Аспаздық шеберхана
Алматы қаласы, Алатау ауданы №164 бөбекжай-балабақшасында өткен «Ерте жастан еңбекке және кәсіпке баулу» республикалық пилоттық жобасы аясында ұйымдастырылған «Аспаздық шеберхана» атты іс-шара мектеп жасына дейінгі балаларды еңбекке баулу мен кәсіптік бағдар берудің маңыздылығын айқындайтын мазмұнды алаңға айналды. Аталған шараның басты мақсаты — балалардың мамандықтар әлеміне деген эмоционалдық оң көзқарасын қалыптастыру, олардың жеке қабілеттерін түрлі әрекеттер арқылы ашу және кез келген еңбектің қоғамдағы орны ерекше екенін ұғындыру болды.
Іс-шараға білім беру саласының тәжірибелі басшылары, әдіскерлер, сарапшылар мен педагогтер қатысып, мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудағы өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады.

Олардың қатарында қалалық мектепке дейінгі ресурстық орталығының басшысы Карасёва Наталья Викторовна , әдіскер Туралина Жанар Анварбековна, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Балаларды ерте дамыту институты» РММ өкілі, аға сарапшы Айзель Алибековна Абдульдинова сынды білікті мамандар болды. Сонымен қатар, республикалық және өңірлік білім беру ұйымдарының өкілдері, балабақша меңгерушілері мен педагогтері де белсенді қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Семинар балабақша меңгерушісі Махатова Акбопе Турсынкожаевнаның алғы сөзімен ашылды.
Іс-шара барысында мектепке дейінгі жастағы балаларға еңбек тәрбиесін берудің маңыздылығы кеңінен сөз болды. Абдульдинова Айзель Алибековна өз баяндамасында еңбекке баулу — тұлғаның жан-жақты дамуының негізі екенін атап өтті. Ал Жанар Анварбековна — отбасы мен балабақша арасындағы өзара байланыстың маңызын айта отырып, балаларда дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру жолдарын ұсынды. Туризм және қонақжайлылық индустриясы колледжінің өкілі Лилия Иосифовна цифрлық интерактивті ортаның мүмкіндіктеріне тоқталып, ойын арқылы кәсіпке баулудың заманауи тәсілдерін таныстырды. Ал Улжан Ердосановна «Кішкентай қолдар – үлкен істерге бастама» тақырыбында сөз сөйлеп, бала еңбегінің алғашқы қадамдары болашақ табыстың іргетасы екенін ерекше атап өтті.

Практикалық бөлімде ұйымдастырылған кіріктірілген іс-әрекеттер қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды. «Достық дәмі» тақырыбындағы жұмыс барысында балалар тағам дайындау арқылы бірлік пен достықтың мәнін түсінді. Бұл бағытта педагог-сарапшы Балжан Шымкентбаевна мен педагог-модератор Айгерим Бозгулановна кәсіби шеберліктерін көрсетті. Мектепалды «Гүлдер» тобында өткен «Дәмді тоқаш» іс-әрекеті барысында балалар асхана еңбегіне белсенді қатысып, еңбекке деген қызығушылықтарын арттырды. Бұл жұмысты Жанар Женисбаевна мен Гүлхан Мырзахметқызы жоғары деңгейде ұйымдастырды.
Сонымен қатар, «Бір астаудан дәм татсақ — достығымыз артады» атты іс-әрекет балалардың әлеуметтік қарым-қатынасын нығайтуға бағытталды. Педагогтер Клара Омирахынқызы мен Венера Жомартбековна балалардың топпен жұмыс жасау дағдыларын дамытуға ерекше көңіл бөлді.

Қимыл белсенділігіне арналған бөлімде балалардың дене дамуы мен қозғалыс мәдениетін қалыптастырудың тиімді әдістері көрсетілді. Бұл бағытта Лаззат Нуржауовна, Улбола Жумаханқызы, Жанаркуль Кадиракуновна және Акжаркын Турдахыновна өз тәжірибелерімен бөлісіп, белсенді ойындардың маңызын көрсетті.
Ата-аналармен бірлескен жұмыс та назардан тыс қалмады. «Бірге әрекет етсек, бірге дамимыз» тақырыбындағы кеңес беру барысында Балнур Ерболқызы ата-аналар мен педагогтердің серіктестігі баланың дамуына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Шараның заманауи бағыты ретінде «NeoLab» кеңістігінде ұйымдастырылған «TabletTalks» жобасы ерекше қызығушылық тудырды. Қазақ тілі педагогтері Айгерим Алмазовна мен Айдана Әділбекқызы қатысушыларға жасанды интеллект құралдарын қолдану арқылы дамытушы әңгіме жүргізудің тиімді тәсілдерін көрсетті.
Іс-шара соңында қатысушылар өзара пікір алмасып, кері байланыс жасады. Жалпы алғанда, «Аспаздық шеберхана» жобасы мектепке дейінгі білім беру жүйесінде еңбек тәрбиесін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды бастама екенін көрсетті.
Бүгінгі семинар меңгеруші Махатова Акбопе Турсынкожаевна мен әдіскер Кулембекова Акбота Берикболовнаның кәсіби шеберлігі, жауапкершілігі мен іскерлігінің, сондай-ақ ұжымның бірлесе атқарған жүйелі еңбегінің нәтижесі.
Бұл тәжірибе балалардың тек дағдыларын дамытып қана қоймай, олардың болашақ мамандыққа деген алғашқы қызығушылықтарын қалыптастыруға үлкен мүмкіндік береді.
