Главное сегодня

Қарияға құрмет — ұрпаққа өнеге

Қазақ халқы әрқашан үлкенін сыйлап, қариясын ардақтауды өзінің ең басты дәстүрі деп білген. «Қарты бар үйдің — қазынасы бар» деп бекер айтпаған дана халқымыз.
Осыған орай Алматы қаласы Түрксіб ауданына қарасты №203 жалпы білім беретін мектебінің 6-сынып оқушылары сынып жетекшілері Майгүл Қуатқызымен бірге «Шаңырақ» әлеуметтік қызмет орталығына барып, қазыналы қарттарымызбен кездесті. Балғын жүректерін қуаныш пен мейірімге бөлеп, үлкендерге қолғабыс жасап қайтқан бұл игі іс балалар үшін де, қариялар үшін де жүрек жылуын сыйлаған тағылымды шара болды.

Балалар аталары мен әжелерін шын ықыласымен құттықтап, жылы лебіздерін білдіріп қана қоймай, қолдарынан келген көмектерін көрсетіп, ізгі ниетпен тарту-таралғысын да ұсынды. Әңгіме-дүкен құрып, қариялардың ақ батасын алған шәкірттер ерекше әсермен оралды. Олар үшін бұл күн тек қана мерекелік шара емес, өмірлік сабақ, үлкенді сыйлаудың, қамқорлық көрсетудің нағыз үлгісі болды.

Ата-аналар да бұл игі іске үлестерін қосып, жас ұрпаққа қолдау танытты. Әсіресе, осы сыныптың ата-анасы Таиров Мухидин Мехирдинович ағамыздың еңбегін атап өтпей кетуге болмас. Ол кісінің қамқорлығы мен ықыласы балаларға өнеге болып, қайырымдылық жасаудың қаншалықты маңызды екенін айқын көрсетті.

Балалар сондай-ақ «Таза Қазақстан» экологиялық фестиваліне өз үлестерін қосып, қарттар үйі ғимаратының маңын тазартты. Бұл іс-шара олардың табиғатты аялау мен қоршаған ортаға жанашырлықпен қараудың да маңызды екенін түсіндірді.

«Шаңырақ» орталығының қариялары мен қызметкерлі де бүлдіршіндерге дән риза болып, жүрекжарды алғыстарын айтты. Олар жас ұрпақтың ізеттілігіне сүйсініп, осындай қамқор әрі адал балалардың барына қуанды. Әрбір баталы сөз — балалардың жүрегіне сенім ұялатып, үлкенді сыйлаудың өмірлік мәнін айшықтап берді.

Бұл шара мектеп ұжымы үшін де, ата-аналар үшін де, оқушылар үшін де үлкен маңызға ие. Өйткені жас буынға мейірімділік пен жанашырлықты үйрету-болашақта «Адал азаматтарды» тәрбиелеудің ең басты жолы. Аталған шаралардың барлығы «АДАЛ АЗАМАТ» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында жүзеге асырылып келеді. Қарияға құрмет көрсеткен әрбір бала болашақта қоғамына, еліне, халқына адал қызмет ететін азамат болып қалыптасары сөзсіз.

Мектеп қабырғасында ғана емес, осындай әлеуметтік бастамаларда шыңдалған оқушылардың жүрегінде адамгершілік, ізгілік, қайырымдылық секілді асыл қасиеттер орнығып, өмір жолында бағыт-бағдар болады.

Қорыта айтқанда, оқушыларының бұл игі қадамы — баршаға үлгі. Қарттарын сыйлаған халықтың болашағы әрқашан жарқын болмақ. «Қарты бар ел — қазыналы ел» деген нақылдың мәні осындайда айқындала түседі.

Алматы қаласы, Түрксіб ауданы
№203 жалпы білім беретін мектебінің
6 “Г” сыныбының сынып жетекшісі және
тарих пәнінің мұғалімі Майгүл Қуатқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *