Қазақта «Әкесі бар баланың жебесі тастан өтеді» деген қанатты сөз бар. Жаздың жайма шуақ бейсенбісінің таңы Астана қаласы әкімдігінің №77 «Қошақан» балабақшасында басталды. Балабақша ауласы әсем безендіріліп, түрлі ұлттық ойындармен толып, жасыл желекке сан түрлі кілем төселген. Спорттық киіммен қасында ұлдары бар әкелерді көргенде жүрек жылып сала берді. Бейне балабақша ауласы құлпыра түскендей… Қазағым Әке деген сөзді ұлылыққа балайтын. Қарап отырсаң әкесі барлар ерекшелене құлпырып жүретіндей… Қасында қолдаушысы, жамандықтан қорғаушысы барлар…Оттай болып жалындаған шағында өмірден ерте кеткен әкеме деген сағыныш оянғандай ет жүрегім елжіреп, көзіме жас тығылды. Әкенің қадірі…Әкесі бар балаларды көріп бақытты сезіндім …
Бүгінде елімізде маусым айының үшінші жексенбісі «Әкелер күні» болып үкімет қаулысымен бекітілді. Әкелерге алғыс айтып, жүрек жарды тілек арнаудың қолайлы сәті.
Тамаша күн «Әкеммен бірге ұлттық мұраны ұлықтау» деп аталыпты. Отбасының тірегі, қоғамда рөлі басым әкелердің баласы үшін өмірлік бағыт беретін тұлға екені қашанда алғашқы орында. Ұлы үшін осы бір сәт өмірлік естелік, мақтаныш, қызы үшін қимас сәтке айналатынын сезгенде мерекелік сайысқа қатысуға келген әкелерге шын риза болдым. Қастарында жанкүйер болып келген аналардың көзіндегі қуаныш, сенім әр әйел армандайтын бақытты сәт!
Мерекелік сайыс Балбөбек тобы «Қамшы биімен» ашылды. Алғашқы сөз алған №77 «Қошақан» балабақшасының меңгерушісі Рахменова Ляззат Галимжановна әкелер мерекесіне орай ұйымдастырылған «Асық party» мерекелік іс-шарасына атсалысып, ұлттық ойындарды оның ішінде, асық ойынын негізге ала отырып, ұлттық құндылықты дәріптеу жолында дәстүрге сай тәрбие арқылы жас ұрпаққа жеткізуде белсенділік көрсеткен әкелерге ұжым атынан ризашылығын білдірді.
Әке жол көрсетіп, отбасы мен қоғам алдындағы парызын үйретеді. Ол аяулы жандарды сүюге, қарттықты құрметтеуге, әлсіздерге көмектесуге үйретеді.
Баласын дербестікке, тәртіпке, ұйымшылдыққа, жауапкершілікке, парыз бен ар-намыс сезіміне тәрбиелейді. Сайыс шарты бойынша «Жігер», «Қыран» тобы болып бөлінген әкелер садақ ату, асық ату, ләңгі тебу, құрақ құрау, Шекен тас (5 асық ойыны) бойынша сынға түссе, балалар кедергіден өту, туннельден өту, қаппен секіру, теңге ілу, отау асық сынды сайыс түрлерінен сынға түсті. Бірлесе жұмыс жасаған әкелердің достығы, ұлдарына шабыт берген сөздері, қолдаушы болған бүлдіршіндер, барын салып жүрген тәрбиешілер еңбегі атаулы күннің шырайын кіргізді. Ешкім өкпе артпаған сайыста тек уақыт жылдамдығы бойынша жүлделі I орынды «Қыран» тобы иеленді. Жеңімпаздар «Қарлығаш» тобынан Кенесхан Елдос, ұлы Ерболат Арлан, Бабаев Асиф қызы Бабаева Алина,Сапиев Марат ұлы Сапиев Айтуар, «Құлыншақ» тобынан Машканов Бейбіт ұлы Хаден Бекжан, «Балбөбек» тобынан Тулепов Даурен ұлы Тулепов Арсен жеңімпаз атанды.
Жүлделі II орынға «Жігер» тобы ие болды. Олар «Жұлдыз» тобынан Кусаинов Марат және ұлы Зарап Әлішер, «Зерек» тобынан Тусипхан Нуржан ұлы Тусипхан Амир, Атабаев Бауыржан ұлы Оразбай Жансерік, «Бота» тобынан Алимов Ерсейт ұлы Дін-Мұхаммед, Серкебаев Ерболат ұлы Хаден Бекзада, « Балбөбек» тобынан Жақсылық Қуандықұлы ұлы Қуандықов Елхан жеңімпаз атанды. Мойындарына медаль тағып, арнайы дипломмен марапатталған әке мен бала арасындағы жүрек тербеген қуаныш ұзағынан болсын.
«Бота» тобының «Асық» биі, «Құлыншақ» тобының «Отан» әні рух сыйлады.
Әкелер атынан сөз алған «Бота» тобының тәрбиеленушісі Хаден Бекзаданың әкесі Серкебаев Ерболат естен кетпес керемет мерекелік шара өткізген балабақша ұжымына жауапкершілігі мол құрметке лайық еңбек жолында шығармашылық табыс тіледі. Балабақшаға қолдаушы болып әке ретінде үлес қосуға дайын екенін жеткізіп шынайы алғысын білдірді. Қамқорлығы мен қолдауы, махаббаты мен мейірімі таусылмас әкелерге менде сарқылмас күш-қуат тілеймін. Балаларды қызық-қуанышқа кенелтіп, береке-бірлік орната білген №77 «Қошақан» балабақшасының ұжымына мерейлеріңіз арта берсін деген жылы тілек арнағым келеді.
Әлия Ғалымбекқызы
Астана қаласы
«Білім айнасы»