Home » Новости » Ашық есік күні

Ашық есік күні

Алматы қаласы, Алмалы ауданы, КМҚК №12 бөбекжай — балабақшасында
“Ашық есік” күні өтті.

Өтіліп жатқан “Ашық есік” күніне балабақшадағы әр топтың бүлдіршіндерінің ата-анасы шақырылды.

Бұл күнді өткізудегі басты мақсат: «Балабақша — бала — ата-ана»
үштік одағы аясында балабақша мен ата-ана арасындағы байланысты нығайту, ата-аналардың белсенділігін және балабақшаға деген құрмет сезімдерін арттыру, мектепке дейінгі ұйымдардың жұмысының ашықтығын көрсету.

Іс-шараны басында балабақша меңгерушісі Нурманбетова Гулжамал Дакесовна өзінің алғы сөзімен бастады. Кейін ата-аналарды және келген қонақтарды балабақшаның ішін аралатып, әр топтың жұмысымен жеке таныстырды.

Алғашқы болып «Бүлдіршін» тобы өздерінің «Дәмді құрт жасаймыз» атты іс-әрекетін ұсынды. Балалар ақ жаулықты әжемен бірге жер үстел басына жайғасып, құрттың жасалу жолдарын тыңдап, оны өз қолдарымен дайындады. Әже балаларға құрттың пайдасы туралы айтып, оның қазақ дастарханындағы маңызды тағам екенін түсіндірді.

 

Келесі кезекте қонақтар «Айгөлек» тобының «Мергендер» атты іс-шарасын тамашалады. Мұнда тәрбиешілер мен ата-ана балаларға садақ ату әдістерін үйретті. Балалар шаттық шеңберіне жиналып, арнайы жаттығулар жасап, көздеп ату дағдыларын меңгеруге тырысты. Бұл іс-шара балалардың ептілігі мен шыдамдылығын дамытты.

Үшінші болып «Айналайын» тобы «Біз өнерлі баламыз» атты шығармашылық іс-әрекетін ұсынды. Мұнда ата-аналар қыз балалармен бірге «Киіз басу» өнері туралы әңгімелеп, бірлесе жұмыс жасады. Ал ұлдар ұлттық ойын «Ләңгі» жайлы ақпарат алып, өз қолдарымен қойдың жүнінен ләңгі жасап, ойын көрсетті. Балалардың өнері қонақтардың көңілін көтеріп, ерекше әсер сыйлады.

Келесі кезекте «Балдырған» тобы «Оюлы кесте» және «Қамшы өру» тақырыптарында ұйымдастырылған іс-шараларын ұсынды. Ұл балаларға ата-аналар қамшы өрудің қыр-сырын түсіндіріп, олармен бірге қамшы өрді. Қыз балалар кесте тігіп, ұлттық оюлардың мағынасын түсіндірді. Сонымен қатар, тәрбиешілер балалармен бірге сергіту сәтін өткізіп, ұлттық ойындар ұйымдастырды. Балалар киіз үйдің ішінде жасырылған мақал-мәтелдерді жалғастырып, киіз үйге байланысты сұрақтарға жауап берді. Ұлдар «Асық ату» ойынын ойнап, өз шеберліктерін көрсетті.
Балабақшаның барлық тобын аралап болған соң, музыкалық қойылым көруге ән-күй залына келдік. Бүлдіршіндердің мың бұрала би билеп, ән айтқанын көріп бір марқайып қалдық. Қонақтардың көңіл-күйі көтеріліп, іс-шараның соңы пікір алмасумен аяқталды.

Осылайша, Ашық есік күні ата-аналар мен балаларға ұлттық дәстүрлерді дәріптеп, оларды бір-біріне жақындата түсті. Ашық есік күні ата-аналар мен тәрбиешілер арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, сенімділік орнатуға мүмкіндік берді. Бұл шара ата-аналарға балалардың тәрбиесі мен білім алуы үшін жасалған жағдайларды өз көздерімен көруге көмектесті. Шара барысында ата-аналар әр топқа кіріп, балаларының күнделікті қалай уақыт өткізетінін көрді. Балабақша топтарының безендірілуі ерекше көңіл-күй сыйлап, балалардың шығармашылық дамуына қолайлы орта жасалғаны байқалды.

Осындай керемет іс-шараны ұйымдастыруға ұйытқы болған балабақша әдіскері Биримкулова Майра Талкибаевнаның еңбегінде айтып өтпеске болмас. Іс- шара жоғары деңгейде өтті. Ұлттық құндылықты дәріптеп, бүлдіршіндерге ұлттық тәрбие беріп отырған КМҚК №12 бөбекжай-балабақшасының барша балабақша тәрбиешілері Турсынбаева Рита, Баймуханова Гулназат, Алтынбекова Айгерим,Мустапаева Раушан, Иманбай Алина, Әлібек Жауқасын, Тұрсынбаева Роза, Алтынбекова Айгуль, Кеңесбайқызы Нағима және меңгеруші Нурманбетова Гулжамал Дакесовнаға мың алғыс білдіре отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

Алматы қаласы
BILIM AINASY
Елназ Тұрсынғалиқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*