Home » статьи » Ұлттық құндылықтар әлемінде

Ұлттық құндылықтар әлемінде

Жильдирбаева Илмира Максутовна,
 Жамбыл облысы Қордай ауданы
«Қуаныш-Қордай 2» балабақшасы тәрбиешісі

Мемлекет басшысы Қ.К Тоқаев: «Ұлттық салт-дәстүріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда, ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуы тиіс» деп атап айтқандай жас ұрпақтың бойына ерлік рухты, отаншылдық сезімді сіңіру – маңызды.
Ұлттық құндылықтар – ұлттық идеяның өзегі, ұлт қалыптасуының басты факторы. Ұлттық идея – туған жер, өскен орта әсерлерінен қалыптасып, халықтың тілі, ауыз әдебиеті, салт-санасы, әдет-ғұрпы, ырымдары мен тыйымдары арқылы жүйеленген сезім. Ол – ұлттың болмысы, психологиялық өзіндік ерекшелігі. Ал осы ұлттық идеологиямыз әлсіз болса, барлық салаға өзінің теріс әсерін тигізетіні шүбәсіз.
Ұлттық құндылыққа тәрбиелеу — бұл жас ұрпақты ұлттық мәдениетке, тілге, салт-дәстүрлерге және рухани мұраға деген құрметін, сүйіспеншілігін қалыптастыруға бағытталған педагогикалық процесс. Ұлттық құндылықтарды насихаттау, оларды білім беру процесіне енгізу арқылы өскелең ұрпақтың рухани-адамгершілік қасиеттерін дамыту, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру және мәдени-тарихи мұраға құрметпен қарауға тәрбиелеу педагог ретінде міндетім.
Өзім қызмет атқаратын балабақша қабырғасында тәрбиеленушілерімді әуелі ұлттық құндылықтарды құрметтеуге,  халықтық дәстүрлер, әдет-ғұрып, мәдениет және өнерді түсінуге тәрбиелеп келемін. Ұлттық құндылықтарға негізделген жеке тұлғаны қалыптастыру, қайырымдылық, еңбекқорлық секілді құндылықтарды сіңіру басты мақсатым.
Ұлттық құндылықтар жайлы ұлт ұстаздары, ақын-жазушылар өз еңбектері мен сөздеріне тиек еткен, онда  ұлтты ерекшелендіріп тұратыны оның тілі, ертегілері, мақал-мәтелдері, лиро-эпостық және батырлар жырлары, әдет- ғұрпы, салт-санасы, менталитеті, мәдениеті, өнері, тағамдары, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары деп көрсеткен.  Айтылғанды ескере отырып балаларға күнделікті қазақ тілінде анық, дыбыстарды қатесіз айтуға үйретемін. Салт дәстүр негізінде  қазақтың ас беру, қонақжайлық, тұсаукесер сияқты салт-дәстүрлерін үнемі іс-шараларымда тақырып етіп алып соған сай жүргіземін.  Қазақтың ұлттық музыкасы күй, терме халық әндері, әдеби шығармалары жырлар, дастандарды сергіту сәтінде, музыкалық бағдарламаларда үнемі қолданып келеміз. Қазақтың ұлттық киімдері шапан, сәукеле қолөнері зергерлік бұйымдарды тағып өткізген ұлттық мерекелеріміз әлі көз алдымда. Тарихи тұлғалары, батырлары мен хандары жайлы қызықты ақпаратпен балаға түсінікті тілде жеткізуге тырысамын. Қазақтың дәстүрлі асханасы бешбармақ, қымыз, бауырсақ жайлы барлық шәкірттерімнің отбасынан көргені бойынша ақпарат білетіні мені қуантады. Мемлекеттік рәміздер — ту, елтаңба, әнұран жайлы міндетті түрде айтылады.
Сөзімді қорыта келе қазақи рухы биік ұлттық идеяның қалыптасуында ұлттық құндылықтардың маңызы зор. Ұлттық тәрбие туралы идея бүгінгі күн талабы мен өмірлік қажеттіліктен туындап отыр. Ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, төл құндылықтар мен жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын толық кемелді, ұлтжанды тұлғаны тәрбиелеу – ұлттық идеяның негізгі бағыты.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*