Ұлттық құндылық пен заманауи әдіс ұштасқан тағылымды семинар

КМКК №116 «Бөбекжай-балабақшасында» өткен «Жобалау іс-әрекеті: ойын арқылы баланың зерттеу қабілеттерін дамыту» тақырыбындағы семинар – мазмұны бай, құрылымы жүйелі, әсері терең тағылымды іс-шара болды. Аталған білім ордасы тәжірибе алмасудың озық үлгісін көрсетті.
Семинар бағдарламасы әр кезеңі нақты мақсатқа бағытталған мазмұнды бөлімдерден тұрды. Алғашқы «Алғы сөзден» бастау алған жиын жылы атмосферада өрбіп, қатысушыларды ортақ идея төңірегіне топтастырды. Балабақша меңгерушісі Туленбекова Мархаба Кенжегалиевна мен КМДРО басшысы Карасева Наталья Викторовнаның алғы сөзінен кейінгі таныстырылым «Мектеп жасына дейінгі балалардың ұлттық ою-өрнектерді зерттеу-жобалау іс-әрекеті» тақырыбында өрбіді. Бұл бөлімде педагогтар ұлттық мұраны баланың зерттеушілік қабілетімен ұштастыра отырып, жобалық жұмыстың тиімді жолдарын көрсетті. Теория мен тәжірибе астасқан мазмұн қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Ұйымдастырылған іс-әрекет «Кішкентай зерттеушілер және ою құпиясы» тақырыбымен жалғасты. «Жұлдыз» мектепалды тобы сахна төрінде ою-өрнектің сырын ашып, оның түрлерін жіктеп, мазмұнын түсіндірді. Балалардың әрбір жауабы мен әрекетінен ізденіс пен танымға деген құштарлық айқын байқалды.
Іс-шара барысында ой сергіту мақсатында ұлттық нақыштағы билер орындалып, көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Ал «Наурыз» әні арқылы балалар ұлттық мерекенің рухын асқақтатты.

Оқу іс-әрекетінде бүлдіршіндер ою элементтерін пайдалана отырып, текемет құрастырып, өз шеберліктерін паш етті. Сонымен қатар, гипспен жұмыс жасау арқылы түрлі пішіндер жасап, оларды бояп, тастармен әсемдеп, арнайы кептіру үдерісін көрсетті. Осылайша, балалар гипс пен киіздің қасиеттерін тәжірибе арқылы зерттеп, нағыз кішкентай ғалым ретінде танылды.
Балалардың қолынан шыққан бұйымдар қонақтарға ұсынылып, жоғары бағаланды. Бұл – еңбектің нәтижесін көрумен қатар, баланың өзіне деген сенімін арттыратын маңызды сәт болды.
Семинар аясындағы «Танысу, түсіну, сезіну: қарым-қатынастың негіздері» атты тренингті психолог маман Дайрабаева Мәдина Серікқызы жүргізіп, қатысушыларға тиімді қарым-қатынас орнатудың қыр-сырын тәжірибелік тұрғыда ұсынды. Бұл бөлім педагогтардың кәсіби дамуына серпін берген маңызды кезеңдердің бірі болды.
Шебер сынып «ОюLab: ұлттық ою-өрнек» тақырыбында өтіп, қатысушыларға заманауи әдістер арқылы ұлттық өнерді жаңаша игеру жолдарын көрсетті. Практикалық бағыттағы бұл жұмыс әр педагогтың шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік берді.
Көркем бөлімде Қалым Айдан қытай тілінде «Мен анамды сүйемін» әнін оркестр сүйемелдеуімен орындап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар, Вальс-шутка орындалып, кештің эстетикалық мазмұнын байыта түсті.
Семинар соңында пікір алмасу «Padlet» тақтасы арқылы жүзеге асып, қатысушылар өз ойларын ортаға салып, тәжірибелік ұсыныстарымен бөлісті. Ресурстық орталық басшысы Наталья Викторовна қорытынды сөз сөйлеп, семинар жұмысына жоғары баға берді.
Жиын соңында қатысушылар өздеріне қажетті құнды ақпарат алып, алдағы тәжірибелерінде қолдануға тың идеялармен тарқасты. Алғыс пен әсерге толы сәттерде тәрбиешілердің толқынысын жасыра алмағаны – бұл семинардың жүрекке жеткенінің айқын дәлелі еді.

Оқу қызметін өткізген Сумесинова Айгуль Абдиловна жоғары білімді тәрбиеші 25ж педагогикалық стаж санаты педагог- зерттеуші
Шебер сынып өткізген Исатаева Алия Оспановна жоғары білімді тәрбиеші 25ж педагогикалық еңбек өтілі санаты педагог- зерттеуші
Толендиева Роза Райсовна жоғары білімді музыка жетекшісі 30ж жоғары еңбек өтілі санаты педагог-модератор
. Дайрабаева Мәдина Серікқызы педагог-психолог жоғары білімді 12ж педагогикалық еңбек өтілі санаты педагог — модератор

Ұлттық ою-өрнектерді зерттеп жобалау іс әрекетін өткізген Нурланбекова Назконыр Догдырбековна жоғары білімді әдіскер магистр педагог- модератор ұжым қызметкерлерінің еткен еңбектерін атап өтпеуге болмас. Бүгінгі семинарда қаншама дүниені көпшілік назарына ұсыну жолында аянбай еңбектенгендері көрініп ақ тұр. Ұйымшыл ұжымның арқасында семинар жоғарғы деңгейде өтті деуге болады.
Бұл тағылымды басқосу – ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен заманауи білім берудің үйлесімді үндестігін көрсеткен, кәсіби шеберлікті шыңдаған маңызды алаң болды.

Туленбекова Мархаба Кенжегалиевна
№ 116 бөбекжай-балабақша меңгерушісі
Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *