Әбдіманап Нұрила Қанатқызы
Алматы қаласы, Бостандық ауданы
ШЖҚ « М.Мақатаев атындағы № 140 гимназия» МКК-нің
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі
Жаңалық ашу ізденістен басталады
Алматы қаласы ШЖҚ «М.Мақатаев атындағы №140 гимназия» МКК-де жыл сайын ашық сабақтар керуені өтіп тұрады. Жоспарға сай лег-легімен өтетін ашық сабақтардың оқушылармен қатар, ұстаздарға да берері мол. Биылғы оқу жылы ашық сабақтар керуені аясында мен де адамзат тарихын өзгерткен жаңалықтарды білу-тану мақсатында 11-сынып оқушыларына қазақ тілі пәнінен «Әлемді өзгерткен ұлы жаңалықтар» тақырыбында ашық сабақ өткіздім. Сабақтың басты мақсаттарының бірі оқушыларға ғылым мен білімнің адамзат дамуына әсерін түсіндіріп, сыни ойлау қабілеттерін дамыту болайын.
Ұлы жаңалықтар – ұлы еңбектің нәтижесі. Сабақ барысында оқушылар әлем тарихындағы маңызды оқиғалар, өнертабыстар туралы пікір алмасып, олардың қоғамға тигізген ықпалын талқылады. Әсіресе, соңғы өнертабыстардың адам өміріндегі рөлі қызу талқыланып, оқушылар өз көзқарастарын дәлелдермен қорғауға тырысты. Әлемдік деңгейдегі оқиғалар ғана емес, қазақ елінің дамуына серпін берген маңызды жаңалықтар мен оқиғалар, білім-ғылымның қалыптасуына мұрындық болған тұлғалар хақында да талқыланды.
Сабақ барысында тақырыпты ашу мақсатында «Болашаққа хат» әдісі, функционалдық сауаттылыққа бағытталған «Білім бәйгесі» ойыны, дифференциалды деңгейлік «Ғылыми жұмбақ» тапсырмасы, топтық жұмысқа бағытталған «Жаңалықтар бюросы» әдістері қолданылды. Сергіту сәті «ҰБТ-Марафон: Тарихи жылдар» ойыны арқылы ерекше форматта жүзеге асты. Публицистикалық стильдің ерекшеліктерін талдай отырып, оқушылар мәтін талдап, өз ойларын нақты әрі әсерлі жеткізуге машықтанды.
Топтық жұмыс барысында белсенділік танытып, қызығушылықпен жұмыс жасаған оқушылар сабақ соңында «Сыр сандық» арқылы кері байланыс берді. Көпшілігі тақырыптың қызықты әрі маңызды екенін айтып, өздерінің ғылыми жаңалықтарға деген көзқарастарының өзгергенін атап өтті. Ал 11 «А» сынып оқушысы Жумайбеков Бақыт сабақтан алған әсерін, түйген ойын өлең жолдары арқылы жеткізді. Гимназия қабырғасында өтетін әрбір сабақ оқушылардың танымдық қабілеттерін арттыруға және болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етеді деп сенеміз.