Home » Новости » Еңбегімен ел таныған

Еңбегімен ел таныған

Алматы қаласы, Бостандық ауданы, №183 жалпы білім беретін мектебінде
“Біртұтас тәрбие” бағдарламасының аясында «Еңбегімен ел таныған» тақырыбында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Дарын сыйлығының
лауреаты, актер Бекжан Тұрыспен кездесу кеші өтті.

Жиынның ашылу салтанатында
№183 жалпы білім беретін мектептің директоры
Ғабидолла Қабдылзиятұлы
ұжым атынан Бекжан Тұрыс мырзаға жылы лебізін білдірді.

Кездесу барысында Бекжан Тұрыстың өміржолы таныстырылды. Мұнан соң актердың өзі сөз алып, шығармашылық жолына келуі туралы, өмір жайлы әңгімелер шертті. Жастарға арнап жалынды жырларын оқып, тыңдармандарының ыстық ықыласына бөленді.

Келесі бөлімде оқырмандар тарапынан сауалдар қойылып, кеш сыр-сұхбатқа ұласты. «Адам баласының өміріндегі ең тәтті кезеңі – балалық шағы ғой. Балалық дәуреніңіз қалай өтті?», «Бала кезіңізде кітапқұмар болдыңыз ба?», «Оқушы болғанда қандай пәнді сүйіп оқыдыңыз?»,«Қазақтың ұлы жазушыларынан, ақындарынан кімді үлгі тұтасыз?», «Алдар көсенің дауысын дыбыстап беріңіз» деген сауалдарға ықыластана жауап қайырды.

— Актер, жалпы өнер адамы санасында саңылау болса, күнделікті ой үстінде жүреді. Мен театр сахнасындағы кейіпкерлерімнің бейнесінде, телебағдарламаларда көңілді көрінгенмен, көп ойланып жүретін адаммын. Шынайы өнер тереңнен тартады. Берілген образды сахнаға алып шыға салып, қойылым біткесін басқа адамға айналып кете барсам, ненің баяны болмақ? Өмірге де, өнерге де пайым мен зерде керек. Келер ұрпақ алдында арым таза болуы маңызды. – деді өз сөзінде Бекжан Тұрыс.
Сондай-ақ өзінің 60 жылдық мерейтойына да ауқымды дүние жасау ойында бар екенін жеткізді.

Кеш соңында Бостандық аудандық білім бөлімінің басшысы Қасымбек Айгүл Жұмабекқызы сөз алды.
— Атақты Наполеон Бонапарт: «Әлемді билейтін – сөз, сөзді билейтін – ақын» деген екен. Қазақ халқы да ақындарын, жазушыларын, өнер адамдарын құрмет тұтқан. Біздің мақсатымыз – оқушыларды әдебиетті сүюге баулу. М.Әуезов «Әдебиетті сүйген бала мәдениетті бала» деген ғой. Шәкірттерге өнер иелерін, театр саңлақтарын таныстыра отырып, олардың таным-білім көкжиегін кеңейтсек, біздің мақсатымыздың орындалғаны» , — дейді
Айгүл Жұмабекқызы.

Жылы жүзді, дархан жүректі адамның ғибратты әңгімесінен қатысушылар ерекше әсер алды. Бұл кездесу кеші оқушылардың есінде сақталары анық.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Аманқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*