Мақсаты: Мектеп жасына дейінгі баланың бойына отбасы мүшелерімен бірлесе отырып, сый табақ, қонаққа арналған тарту түрлері мен олардың мән-мағанасы, мазмұны туралы түсінік қалыптастыру.
КМҚК «№194 бөбекжай-балабақшасы» «Балғын» тобының балаларымен «Әкелер мектебінің» жұмысы барысында тәрбиеші Жұматаева Айнур Бекенқызы әкелермен «Сый табақтың сиқырлары мен сырлары» тақырыбында іс-шара ұйымдастырды. Шара барысында әкелер мен балаларға қой малының сүйектерінің түрлері туралы түсінік берілді.
Қазақта мүше тарту – туыс-туғанға, жекжат-жұрағатқа, құрметті қонаққа арнайы берілетін кәделі ас екені мәлім. Оны кәделі мүше деп те атайды. Мәселен, әрбір табақта адамдардың құрамына байланысты сыйлы адамға арналған бас, жамбас, құда-құдағиға арналған құйрық-бауыр, күйеу балаға арналған төс, дос-құрдасқа арналған жауырын, қыз-келіншекке арналған үлпершек, балаларға арналған бүйрек сияқты кәделі мүшелердің болуы шарт. Бұл мүшелердің әр қайсысы сыйлы адам үшін – «елге бас көз болып жүрсін», құда-құдағи үшін – «бауырдай бауырмал, майдай сіңімді болсын», дос-құрдас үшін – «құшағымыз жауырындай жазылмасын», қыз-келіншек үшін – «үлпершектей жұғымды бол», балалар үшін – «бүйректей сүйкімді бол», тағы да басқа емеурінді білдіреді.
Қазақтың сүйек түрлеріне арналған маңызды-мағыналы фольклорлық дүние танымы өте бай. Қазіргі таңда шаңыраққа тұмар ретінде қолдануға болатын бірнеше сүйектен құралған жинақтың атауы мен мағанасына тоқтала кетсек: 1 — тоқпан жілік, 2 — қос жамбас, 3 — жауырын, 4 — кәрі жілік. Осы аталған мүшелер өзіне тән мән-мағынаға ие.
Отбасының береке-бірлігі мен ұйытқысы екі адамға байланысты. Табақ тартқанда отағасы мен отанасына «шаңырақтарың биік болсын, жұптарың жазылмасын, қазан ошақтарың майлы болсын, дастарқандарың мол болсын, ғұмыр жастарың ұзақ болсын, өрістерің кең болсын, жолдарың ашық болсын» деген игі тілек білдіреді. Қазақта кәрі жілік кәделі сый саналады. Кәрі жілік ел басын сақтайды деген сенім бар. Үй иелеріне «шаңырақты қорғап тұрар асық ойнар балаларың көп болсын» деген мағанада асықты жілік ұстатады. Жалпы сый табақ – қазақтың қонақ шақыру, қонақ күту үрдісінде кәделі жіліктердің өзіндік жол-жоралғысын сақтай отырып тартылады.
Іс-шара соңында әкелер мен балалар қой малының сүйектерінен тұмар құрастырды. Тәрбиелік мәні зор мағыналы кездесудің әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты одан әрі нығайтып қана қоймай, кішкентай бүлдіршіндердің ой-санасы мен дүниетанымының дамуына зор үлес қосары анық.
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы,
Ақжар ш/а КМҚК «№194 бөбекжай-балабақшасы»
меңгерушісі Абдикадырова Алия Слановна