«Ұлттық сана – SMART баланың тірегі»

«Ұлттық сана – SMART баланың тірегі»

2025 жылдың 22–29 қараша аралығында Корея Республикасының Сеул, Пусан қалаларында Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты Алмалы ауданының «№74 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК меңгерушісі Салимханова Гульмира Қабылбекқызы халықаралық іс-тәжірибеден өтіп, мектепке дейінгі білім беру жүйесінің заманауи бағыттарымен кеңінен танысты. Іссапар барысында ол Корея еліндегі мектепке дейінгі ұйымдардың қызметі «Нури» бағдарламасы негізінде жүзеге асырылатынын атап өтіп, бұл бағдарламаның бала дамуына кешенді көзқарас қалыптастырудағы маңызын жан-жақты баяндады. Шетелдік тәжірибені отандық жүйемен ұштастырудың өзектілігін айқындады. Ерекше білім беруді қажет ететін балалармен жұмыс барысында  ұлттық сананы заманауи технологиямен ұштастырып дамытудың маңызына тоқталды.

Аталған халықаралық тәжірибенің нәтижелі жалғасы ретінде аудандық деңгейде ұйымдастырылған «Ұлттық сана – SMART баланың тірегі» тақырыбындағы семинар мазмұны мен мәні терең, тағылымы мол кәсіби алаң ретінде ерекшеленді. Бұл іс-шара – ұлттық құндылықтарды дәріптей отырып, заманауи SMART технологиялар арқылы ерекше білім беруді қажет ететін балалардың дамуына жаңа серпін беруді көздеген маңызды бастама.

Семинардың басты идеясы – ұлттық сана мен цифрлық сауаттылықты ұштастыра отырып, баланың тұлғалық дамуына жан-жақты ықпал ету. Осы орайда педагог-психологтар, логопедтер мен дефектологтар үшін тәжірибе алмасуға, кәсіби көкжиекті кеңейтуге мол мүмкіндік жасалды. Теориялық мазмұн мен практикалық жұмыстар үйлесім тапқан семинар әрбір қатысушы үшін құнды әдістемелік қоржын қалыптастырды.

Іс-шара барысында «№74 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК педагог-психологы Жузбаева М.С. ұсынған «Жоғары психикалық функцияларды дамыту» тақырыбындағы шеберлік сыныбы ерекше қызығушылық тудырды. Онда баланың зейіні, есте сақтауы мен ойлау қабілетін жетілдіруге бағытталған тиімді әдістер мен жаттығулар тәжірибе жүзінде көрсетілді. Ал логопед Мыңбасы Ә.М. «AI және цифрлық технологиялар: арнайы педагогиканың жаңа мүмкіндіктері» тақырыбында сөз қозғап, цифрлық құралдардың түзету-дамыту үдерісіндегі әлеуетін жан-жақты ашып көрсетті. Дефектолог Жұбатхан А.Ғ. дәстүрлі және инновациялық әдістерді ұштастыру арқылы нәтижелі жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.

Семинардың тәжірибелік бөлігінде ұйымдастырылған ашық көрсетілімдер ерекше әсер қалдырды. «Бабочка», «Паровозик» ересек топтары мен «Ойыншықтар» ортаңғы тобы тәрбиеленушілерінің қатысуымен өткен сабақтарда заманауи әдістердің тиімділігі айқын көрінді. Тәрбиешілердің кәсіби шеберлігі мен балалардың белсенділігі үйлесім тауып, қатысушылар тарапынан жоғары бағаланды.

Іс-шараның мәдени бөлімі де мазмұнды әрі әсерлі өтті. Бүлдіршіндердің орындауындағы «Веермен би» мен «Текемет» билері, сондай-ақ балалар оркестрінің «Ерке сылқым» күйін орындауы ұлттық өнердің өміршеңдігін айшықтап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Семинар соңында педагог-психолог Жузбаева М.С. ұйымдастырған психологиялық тренинг қатысушылар арасында жылы қарым-қатынас орнатып, жағымды көңіл күй қалыптастырды. Кері байланыс барысында қатысушылар іс-шараның жоғары деңгейде өткенін атап өтіп, өз тәжірибелеріне тың серпін алғандарын жеткізді.

Қорытындылай келе, «Ұлттық сана – SMART баланың тірегі» атты семинар – халықаралық тәжірибе мен ұлттық құндылықтардың үйлесімді тоғысқан жарқын үлгісі. Мұндай мазмұнды кездесулер педагогтардың кәсіби дамуына жол ашып қана қоймай, ерекше білім беруді қажет ететін балалардың сапалы білім алуына және тұлғалық қалыптасуына берік негіз қалайды.

Алматы қаласы
«№74 бөбекжай-балабақшасы» КМҚК
әдіскері:  Бақыт Айдана Адилбекқызы

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *