Home » статьи » Адал ұлы, азаматы Алаштың

Адал ұлы, азаматы Алаштың

Міржақып Дулатұлының 140 жылдығына арналған тағылымды кеш №36 гимназияда өтті

Қазақ әдебиеті мен ұлт азаттығы жолындағы күрестің көрнекті өкілі, Алаш қозғалысының қайраткері, ағартушы, публицист Міржақып Дулатұлының туғанына 140 жыл толуына орай Б.Атыханұлы атындағы №36 гимназияда тағылымы терең, мазмұны бай «Адал ұлы, азаматы Алаштың» атты әдеби-танымдық кеш өткізілді.
      

Бұл кештің басты мақсаты – жас ұрпаққа Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын таныту, олардың жүрегіне елдік пен еркіндік идеясын сіңіру, ұлттық тарихқа құрмет сезімін қалыптастыру болды. Тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған бұл рухани шара гимназияның тәрбие жұмысының маңызды бөлігіне айналды.

Кешті гимназия директоры А.М. Аксерикова салтанатты түрде ашып, қатысушыларды құттықтап, Міржақып Дулатұлының қазақ руханиятындағы ерекше орнына тоқталды.
«Міржақып Дулатұлы – ұлттық намысты ту етіп, азаттық идеясын шығармашылығы арқылы ұрпақ санасына жеткізген тұлға. Бүгінгі кештің мақсаты – осы асыл мұраны жас буынға аманат ету», – деді ол өз сөзінде.

Кеш барысында гимназияның шығармашылық ұжымы Міржақып Дулатұлының өлеңдері, публицистикалық мәтіндері және «Оян, қазақ!» еңбегінен үзінділерді сахналады. Оқушылардың актерлік шеберлігі мен көркемдік тұрғыдан жоғары деңгейде дайындығы көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. «Оян, қазақ!» ұранының тарихи кезеңдегі маңызы жас зерттеушілердің баяндамаларында жан-жақты талданып, оқушылардың ұлттық тарихқа деген қызығушылығын арттырды.

Осы ретте сахнаға көркем сөз үйірмесіне қатысатын оқушылар да шығып, өз өнерлерін көрсетті.
Көркем сөз үйірмесінің жетекшісі – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген өнер қайраткері Есетова Гүлшат Есетқызы.
Оның дайындығымен сахнаға шыққан оқушылар ұлт зиялысының рухани мұрасын терең сезініп, поэзияның қуатын көрерменге әсерлі түрде жеткізді.

Кештің қадірлі қонақтары –
Сатыбалдиева Жанат Әбенқызы,
Сатыбалдиев Ерлан Әбенұлы,
шөберелері Шамкенова Іңкәр, Данияр Дулатов,
сондай-ақ Ахметтанушы, А.Байтұрсынов мұражайының жетекшісі Райхан Сахыбекқызы – Міржақып Дулатұлы туралы өз естеліктерімен бөлісті.

Олар қайраткердің күрескерлік тұлғасы, Алаш қозғалысындағы рөлі, қуғын-сүргін жылдарындағы тағдыры және ұлт болашағы үшін жасаған еңбегі туралы тың деректер келтірді.
Ахметтанушы Райхан Сахыбекқызы өз сөзінде:
«Алаш арыстарының мұрасын зерделеу – өткенді тану ғана емес, болашаққа жол ашатын рухани бағдар. Міржақып Дулатұлының мұрасы – қазақтың тәуелсіздік тарихының алтын арқауы», – деп атап өтті.

Кештің маңызды бөлімі – Міржақып Дулатұлының қызы Гүлнәр Міржақыпқызы жинақтаған естеліктері мен хаттары негізінде дайындалған деректі фильмнің көрсетілімі болды. Фильмде қайраткердің өмір жолы, ұлт үшін күреске толы ғұмыры, қуғын-сүргін кезеңіндегі ауыр тағдыры және туған жерге қайта жерленуі туралы тарихи деректер ұсынылды. Сирек фотосуреттер мен архивтік құжаттар көрермендерге тұлғаның шынайы бейнесіне тереңірек үңілуге мүмкіндік берді.

Шара соңында оқушылар Міржақып Дулатұлына арналған музыкалық композициялар орындап, ұлттық рухты көтеретін әуендер кештің сәнін аша түсті. Көрермендердің жылы лебіздері мұндай мазмұнды кездесулердің жас ұрпақтың тарихи санасын қалыптастыруда ерекше рөл атқаратынын көрсетті.

Кеш соңында қатысушылар Міржақып Дулатұлының ұлт үшін жасаған еңбегі – уақыт өткен сайын құндылығы арта түсетін мәңгілік рухани мұра екенін атап өтті. №36 гимназия ұжымы келешекте де осындай тәрбиелік мәні зор іс-шараларды жалғастыруға ниетті екенін жеткізді.

Бөлтірік Атыханұлы атындағы
№36 гимназия директоры

Аксерикова Акмарал Магжановна

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*