Home » статьи » Ұлы Жеңіс – мәңгілік тағзым

Ұлы Жеңіс – мәңгілік тағзым

Алматы қаласы, Медеу ауданы №7 жалпы білім беретін мектебінде тарихи маңызы зор, патриоттық рухты асқақтатқан тағылымды іс-шара өтті. «Ұлы Жеңіске 80 жыл! Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмақ емес!» атты шара – жас ұрпақтың жүрегіне Отанға деген сүйіспеншілікті ұялатқан, тарихты қадірлеуге үндеген маңызды басқосу болды.
Іс-шара ардагерлердің рухына тағзым ете отырып, бір минут үнсіздікпен басталды. Бұл сәт залда отырған әрбір жанның жүрегін тебірентіп, тарихтың қадірі мен бейбіт өмірдің бағасын терең сезіндірді. Ұлы Отан соғысы жылдарының ауыртпалығын, батырлардың ерлігін бүгінгі ұрпақ ұмытпауы тиіс екенін тағы бір мәрте еске салды.

Мектептің 3-сынып оқушылары шара барысында өздерінің патриоттық сезімін өлең шумақтарымен өрнектеді. Балғын бүлдіршіндердің жүректен шыққан жырлары көрермендердің көңілін толқытты. Сондай-ақ, ардагерлердің өмір жолына арналған екі бейнеролик ұсынылып, көрермендер көзбен көріп, жүрекпен сезінді. Бұл видеолар – соғыс жылдарының зұлматын, жауынгерлердің жанқияр ерлігін, бүгінгі бейбіт өмірге жетудің қандай қиын жолдан өткенін айқын көрсетті.

Музыкалық бағдарлама да мазмұнды әрі әсерлі болды. Хор ұжымы «Жойылсын жалғыз сөз соғыс деген», «28 Батыр», «Ақ көгершін» әндерін орындап, залдағы көпшіліктің көңілінен шықты. Әндер соғыстың зұлматын ғана емес, бейбіт өмірге деген мәңгілік ұмтылысты, арманды жеткізді.

Шараның тағы бір ерекше сәті — 3-сыныптың ұлағатты ұстазы Бенкс Эмиляның орындауындағы «Кестелі орамал» әні болды. Ұстаздың шынайы орындауы мен жүректен шыққан әрбір әуені тыңдарманның жүрегіне жылы тиіп, әсерлі атмосфера тудырды. Бұл ән — соғыстағы сарбаз бен елдегі ананың, туған елдің арасындағы үміт пен сағынышты бейнелеген туынды еді.


Іс-шараны ұйымдастыруға және өткізуге №7 мектептің 3-сынып оқушылары мен олардың жетекшілері – ұлағатты ұстаздар Бенкс Эмиля мен Исатай Гүлнұр Төлеуқұлқызы үлкен жауапкершілікпен қараған. Ұстаздардың жанкешті еңбегі мен балалардың белсенді қатысуы арқылы бұл күн қатысушылардың есінде ұмытылмас сәт болып қалды. Олардың еңбегі – өткенді құрметтеудің, бүгінгі бейбіт өмірді бағалаудың, келешек ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің жарқын үлгісі болды.

Мұндай тағылымды шаралар өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылық пен тарих алдындағы жауапкершілікті сіңірері сөзсіз. Батыр бабаларымыздың ерлігін ұмытпай, бейбіт өмірді қадірлей білетін ұрпақ қана мәңгілік елдің тұғыры болмақ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*