Главное сегодня

Алғыс — адамдықтың асыл қасиеті

Алматы қаласы, Бостандық ауданы КМҚК “№88 бөбекжай-балабақшасында” 1 наурыз — Алғыс айту күніне орай тағылымы мол, жүрекке жылу сыйлаған мерекелік кездесу ұйымдастырылды. Балабақша басшысы Л.С.Абдикадирова мен ұжымның бастамасымен ардагерлерге құрмет көрсетіліп, олардың көп жылғы еңбегіне шынайы алғыс білдірілді.

Алғыс айту күні — өткенге тағзым етіп, ел дамуына үлес қосқан жандардың еңбегін бағалайтын ерекше мереке. Осы игі дәстүр аясында білім ордасында қызмет етіп, талай жыл бойы адал еңбекпен ұжым абыройын асқақтатқан ардагерлер арнайы шақырылды.

Қонақтар қатарында меңгеруші лауазымында ұзақ жылдар жемісті, жауапты қызмет атқарып, беделді басшы ретінде танылған А.А.Куатова болды. Ол 2025 жылдың сәуір айында зейнеткерлікке шығып, саналы ғұмырын мектепке дейінгі білім беру саласына арнаған жан ретінде әріптестерінің зор құрметіне ие. Сондай-ақ, 2011-2025 жылдар аралығында бухгалтер қызметін абыроймен атқарған білікті маман Г.А.Мусурбекова да салтанатты шараның құрметті қонағы болды. Ұжымның алғысына бөленген тағы бір ардагер – №71 балабақшада меңгеруші қызметін ұзақ жылдар атқарып, беделді де жемісті еңбек еткен Дарибаева Гульнар Нурденовна. Олардың әрқайсысы – өз ісіне адалдықтың, жауапкершілік пен кәсібиліктің жарқын үлгісі.

Мерекелік кездесудің әсерлі сәттері тәрбиеленушілер дайындаған концерттік бағдарламаға ұласты. Балалардың жүрекжарды тақпақтары, әсем әндері мен би қойылымдары мерекенің ажарын аша түсті.

Шара барысында қазақ халқының «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген даналық сөзі іс жүзінде көрініс тапты. Балдырғандар мерекеге дайындалу кезеңінде де, сахна төрінде өнер көрсеткен сәтте де үлкенге құрмет көрсетудің мәнін сезініп, өнеге алды. Бұл — тәрбие жұмысының нәтижесі, ұжымның жүйелі еңбегінің жемісі.

Қонақтар өз кезегінде ризашылықтарын білдіріп, балабақша ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Олар болашақ ұрпақтың сенімді, білікті педагог мамандардың тәлім-тәрбиесін алып жатқанына көз жеткізгендерін айтып, жүрекжарды тілектерін арнады.

Алғыс айту күні аясындағы бұл тағылымды кездесу ұжымның бірлігі мен сабақтастығын, үлкенге деген құрметін айқындады.

Өткенге құрмет — келешекке сенім.

№88 бөбекжай-балабақшасының ұжымы осы қағиданы берік ұстанып, рухани құндылықтарды дәріптеуде өнегелі ісімен ерекшеленіп келеді.

Мереке шынайы алғыс пен ізгі тілектерге толы болып, қатысушылардың жүрегінде жылы естелік қалдырды.

 

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *