отбасылық және оқушылар арасындағы келеңсіздіктерді шешуде өз білімім мен біліктілігімді қолдандым. Қанша шаршасам да, ертеңіне жаңа қарқынмен жұмысымды жалғастыра бердім. Нәтижелерін көрген сайын, мамандығымның маңыздылығына деген сенімім нығая түсті.
Менің мамандығым – менің бойтұмарым
Бүгінде мен мектепте оқушыларға, әріптестеріме психолог ретінде көмек көрсетемін. Отбасымда балаларыма – ардақты ана, жарыма – аяулы жармын. Мен үшін мамандығым тек жұмыс емес, өмірімнің маңызды бөлігі, шабытымның қайнар көзі.
Менің күнделікті өмірлік ұраным: «Мен сыр кітабымын, жазамын ол менің ішімде. Ал өзімде Абай айтқан ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек бар. Менің мамандығым – бойтұмарым!»
Көкшетау қаласы
Кенжина Айнаш Бурумбаевна
Керемет! Жантану әлемі мықты мамандық, әр адамның көңіліне жылу, сенімділік, өзін тануды сыйлайды🔥🔥🔥