Home » статьи » Табиғатқа жақын – балаға жақын әлем

Табиғатқа жақын – балаға жақын әлем

Табиғатқа жақын – балаға жақын әлем
№91 бөбекжай-балабақшасындағы қалалық семинардан репортаж
Алматы қаласы, Бостандық ауданы КМҚК «№91 бөбекжай-балабақшасы» базасында «Табиғат және біз» жобасы аясындағы «Эко әлем» дамытушы ойындарына арналған қалалық семинар өтті. Табиғи орта мен баланың даму процесін өзара ұштастыратын бұл семинар мектепке дейінгі білім беру саласындағы педагогтер үшін тәжірибе мен жаңа идеялар алаңына айналды.
Іс-шараға Қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының басшысы Карасёва Н.В., орталық әдіскері Мустафаева А.С., Бостандық ауданының білім бөлімінің басшысы Қасымбек А.Ж., бөлімнің бас маманы Муратова Ш.М., аудандық әдістемелік бірлестік өкілдері, сондай-ақ қалалық мектепке дейінгі ұйымдардың әдіскерлері мен тәрбиешілері қатысты. Семинар қонақтары қатарында Алматы қаласы, Бостандық ауданы №146 мектеп-лицейінің директоры Нурмуханбетов Г.К. болды.
Семинардың ашылуы – жылы шеңбер мен ортақ мақсат
    
Семинар қатысушыларды тіркеуден басталып, көп ұзамай №91 балабақша меңгерушісі Дильмагамбетова Гүлзия Абдрахмановна құттықтау сөз сөйледі. Ол балабақша базасында өтіп жатқан экологиялық бағыттағы іс-шараның маңызды екенін атап өтіп, педагогтердің шығармашылық ізденісіне, табиғатпен жұмыс жасаудың жаңаша әдістерін меңгеруіне бағытталған семинардың мақсаты мен міндеттерін таныстырды.
Бөбекжай психологы Узынжасова А.Ж. қатысушыларды «Жылы шеңбер» тренингі арқылы бір ортаға біріктіріп, оларды 6 түрлі мазмұндағы аймаққа бөлді. Әр аймақ — баланың табиғи ортаны тану дағдысын дамытуға арналған жеке тәжірибелік бағыт ретінде ұсынылды.
Эко аймақтар: табиғат құндылықтары мен дамытушы ойындардың бірлігі
Семинардың негізгі бөлімі тәжірибелік шеберлік сабақтарымен жалғасты. Әр аймақ ерекше мазмұнмен толығып, педагогтерге функционалды, экологиялық және дамытушы құралдардың мүмкіндігін кеңінен таныстырды.
1. «Эко Әлем» дамытушы ойындары
Жауаптылар: Ихсангалиева А.Н., Нәби Г.Қ.
Бұл аймақта түрлі ағаш материалдарынан дайындалған экологиялық дамытушы ойындар ұсынылды. Табиғи бұйымдармен жұмыс жасау балалардың ұсақ моторикасын дамытуға, зейінін шоғырландыруға, ойлау қабілетін арттыруға бағытталған. Педагогтер ағаш ойыншықтарының қауіпсіздігі мен экологиялық тазалығының маңызын атап өтті.
2. «Ғылым және қайта өңдеу»
Жауаптылар: Мәулет А., Оразбаева Л.К., Кабышева О.В.
Бұл аймақта тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеуге арналған ғылыми-танымдық тапсырмалар көрсетілді. Қатысушылар пластик, қағаз, шыны секілді қалдықтардан жаңа бұйымдар жасау тәсілдерін көріп, балаларға экологиялық тәрбие берудің ең қолжетімді жолдарымен танысты. Эксперименттік жұмыстар балалардың зерттеушілік дағдысын дамытады.

3. «Табиғат бояуларымен сурет»
Жауаптылар: Венера Аскаровна, Жумадилова З.З., Орекенова Г.Т.
Дәстүрден тыс сурет салу әдістері ерекше қызығушылық тудырды. Педагогтер табиғи материалдар — гүл күлтелері, жапырақтар, топырақ, құм және көкөніс шырынын қолдана отырып сурет салу тәсілдерін көрсетті. Бұл әдіс балалардың эстетикалық талғамын әрі табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттырады.
4. «Дәстүр ойынындағы даналық»
Жауаптылар: Иса Г.Ғ., Исмаил П.М., Махатова А.К.
Ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған ойындар арқылы қазақ халқының табиғатпен етене байланысы түсіндірілді. Бұл аймақта қатысушылар ұлттық ойындардың экологиялық тәрбиемен байланысын бақылап, балалар бойында отансүйгіштік пен ұлттық болмысты қалыптастыру жолдарымен танысты.
5. «Табиғат әуені»
Жауаптылар: Изтлеуова Ж.Т., Алпысбаева Р.А., Данияр С.Н.
Бұл аймақтың ерекшелігі — тұрмыстық жарамсыз заттарды қайта пайдалану арқылы музыкалық аспаптар жасау. Қарапайым қалдық материалдардың әуезге айналуы педагогтерге де, қатысушыларға да ерекше әсер қалдырды.
6. «Табиғаттан туған таным»
Жауаптылар: Шаңбай Э.Б., Амирешева Б.Е.
Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалармен жүргізілетін логопедиялық практикум ұсынылды. Табиғи материалдарды қолдану арқылы дыбыстау, артикуляция, қимыл дағдыларын дамыту әдістері көрсетіліп, инклюзивті бағыттағы жұмыстың тиімді тәсілдері жан-жақты түсіндірілді.
Шеберлік сағаты — тәжірибенің шыңы
«Эко әлем» дамытушы ойындары бойынша шеберлік сағатын тәрбиеші Темирова Л.Ж. жүргізді. Ол қатысушыларды ойындарға тікелей араластырып, интерактивті форматта сабақ өткізді. Қатысушылар өздері тәжірибе жасап көріп, дамытушы ойындардың балаларға әсерін нақты сезінді.
Экологиялық дәліздер – тәрбиелік орта үлгісі
Балабақша ішіндегі «Дамытушы дәліздерге» ұйымдастырылған экскурсия қонақтар үшін ерекше әсер қалдырды. Дәліздер табиғи стильде безендіріліп, экологиялық ортаның тәрбиелік маңызы кеңінен таныстырылды.
Музыкалық сәлем — педагогтерге арналған мерейлі сәт
Семинар соңында балабақша тәрбиешілері «Ұстазым» әнін орындап, қатысушыларға рухани лебіз жолдады. Осылайша семинар жылы атмосферада қорытындыланды.
Семинар қорытындысы
Семинар барысында мектепке дейінгі ұйымдарда экологиялық бағыттағы дамытушы ойындарды көбейту, тәжірибелерді білім беру ұйымдары арасында кеңінен тарату, сондай-ақ «Эко әлем» ойындарына арналған әдістемелік құрал әзірлеу қажеттілігі атап өтілді.
Педагогтер экологиялық тәрбиенің инновациялық әдістерін, ойын технологияларын, орта қалыптастырудың тиімді тәсілдерін талқылап, шығармашылық тәжірибе алмасты.
Қатысушылар семинардың педагогтердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға, шығармашылық әлеуетін дамытуға, сондай-ақ оқу-тәрбие үдерісіне экологиялық мазмұнды жаңашыл форматта енгізуге зор ықпал ететінін ерекше бағалады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*