Home » Новости » “Қоңыр аруы — 2025” байқауы: Сұлулық пен өнер сайысы

“Қоңыр аруы — 2025” байқауы: Сұлулық пен өнер сайысы

Қоңыр аруы — 2025

Алматы қаласы, Алатау ауданы И.Қ.Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектебінде көктемнің шырайын кіргізген тамаша шара — “Қоңыр аруы — 2025” байқауы өтті. Бұл кеште сұлулық пен өнер, тапқырлық пен білім сайысқа түсті. Әсем әуен мен қыздардың нәзік қимылдары, жыр мен бидің үйлесімі көрермендердің көңілінен шықты. Байқауға 8 ару қатысып, әрқайсысы өз бойындағы ерекше қасиеттерін паш етті.
Сайыс бірнеше кезеңнен тұрды: таныстыру, сұрақ-жауап, өз өнерін көрсету. Әр кезеңде арулар өздерінің талғамдары мен білімдерін, өнерге деген сүйіспеншіліктерін дәлелдей білді.

Таныстыру кезеңі — арулардың өздерін ғана емес, туған жерін, отбасы құндылықтарын қалай бағалайтынын көрсеткен ерекше сәт болды. Сахнаға шыққан әр қыздың үні айқын, жүріс-тұрысы сәнді еді. Арулар өздерін таныстырып қана қоймай, ата-бабадан қалған дәстүрлерді дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттады. Олардың әсем ұлттық киімдері де кештің көркін ашты.
Сұрақ-жауап кезеңінде тапқырлық пен жылдам ойлау қабілеті сыналды. Әр жауаптан олардың жан-жақтылығы, көкірек көзінің ашықтығы аңғарылды. Қазылар алқасы бұл кезеңде арулардың білім көкжиегіне, логикасына ерекше назар аударды.
Өз өнерін көрсету кезеңі — кештің ең әсерлі бөліктерінің бірі болды. Бірі мың бұралып би билесе, енді бірі жүрек тербетер әнімен тыңдармандарды баурап алды. Домбыраның қоңыр үніне қосылған сырлы жырлар мен заманауи билер кештің шырайын аша түсті. Әсіресе, ұлттық нақыштағы қойылымдар көрермендердің ерекше ықыласына бөленді. Арулардың әр қимылы, әр әуені терең дайындықтың, үлкен ізденістің нәтижесі екені анық байқалды.

Қазылар алқасы қатысушылардың әр қырын саралап, әділ бағасын беруге тырысты. Әділ қазылар құрамын да таныстыра кетсек, №154 жалпы білім беретін мектептің ардагер ұстазы, Ыбырай Алтынсарин төс белгісі, Ұлағатты ұстаз медалі, Тәуелсіздіктің 25,30 жылдық медалі, Үздік қоғам белсендісі медалі, Еңбек ардагері медалінің иегері — Шайкенова Ләззат Мұратқызы, Қазақстан Жастар одағы “Серпер” сыйлығының лауреаты, Мұхтар Әуезов атындағы драма театрының актрисасы, әнші, “Қазақ аруы — 2011” байқауының жеңімпазы — Қалдыбекова Ләззат Әбішқызы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің “Сұңқар” кәсіподақ және магистранттар ұйымының “Ең үздік студенттік топ” жобасының координаторы — Батырбек Өмірсерік Мырзараймұлы, “Сұңқар” студенттер мнн магистранттар кәсіподағының жанынан құрылған “Шабыт” шығармашыл жастар клубының жетекшісі — Сүлей Гүлназ, “Қоңыр аруы — 2024” байқауының жеңімпазы — Саяхмет Айсұлу.

Байқау туралы №154 жалпы білім беретін мектептің ардагер ұстазы, Ыбырай Алтынсарин төс белгісі, Ұлағатты ұстаз медалі, Тәуелсіздіктің 25,30 жылдық медалі, Үздік қоғам белсендісі медалі, Еңбек ардагері медалінің иегері — Шайкенова Ләззат Мұратқызының пікірін сұраған едік.

—Наурыздың алғашқы күндерінде И.Қ.Мандоки атындағы №154 жалпы білім беретін мектебінде дәстүрлі «Қоңыр аруы» байқауын өткіздік. 2005 жылдан бері үздіксіз өткізіліп келе жатқан бұл шара жыл сайын жаңа серпін алып, көрермендерді таңдай қақтыруда. Биылғы байқау да ерекше сән-салтанатымен, мазмұнды бағдарламасымен көпшіліктің көңілінен шықты. Қазақтың ұлттық құндылықтарын ардақтап, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін дәріптейтін бұл сайыс қыздардың тек сұлулығы мен сәнін ғана емес, олардың ақыл-парасаты мен жан-жақты қабілеттерін де айшықтай түсті. Қатысушылар өздерінің білімділігімен, тапқырлығымен, ұлттық киімдерімен және өнерлерімен көрермендерді тәнті етті. «Қоңыр аруы» байқауының ерекшелігі — қыздардың тек сыртқы келбетімен ғана емес, ішкі сұлулығымен, рухани байлығымен де даралануында. Қатысушылар халқымыздың тарихы мен мәдениетінен сыр шертетін сұрақтарға мүдірмей жауап беріп, ұлттық өнерді дәріптеді. Олардың шеберлікпен орындаған әндері мен билері, қолөнер туындылары көрермендерді бір сәтке өткенге саяхат жасатқандай болды. Сондықтан бүгінгі “Қоңыр аруы — 2025” байқауының жеңімпазы аудандық жарыста да мектебіміздің абыройын биік ұстайды деп сенеміз — деді Шайкенова Ләззат Мұратқызы.

Сахнада жасындай жарқыраған арулардың өнеріне сүйсінбеген жан қалмады. Қатысушылардың ішінен өз талантымен, көркімен, тапқырлығымен ерекшеленген ару жеңімпаз атанып, “Қоңыр аруы — 2025” тәжін иеленді.

Шара соңында мектеп басшылығы сөз сөйлеп, барлық қатысушыларға алғыс білдірді. Осындай байқаулардың өскелең ұрпаққа берер тәрбиесі мол екені, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттауда маңызы зор екені атап өтілді. Жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталып, қатысушыларға естелік дипломдар берілді.
“Қоңыр аруы — 2025” байқауы мектеп оқушыларына үлкен рухани серпіліс берді. Бұл шара тек сұлулық сайысы ғана емес, ізгілік пен ұлттық құндылықтарды дәріптеген өнегелі кеш болды. Жас аруларымыздың жарқын болашағына, олардың таланттарына сүйсінген көрермендер тарапынан да алғыс пен қошемет жауды. Қатысушылардың көкейінде үміт оты жанып, болашаққа деген сенімі нығая түсті.

Байқау соңында жиналған жұртшылық бір-бірімен әсерлерін бөлісіп, мектеп ұжымының ұйымшылдығы мен жоғары деңгейде ұйымдастырған шарасына ризашылықтарын білдірді. Осындай игі дәстүр жалғасын тауып, жас ұрпақты тәрбиелеу жолындағы қадамдар жалғаса берсін дейміз.

Осы орайда, осындай әсерлі шараның ұйымдастырылуына ат салысқан жандарға өз алғысымызды білдіреміз.
Ең алдымен, мектеп директоры Алмасбаева Қаламқас Қалиқызына алғыс айтамыз. Сіздің қолдауыңыз бен басшылығыңыз бұл шараның мазмұнды әрі көркем өтуіне үлкен септігін тигізгені анық.
Сонымен қатар, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Егіншиева Анар Тұрысжанқызына және аға тәлімгер Ғабиден Бағжан Нұрбақытұлына алғыс білдіреміз. Сіздердің ізденімпаздықтарыңыз бен талмай атқарған еңбектеріңіз жас таланттардың ашылуына мүмкіндік берді.
Осындай жарқын шаралар әлі де жалғасын тауып, мектеп ұжымына шығармашылық табыс тілейміз!

BILIM AINASY
Алматы қаласы
Ақерке Амангелдіқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*