Home » статьи » «Шабандоз» ұлттық құндылыққа негізделген авторлық бағдарламаның маңыздылығы

«Шабандоз» ұлттық құндылыққа негізделген авторлық бағдарламаның маңыздылығы

Байдаулетова Айгуль Бабабековна,
 Шымкент қаласы,  «Бал-Айбике» ЖШС
ұлттық сауықтыру
бөбекжай – бақшасының
меңгерушісі

  «Шабандоз» ұлттық құндылыққа негізделген авторлық бағдарламаның маңыздылығы

 Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында сөйлеген сөзінде: «… отаншылдық, адамгершілік, білімпаздық, нағыз маман болу, үнемшілдік, еңбекқорлық, ел мен жерге жанашырлық сияқты асыл қасиеттер бәрінен биік тұруға тиіс, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғырту, ұлттық құндылықтарды, мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу, өскелең ұрпақтың тәрбиесіне мән беру керек» екенін қадап айтты [1].

Бұл міндеттерді шешуде тәрбие ісіне қоғам болып атсалысуы, заманауй білім беру жүйесінде – осы идеяны жүзеге асыруға белсене араласатын ынтымақтастық ортаны қалыптастыра алатын, қабілетті, кәсіби құзіретті мамандардың қызмет етуі маңызды болмақ.

Жалпы білім беру ұйымдарындағы қуана құптайтын жаңалық – тәрбие мен білім беруді ұлттық құндылықтарға негіздеу, әр азаматтың сана сезімін жаңғырту, балабақша, мектеп пен ата-ана қарым-қатынасының жаңа форматын енгізу мәселенің қолға алынуы.

Біртұтас тәрбие бағдарламасында: ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ұлттық мүддені жоғары қоятын, өзінің туған жерін, Отанын қадірлейтін және оның әрі қарай дамуына серпін беретін, терең білімді, озық ойлы, адал және ұлттық болмысы айқын тұлға тәрбиелеу мәселесі қарастырылған. Бұл мәселені жүзеге асыруда әдістемелік құралдың мазмұны балалардың жас ерекшеліктерін, олардың танымдық, эмоционалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу талаптарын  қамтамасыз етеді Біртұтас тәрбие бағдарламасында: «Тәрбие – ұрпақты биік мұратқа жетелейтін сапалы білімнің тұғыры. Адам жанын игілікпен, ізгілікпен қуаттандырып, адами құнды қасиеттермен қанаттандырады. Ал, қазіргі уақыт – өзгермелі әлемдегі жасампаз ұрпақтың дәуірі. Ұлттық құндылықтармен сусындап өскен ұрпақ ұлағатты болмақ. Ұлағатты ұрпақ ұлттың сапасын құрайды. Ал ар-ұят, намыс, адалдық, отаншылдық, жауапкершілік, әдептілік пен инабаттылық, мейірімділік пен бауырмалдық, отбасына сүйіспеншілдік, үлкенге құрмет, кішіге ізетті болу қасиеттері берік қалыптасқан жасампаз азаматты тәрбиелеу маңызды. Еліміздің өркендеп дамуы үшін халқын сүйетін, мемлекет мүддесін жоғары ұстайтын, білімді де адал ұрпақ тәрбиелеу аса өзекті мәселе ретінде үнемі назарда ұстауды қажет етеді» деп көрсетілген.

Бұл міндеттерді іске асыруда ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, ұлттық мүддені жоғары қоятын, өзінің туған жерін, Отанын қадірлейтін және оның әрі қарай дамуына серпін беретін, терең білімді, озық ойлы, адал және ұлттық болмысы айқын тұлға тәрбиелеу мәселесі қарастырылған. Бұл мәселені жүзеге асыруда әдістемелік құралдың мазмұны балалардың жас ерекшеліктерін, олардың танымдық, эмоционалдық және шығармашылық қабілеттерін дамыту, ұлттық құндылықтарға тәрбиелеу талаптарын  қамтамасыз етеді.

Қазіргі кезеңде мектепке дейінгі ұйымдардың нормативтік құжаттарындағы бірқатар соны, тың өзгерістер болғаны  белгілі, ол тәрбиелеу мен білім біру мазмұнының өзгертілуі, мақсат, міндеттерінің нақтылануы, жас ерекшеліктерінің қысқаруы, әдіс-тәсілдерді тиімді пайдалану жолдары мен оны іске асыру құралдарының жаңартылуы деп айтсақ болады.

Осы орайда, бүгінгі сөз қозғалып отырған Шабандоз – авторлық бағдарламасында ғасырдан-ғасырға жалғасып келе жатса да өзінің құндылығын жоймай келе жатқан, әр қырынан айшықтала түсетін атқа міну, атқа шабу, жылқы малын құрметтеу, ат әбзелдерімен танысу т.б. ұлттық құндылықтарымызбен таныстыруда маңызы зор.

Шабандоз — мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған  ұлттық құндылықтарға негізделген авторлық бағдарламасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына және Үлгілік оқу бағдарламасы мазмұнына сәйкес дайындалды. Бұл стандарт мектепке дейінгі білім беру мазмұнына, балалардың шығармашылық және танымдық дамуына, құндылықтарды қалыптастыруға қойылатын талаптарды анықтайды.

Авторлық бағдарламаны әзірлеу барысында мектепке дейінгі  тәрбиелеу мен білім беру мазмұнының қазіргі кезеңдегі жағдайын зерделей келіп төмендегідей сипаттама жасауға болады: бұл оқу іс-әрекеті вариативтік бөлік бойынша таңдауға ұсынылған қосымша іс әрекет түрін ұйымдастыру барсында пайдаланылады. Сондай-ақ, денешынықтыру іс-әрекетінде пайдалануда тиімді. Барлығымыз аттың, ертоқымның адамға пайдасы өте жақсы екенін білеміз. Бірақ өкінішке орай қазіргі таңда көп адамдар атқа міне бермейді. Ал кішкентай балалар тіпті міне де алмайды. Сондықтан осындай денсаулығына пайдалы, ең болмаса жаттығу арқылы аттың мінер жағы, қамшылау жағы дегенді ажырата алса деген ой келді.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар» рухани жаңғыру атты мақаласында, жаңа тұрақты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұттық кодыңды сақтай білу. Әр ел өз тарихын білгені абзал. Ал біздің ұрпақтар білуге міндетті. Себебі қазақ халқы тарихта даналығымен танылған.  Соның бірі текті жануар жылқының адамға орны мен пайдасы. Әрине бақшада тірі жануар рұқсат етілмегендіктен құрал жасау ойға келді.

Алдымен бұл бағдарламаны таныстырып өтейік. Бірінші балаларымызға лайықтап ағаштан ойыншық сырғымалы ат жасаттық. Алматы қаласындағы көкпарға ертоқым дайындайтын шеберлерге біздің атымызға ертоқым, үзеңгіге тапсырыс бердік. Әрине бұл жерде балаларымыздың үзеңгіде аяқтарының ыңғайлы болуын, ертоқымды  ұстап атқа мінуі секілді мәселелерін қарастыруды ұмытпадық. Ал балалардың жазық жерде екенін сезіну мақсатында толығымен бөлменің өзін Оңтүстігіміздің әдемі жерлерімен безендірдік.

Балалардың негізгі іс-әрекеттерінің бірі – ойын. Ойынның алғашқы дағдыларды қалыптастыруға көмектесетіні ғылыми тұрғыда дәлелденген. Бұл сабақта ойын арқылы олар физикалық дамиды және көптеген эмоционалдық дағдыларды ашады, және ойын балаларға көргендерін еліктеуге және дағдыларды жаттықтыруға мүмкіндік береді, яғни басқалармен қалай әрекеттесу және қарым-қатынас жасау керектігін үйренуге көмектеседі. Ал біз шабандоз қосымша іс-әрекет түрінде әлбетте қазақтың ұлттық, даналыққа тұнып тұрған ойындарын ойнатамыз.

«Шабандоз–авторлық бағдарламасының өзектілігі: ұлттық құндылықтарды сақтау және дамытуға ықпал етеді. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық дәстүрлер мен мәдени мұраны жастарға жеткізіп, оларды тәрбиелеу маңызды. Мұнда қазақ халқының жылқы өсіру мәдениеті мен шабандоздық өнерін жаңғыртуға көмектеседі.

          Денешынықтыру мен тәрбиенің үйлесіміділігін іске асыруда маңызды құрал. Қоғамда балалардың физикалық белсенділігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау өзекті мәселелердің бірі. Шабандоздық өнер физикалық шыдамдылық пен тәртіпті қалыптастырады.

Этнотуризм мен мәдениетке қызығушылықты арттырады. Қазақстанда этнотуризм мен ұлттық дәстүрлерге қызығушылық артып келеді. Бұл әдістемелік құрал балаларды осы бағытқа бейімдеп, ұлттық құндылықтарды танып-білуге мүмкіндік береді.

    Табиғатпен байланысты нығайтады. Жылқы арқылы балаларды табиғатқа жақындату, экологиялық мәдениетті қалыптастыру маңызды. Бұл экологиялық сананы арттыру мен жануарларға деген сүйіспеншілікті тәрбиелеуде өзекті. «Шабандоз – авторлық бағдарламасы заманауи білім беру мен ұлттық құндылықтарды сақтау арасындағы байланысты нығайта отырып, қазіргі қоғамның сұраныстарына жауап береді.

Шабандоз – авторлық бағдарламасының мақсаты:

Ұлттық дәстүрлерді дәріптеу: қазақ халқының бай мәдени мұрасын, оның ішінде жылқы өсіру мен шабандоздық өнерді балаларға таныстыру. Ұлттық салт-дәстүрлер арқылы жас ұрпақты патриотизмге және ата-баба мұрасын құрметтеуге баулу.

Тәрбиелік мақсат: балаларға ерлік, батырлық, шыдамдылық, тәртіп және жауапкершілік сияқты қасиеттерді дарыту. Жылқымен байланысты еңбекқорлық пен табандылықты насихаттау.

Денсаулық және денешынықтыру: жылқыға мінудің пайдасын түсіндіріп, балаларды физикалық тұрғыдан шынықтыру. Шабандоздық өнер арқылы денсаулықты жақсарту және дене белсенділігін арттыру.

Табиғатқа және жануарларға деген сүйіспеншілікті қалыптастыру: балаларды жылқыларға қамқор болуға, оларды бағалауға және жануарларды жақсы көруге тәрбиелеу. Табиғат пен жануарлардың адам өміріндегі рөлін түсіндіру. Балалардың жылқы және шабандоздық туралы білімдерін арттыру. Атқа міну негіздерін және шабандоздық өнерді меңгеруге ынталандыру.

Шабандоз – авторлық бағдарламасының міндеттері:  

  Ұлттық құндылықтарды насихаттау: қазақ халқының шабандоздық өнері мен жылқы өсіру дәстүрін балаларға таныстыру және оны құрметтеуге үйрету.

  Тәрбиелік қасиеттерді қалыптастыру: балаларға ерлік, табандылық, жауапкершілік және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді дарыту.

  Дене тәрбиесі мен шығармашылықты дамыту: атқа міну негіздері арқылы балалардың физикалық белсенділігін арттыру және шығармашылық қабілеттерін дамыту. Атта шабу, жылқыны тану арқылы баланы тапқырлыққа, жылдамдыққа, шапшаңдыққа, икемділікке, батылдыққа үйрету.

Патриоттық тәрбие беру: Ең басты дені сау, еңсесін  тік ұстайтын, рухы мықты, ал жүрегі – Елім! Жерім! – деп соққан нағыз патриоттарды тәрбиелеу. Безендірілген бөлме арқылы  еліміздің керемет табиғатымен танысады.  Іс әрекет барысында қойылатын ұлттық күйлер мен патриоттық әндер арқылы балалардың рухын ояту.

«Шабандоз» – авторлық бағдарламасы ұлттық мәдениетті, шабандоздық өнерді насихаттап қана қоймай, балалардың денсаулығын нығайтуға, шығармашылық қабілеттерін дамытуға, табиғатты сүюге және жануарларға қамқорлық жасауға тәрбиелейді. Ертоқымға отырып, атты тізгіндеген  ұл бала бірінші  жауапкершілікті сезінеді. Атты тізгіндеу арқылы ел билеуді, басқаруды, қамқоршы болуды, елінің жауынгері  екенін сезінедіру, үйрету. Және сабақта балаларды аттың түрлерімен, төлдерімен, қамшы үзеңгі секілді жабдықтарымен таныстыру. Балалар өте жағымды әсер алады және денсаулығына өте пайдалы, денелері ширақ, өздерін сергек сезінеді.

Ұлттық тәрбие беру – ұрпақ санасына ғасырдан-ғасыр жалғасып келе жатқан, өз ұлтымыздың жауһарларын сіңіру. Жас ұрпақты ұлттық игіліктер мен адамзаттық құндылықтар аясында, қазақ халқының рухани-мәдени сабақтастығын сақтай отырып тәрбиелеу

«Шабандоз» — медициналық  жағынан пайдасы,  әсер ететін жолдары:
— Жүрек қантамыр жүйесіне
— Бас, ми қан айналымының толыққанды оттегімен қөректенуі
-Тыныс алу жүйесінің кеңеюіне, яғни өкпенің ашық керілуіне
— Сүйек, омыртқа қозғалтқыш аппараттарына
— Моторикасының әсерлі дамуына
— Сколиоз, остеохондроз сияқты аурулардың алдын алады.

Шабандоздың құрылымы: Табиғат безендірілген бөлме. Сырғымалы ат. Ертоқым. Қамшы. Үзеңгі.

Сонымен қоса, электронды киіз үй (күйлер, дәстүрлі әндер, патриоттық әндер, қазақ ертегілері, балалар әндері, Абайдың қара сөздері- барлығы 1200 шығарма жазылған таспа). Балалар: Бірінші атқа қалай міну керектігін үйренеді. Үзеңгіге бірінші қай аяқты салу керек. Қамшылау жағы деген қай жағы деген маңызды дүниелерді үйренеді. Ертоқымның физикалық тұрғыдан пайдасы туралы айтылады.

«Шабандоз» — авторлық бағдарламасының жаңалығы:

  • ұлттық дәстүрлерді жаңғыртуда жылқыға қатысты қазақ халқының мәдени мұрасын заманауи әдістемелер арқылы балаларға ұсыну және шабандоздық өнерді жаңа білім беру әдістерімен интеграциялануы;
  • кешенді тәсілдер қолданылуы, физикалық, тәрбиелік, танымдық және шығармашылық бағыттарды біріктіріп, балалардың жан-жақты дамуына ықпал етуі;
  • табиғатпен үйлесімділіктің сақталуы, атқа міну арқылы балаларды табиғатпен байланыстыру, жануарларға қамқорлық пен экологиялық сананы қалыптастыруы;
  • интерактивті форматта балалардың қызығушылығын арттыру үшін практикалық сабақтар, рөлдік ойындар және мультимедиалық ресурстарды қолданылуы.

Ойымызды қорыта келе, бұл бағдарлама негізінде балаларды жылқыны танып білуге, оған үйір болуға баулу — бұл ұлттық сана-сезімдерін жаңғыртып, тектілікке деген құрметті арттырудың маңызды қадам болады. Жылқы — қазақ халқының өмірінде ерекше орын алатын жануар, ол тек көлік құралы ғана емес, ұлттық болмысымыздың, рухымыздың бір бөлігі ретінде жас ұрпақтың жылқыны танып, оны құрметтеп өсуі олардың өз тегі мен тарихына деген мақтаныш сезімін қалыптастырады. Жылқы арқылы балалардың бойында отаншылдық, сүйіспеншілік және ұлттық рухты тәрбиелейді, тарихи мұраны жаңғырту арқылы олардың жадыны сергітіп, рухани кемелденуіне ықпал етеді, жас ұрпақтың бойындағы биік рухты, қайсарлықты және тектілікті дамытады. Туған жерін сүйетін, рухы мықты, елін қорғайтын және өз болмысын құрметтейтін азаматтар өсіп шығады, олардың санасына ұлттық мәдениетті сіңіріп, болашаққа деген сенімін арттырады. Балаларды жылқыны білуге,  жылқыға үйір болуға, жылқыны танып өсу – ұлттық сана сезімдерін сергітіп, тектілігімізбен таныстырады, бүгінгі жас ұрпақтың келешегі кемел, туған елін жан – тәнімен  сүйетін жады мықты, жанары отты, рухы биік азамат болуына ықпал етеді.

Бұл әдістемелік көмекші құрал шабандоздық өнер мен дәстүрлерді са қтауға және жаңа буынға жеткізуге бағытталған жаңашыл әрі тиімді еңбек  болып табылады.
     Шабандоз бағдарламасы бойынша өткізілген іс -шаралардан көрініс

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*