Алматы қаласы, Медеу ауданы №100 жалпы білім беретін мектебі мен С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасы бірлесе отырып “Оқуға құштар мектеп” жобасы аясында Ұлы Жеңіске 80 жыл толуына орай аудандық сурет және шығарма байқауын ұйымдастырды. Бұл іс-шара өскелең ұрпақтың тарихқа деген қызығушылығын арттырып, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға бағытталған.
Байқаудың басты мақсаты – жас ұрпақты тарихи сананы қалыптастыруға ынталандыру, олардың патриоттық сезімін ояту және шығармашылық қабілеттерін шыңдау. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына арналған бұл байқау балалардың соғыс туралы білімдерін кеңейтіп, ардагерлер ерлігіне құрмет көрсетуіне мүмкіндік берді. Сонымен қатар, іс-шара жас дарындардың өз ойларын бейнелеу өнері мен әдеби шығармалар арқылы жеткізуіне жол ашты.
Байқауға 6-11 сынып оқушылары қатысып, екі номинация бойынша бақ сынады: сурет және әдеби шығарма. Сурет номинациясында қатысушылар соғыс тақырыбында салған жұмыстарын ұсынды. Олардың еңбектерінде майдандағы жауынгерлердің батылдығы, тылдағы еңбектің маңызы, бейбітшілікті сақтау идеялары көрініс тапты. Әдеби шығарма байқауына қатысушылар өз шығармаларында ардагерлердің ерлігі, соғыс жылдарындағы халықтың бірлігі мен қайсарлығы туралы ойларын баяндады.
Оқушылардың шығармалары жан-жақтылығымен ерекшеленді. Кейбір шығармаларда соғыс жылдарында ата-әжелерінің басынан кешкен оқиғалары баяндалса, енді бірінде ел басына күн туған шақтағы батырлардың ерлігі арқау болды. Байқауға ұсынылған еңбектерден оқушылардың Ұлы Жеңіс туралы түсінігінің тереңдігі мен оны сезіну деңгейінің жоғары екенін байқауға болады.
Байқаудың жеңімпаздарын анықтауға өнер және әдебиет саласының мамандары шақырылды.
Қазылар алқа мүшелері:
1) Шаяхмет Құсайынұлы — ҚР қоғам қайраткері, ҚР Жазушылар одағының, ҚР журналистер одағының мүшесі, жазушы, ақын
2) Бағдат Сұлтанқызы — Ана тілі газетінің журналисті
3) Алматы облыстық орталық әмбебап кітапханасының қызметкері, филолог — Бердиева Айгүл
4) 165 лицейдің орыс тілі мен әдебиеті пән мұғалімі, педагог-зерттеуші Нургалиева Ботагоз Бахытовна
5) Суретші — Дастанбекова Мадина
Әділқазылар қатысушылардың еңбектерін бағалау барысында олардың шығармашылық шеберлігіне, тарихи тақырыпты ашудағы дәлдігіне және туындылардың мазмұндылығына ерекше назар аударды.
Жеңімпаздар бірнеше аталым бойынша марапатталды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге №100 жалпы білім беретін мектептің директоры Калынбаева Карлығаш Нургазиевна мен
Облыстық орталық әмбебеп кітапханасының директоры — Тоқабаева Ғалия Сламбайқызы арнайы дипломдар мен алғыс хаттар табыстады. Байқауды тамашалауға келген қонақтар жас суретшілер мен жазушылардың еңбектеріне жоғары баға берді.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында өткен бұл байқау балалардың рухани және шығармашылық дамуына серпін беріп, оларды тарихи мұраны құрметтеуге баулыды. Осындай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді қалыптастырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға зор үлес қосады. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған бұл байқау – тек өткенді еске алу ғана емес, сонымен қатар болашақ ұрпақтың рухани кемелденуіне жасалған маңызды қадам.
Байқауды жоғары деңгейде ұйымдастырған Алматы қаласы,
Медеу ауданы №100 жалпы білім беретін мектебінің ұжымы мен С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкерлеріне ерекше алғысымызды білдіреміз. Осындай маңызды іс-шараларды өткізу арқылы сіздер жас ұрпақты білім мен өнерге баулуға, олардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға зор үлес қосып отырсыздар. Ұйымдастырушылардың еңбегі мен қолдауы болашақта да осындай игі бастамалардың жүзеге асуына негіз болатынына сенімдіміз.
BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы