Home » Новости » Жаңа дәуір дауысы — мектеп журналы

Жаңа дәуір дауысы — мектеп журналы

Жас жүректерге жол сілтеп, арманға қанат бітіретін жасампаздықтың тағы бір белгісі – Алматы қаласы, Әуезов ауданы №119 мектеп-лицейінде “Jas Tolqyn” мектепішілік журналының салтанатты түрде тұсауы кесілд. Жаңа дәуірдің жарқын үніне айналған бұл басылым оқушылардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, олардың ой-пікірін еркін жеткізуге мүмкіндік береді.

Жас толқынның алғашқы саны – ізденіс пен шабыттың көрінісі. Оның беттерінде жас ақындардың жырлары, шынайы өмірден алынған мақалалар мен көркем шығармалар жарық көрді. Әр жолы жүрекке жетіп, оқырманды терең ойға жетелейтін бұл журнал — жас қаламгерлердің арман кемесі.

Тұсаукесер рәсімі жүрек тебірентерлік сәттерге толы болды. Мектеп-лицейдің директоры Батырбекова Жаныл Сатаевна құттықтау сөз сөйлеп, журналдың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, жас тілшілер өз шығармаларын оқып, көрермендердің қошеметіне бөленді. Әр сөзде — үміт пен сенім, әр өлеңде — жастықтың лебі сезілді.

Мектептің мәжіліс залына жиналған қонақтар мен ұстаздар жас авторлардың ізденімпаздығына тәнті болып, жүрекжарды лебіздерін білдірді. Әсіресе, әдебиетке құштар оқушылар үшін бұл басқосу шабыттың жаңа шыңына бастар баспалдақ іспетті еді.
Бұл кеште 100жылдық тарихы бар “Ақ Желкен” журналының бас редакторы, Журналистер одағының мүшесі Есей Жеңісұлы мен “Мөлдір бұлақ” журналының бас редакторы Даулетбек Байтұрсынұлы да қонақ болып, мектеп-лицейге ізгі тілектерін білдірді.

«Жас толқын» журналының басты мақсаты – жасөспірімдердің шығармашылық қабілетін дамытып, олардың көкжиегін кеңейту. Әр санында өмірдің өзекті тақырыптарын қозғайтын мақалалар мен жас қаламгерлердің туындылары жарияланады. Бұл басылымның әр беті — шынайылық пен ізденістің айнасы болары анық.
Мектепішілік журнал шығару идеясының авторы — мектеп-лицейдің директоры
Батырбекова Жаныл Сатаевна,
бас редактор — Райымкулова Актолкын Киргизбаевна, корректор — Жамантаева Гүлнар Упиевна, безендіруші-дизайнер- Бахтиярова Арайлым Бахтиярқызы, хатшы- Нүрпейісқызы Кәусар мен Мархабай Диас.

Тұсаукесер соңында оқушылар мен ұстаздар естелік суреттерге түсіп, өз әсерлерімен бөлісті. Көпшілік бұл журналдың болашағына зор сенім білдіріп, жас толқынның талабы таудай болсын деген ақ тілектерін арнады.
«Жас толқын» журналының алғашқы қадамы сәтті болып, оның беттерінде талай таланттардың жұлдызы жарқырайтынына сеніміміз мол.
Жаңа жолға шыққан “JAS TOLQYN”- ның бағыты айқын, жолы жарқын болсын.

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*