Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде жасанды интеллекттің маңызы артып келеді. Осы орайда Алматы қаласы, Түрксіб ауданы №167 бөбекжай-балабақшасы мен №1 педагогикалық колледжі бірлесіп, «Мектепке дейінгі білім берудегі жасанды интеллект: теория және практика» тақырыбында аудандық семинар өткізді. Шараға педагогтармен қатар ата-аналар да белсене қатысты. Семинардың басты мақсаты — мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуда заманауи технологияларды қолдану мүмкіндіктерін талқылау және тәжірибе алмасу.
Семинар аясында жасанды интеллекттің мектепке дейінгі білім берудегі рөлі мен болашағы туралы баяндамалар оқылды. №1 педагогикалық колледжінің оқытушылары мен студенттері жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалану жолдарын көрсетті. Әсіресе, балалардың ойлау қабілетін дамытуға бағытталған интерактивті ойындар мен оқыту бағдарламалары үлкен қызығушылық тудырды.
Бұл бағдарламалардың ерекшелігі — әр баланың жеке қабілеттерін ескеріп, оқыту үдерісін жекелендіре алуы.
Педагогтармен қатар ата-аналар да өз ойларын ортаға салып, жасанды интеллекттің балаларға әсері туралы сұрақтар қойды. Ата-аналар үшін арнайы ұйымдастырылған шеберлік сағаттарында жасанды интеллектті қолдану арқылы балалардың оқу мотивациясын арттыру және ақпаратты тез қабылдау қабілеттерін дамыту жолдары түсіндірілді. Бұл бөлімде ата-аналарға үй жағдайында қолдануға болатын қарапайым, бірақ тиімді әдістер ұсынылды.
№167 бөбекжай-балабақшасының тәрбиешілері де өз тәжірибелерімен бөлісіп, жасанды интеллект негізіндегі оқыту құралдарының көмегімен балалардың сөйлеу мәдениетін, логикалық ойлауын және шығармашылық қабілеттерін дамытудағы жетістіктерін көрсетті. Тәрбиешілердің айтуынша, интерактивті тақталар мен арнайы әзірленген қосымшалар арқылы балалар жаңа ақпаратты тез әрі қызығушылықпен қабылдайды.
Семинар соңында қатысушылар дөңгелек үстелде бас қосып, болашақта жасанды интеллектті мектепке дейінгі білім беруде тиімді қолдану жолдарын талқылады. Қатысушылар осындай шаралардың жиі өткізілуі керектігін және тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.
Жалпы, семинар жасанды интеллекттің мектепке дейінгі білім беру жүйесіне енгізілуі бойынша тың серпіліс жасап, ата-аналар мен педагогтар арасында өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Шараны ұйымдастыруға және жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан №167 бөбекжай-балабақшасының әдіскері Бейсекова Назым Муратовна мен тәрбиеші Тургумбаева Карлыгаш Асаубаевнаның еңбегі зор екенін айта кеткеніміз жөн.
Мұндай шаралар балалардың заманауи технологиялармен етене танысып, болашақта озық білім алуына зор мүмкіндік беретіні сөзсіз.
BILIN AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы