Home » статьи » Бала тәрбиесінде – үштік одақтың рөлі

Бала тәрбиесінде – үштік одақтың рөлі

Бала – елдің ертеңі, ұлттың болашағы. Оның бойына білім мен тәрбие дарыту – әр қоғам мүшесінің, әсіресе ата-ана, тәрбиеші мен ұстаздың ортақ борышы. Осы ұстанымды арқау еткен «Үштік одақ қызметіндегі: балабақша, мектеп және отбасының сабақтастығы» атты қала көлеміндегі ауқымды іс-шара №194 бөбекжай-балабақшасы мен №186 мектептің ұйымдастыруымен жоғары деңгейде өтті.

Іс-шара Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Салтанат Амангелдиевнаның басшылығымен өткізілді.

Шараның негізгі мақсаты – үштік одақтың атқаратын әлеуметтік-педагогикалық қызметін насихаттай отырып, бала құқығы мен мүддесін қорғау, оның еркіндігін қамтамасыз етудегі ортақ жауапкершілікті нақтылау.

Жиын барысында мектепалды топтары мен мектепалды даярлық топтары – «Қыран» және «Сұңқар» топтарының тәрбиеленушілері «Ақыл-ой алаңына» шығып, өз білімдері мен тапқырлықтарын ортаға салды. Балалардың таныстыру өлеңдері, ұлттық құндылықтарды дәріптеген ойындары мен тапқырлықтары көрермендерді тәнті етті.

«Кім жылдам?» атты логикалық ойында бүлдіршіндер математикалық сұрақтарға жауап беріп, ұлттық аспаптарды таныды, көктем мезгілі мен ғарыш әлеміне қатысты сұрақтарға өз білімдерін паш етті. Әр кезең балалардың жан-жақты дамуына, тапқырлығын шыңдауға, еркін сөйлеуіне бағытталған.

Екінші кезең – «Сиқырлы қазақ үй» деп аталып, халық ауыз әдебиеті элементтерін қамтыды. Жұмбақ, жаңылтпаш, мақал-мәтелдер арқылы балалардың тіл байлығы мен логикалық ойлау қабілеті сынға түсті. Әсіресе, суретті ребус пен «Жасанды интеллект: достардан тосын сый» тапсырмасы балаларды ерекше қызықтырды.

Келесі кезең – «Сезін де, сөйле» – балаларға сиқырлы сандық ішінен алынған ұлттық бұйымдарды сипаттап айтып беру арқылы тіл байлығын дамытуға бағытталды. Мұнда асық, тақия, қамшы секілді ұлттық бұйымдар жайлы өз түсініктерін әсерлі жеткізген бүлдіршіндердің тапқырлығына әділқазылар ризашылық білдірді.

   

Аталған интеллектуалды ойынды балалармен жоғары деңгейде өткізген балабақша тәрбиешісі Сапарғалиева Алтынай Дюсенғалиевнаға әділқазылар алғыстарын білдірді.

Сонымен қатар Беккожаева Айгуль Какимбековна балабақша тәрбиешілері, мектеп ұстаздары мен ата-аналар арасында “Пікір — ой алаңы” ұйымдастырып, қатысушылармен өзара пікір алмасты. Сарапшылар да өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарын білдірді.

Тәрбиешілер бала еркіндігін қалыптастырудағы тіл табысу мен жақындық орнатудың жолдарын ұсынса, ата-аналар отбасында ойналатын ұлттық ойындардың бала тәрбиесіндегі орны туралы ой қозғады. Ұстаздар қауымы балабақша мен мектеп арасындағы сабақтастықтың бала болашағына әсерін нақты мысалдармен дәлелдеді.

Шара соңында әділқазылардың шешімімен үздік топ анықталып, бүлдіршіндер марапатталды. Әділқазылар құрамында Наурызбай аудандық білім бөлімінің басшысы Кусайнова Салтанат Амангелдиевна, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз Еденбаева Зәуре Дөненбекқызы сынды тәжірибелі мамандар болды.

Қорытынды сөз барысында бала тәрбиесінің күрделілігі мен маңыздылығы ерекше атап өтіліп, ұлттық құндылықтар негізінде тәрбие берудің маңыздылығы айтылды. Тәрбиеші мен ата-ананың бірлескен әрекетінің маңыздылығы, баланың ішкі еркіндігін сақтау, мейірімділік таныту сынды құндылықтар ерекше аталып өтті.

№194 бөбекжай-балабақшасы ұйымдастыру ісінде жоғары кәсіби шеберлік пен жауапкершілік танытып, шараның мазмұнды әрі жоғары деңгейде өтуіне зор үлес қосты. Балабақша ұжымы өзара ынтымақтастығы, ұйымшылдығы және балалардың жан-жақты дамуына қосқан үлесімен көпшіліктің ризашылығына бөленді.

«Тәрбие – тал бесіктен» дейтін халқымыз үшін мұндай шаралар ұлттық болмысымызды сақтап, келешек ұрпақты ізгілікке баулудың жарқын үлгісі екені анық. Бүгінгі бүлдіршін – ертеңгі ел тізгінін ұстар азамат. Сондықтан үштік одақтың өзара байланысы нығайған сайын, еліміздің болашағы да жарқын болмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*