Жуырда Алматы қаласы білім басқармасына қарасты № 191 бөбекжай балабақшасы ұлттық бағытта қалалық семинар өткізді. Семинарға Бостандық ауданы Білім басқармасынан, қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталықтан, білім бөлімінен мамандар және басқа балабақша меңгерушілері мен әдіскерлері келіп қатысты.
Балабақша меңгерушісі Ерназарова Мөлдір келген қонақтарды қарсы алып, семинарды ашты.
Балабақшаға кіре сала ең әуелі ұлттық нақышта безендірілген көрмеге көзіміз түсті. Ата-аналармен бірлесе жасалған «Ұлттық өнер — ұрпаққа мұра» деп аталатын бұл көрме балабақша бүлдіршіндеріне ұлттық сана сезімді, рухани мұраларға деген құрмет пен ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті қалыптастырады. Семинарға келген қонақтар заманауи цифрлық технологияларды пайдалана отырып, QR-код арқылы тіркеліп, семинар бағдарламасымен электронды түрде танысты. Сонымен қатар, өз пікірлері мен ұсыныстарын да QR-код арқылы қалдыру мүмкіндігіне ие болды. Содан соң үлкен залдағы қазақы киіз үйге беттедік. Құдды бір қазақ ауылындағы бір отбасының шаңырағына кіріп кеткендей әсерде болдық. Ішінде керектің бәрі бар. Дастархан бауырсақ, құрт, жент, талқан тағы басқа ұлттық тағамға толы болды. Ұжымның бүгінгі тақырыпты барынша ашуға тырысқандары осыдан-ақ көрінеді. Одан әрі бірінен кейін бірі топтар ортаға шығып, өздерінің дайындаған өнерлерін көпшілік назарына ұсынды. Бірінші болып сахна төрінде мектепалды «Шабдалы» тобы өнер көрсетті. «Шабдалы» мектепалды тобы «Театрдың ғажайып әлемі» аудандық байқауында І-орын иеленіп, «Қазақтың мақтаныштары» атты қойылымын ұсынды. Бұл туынды жас ұрпақ бойында ұлттық рух пен мақтаныш сезімін қалыптастыруға бағытталған.
Келесі кезекте «Жүзім» тобының ұлттық құндылыққа толы ашық іс-әрекетін тамашаладық.
Жалпы ұлттық мұраны қайта жаңғырту және дәріптеу мақсатында өткізілген семинар барысында ұжым мен тәрбиеленушілер болып тыңғылықты дайындалғандары көрініп тұр.
Балабақшада біртұтас тәрбие бағдараламасы аясында “Әжелер мектебі” мен “Әкелер мектебі” құрылған болатын. Олар да бүгін семинарға атсалысуда. Ер балаларды еңбекке баулыған ата қамшы өрудің қыр-сырын көрсетті. Сонымен қатар, қамшыға қатысты ырым-тыйымдарды түсіндіріп берді.
Ал, аналар болса қыз балаларға бұрым өруге қатысты көптеген қызықты мысалдар айтып түсіндірді. “Әр қазақ қызының шашында шашбауы сылдырлаған, сол сылдырынан қыз баланың мінезінің қандай екенін білген” деді аналар. “Сонымен қатар, кесте тігу білмеген қыз болмаған” деп қыз балаларға кесте тігу өнерін үйретті.
Балабақша тәрбиешісі Жақыпова Айнұр «Тәрбиеленушілердің эмоцияналдық және физикалық жайлылығын жан-жақты және толық дамуын қамтамассыз ететін даму ортасы» тақырыбын кеңінен талқылады.
СНХ: манитор түсіндіру
Жиналған қонақтар балабақша меңгерушісі Ерназарова Мөлдір мен әдіскер Абилмажит Еңіліктің жетекшілігімен балабақшадағы топтарды дамытушы орталықтарға саяхат жасауға аттанды. Әр бөлме өз атына сай жабдықталған, балаға барынша қолайлы жағдай жасалған. Саяхат көпшілік көңілінен шығып, қонақтар өз ойларымен бөлісті. Психолог Ураханова Ақнұр “Киіз үйді құрайық” тренинг-сергіту сәтін өткізді. Семинар соңы сұрақ-жауап айдарымен жалғасты. Берері мол семинарға риза болған жиналған қауым мекеме ұжымына алғысын білдірді.
Жұлдыз Смаилова
«Білім айнасы»
Алматы қаласы