Біз қай дәуірге қарасақ та, ұстаздың орны қашанда биік, мәртебесі аса жоғары болғанын көреміз. «Ұстазыңды атаңнан да әзіз тұт» деген халық даналығы – соның айқын дәлелі. Шын мәнінде, ұстаз – шәкірттің екінші ата-анасы. Ол жас ұрпаққа тек білім ғана бермей, өмірлік бағдар сілтеп, рухани азық болады. Әрбір шәкіртінің бойына отансүйгіштік, адамгершілік, адалдық сынды асыл қасиеттерді дарытып, қоғамға пайдалы азамат болып қалыптасуына ықпал етеді. Адамзат баласына ізгілік пен білімнің нұрын сыйлап келе жатқан сіздердің еңбектеріңіз — өлшеусіз қазына.
Мектеп — білім мен тәрбиенің ошағы, ал сол орданың жүрегі — ұстаз. Сіздердің табандылықтарыңыздың, ыждаһаттылықтарыңыздың арқасында жас ұрпақтың болашағы айқындалып, мемлекетіміздің іргесі беки түсуде. Қазіргі уақытта еліміз әлемдік өркениет көшінде өз орнын айқындап, білім сапасына ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл міндетті жүзеге асыруда ұстаздардың еңбегі айрықша.
Қадірлі ұстаздар!
Сіздердің әр күніңіз шәкірт жүрегінен шыққан алғыспен, ата-аналардың ақ тілегімен астасып жатыр. Қанша жыл өтсе де, өзіңізге алғаш білім берген алғашқы ұстазды ешкім ұмытпайды. Өйткені ол — өмірлік жолдың шамшырағы, ақылшы досы, бағыт берер данасы. Осы тұрғыдан алғанда, сіздердің еңбектеріңіз — тек бір мамандық иесінің еңбегі ғана емес, ол — адамзатқа қызмет етудің ең асыл түрі.
Мектебіміздің ұжымы — өз ісіне адал, шығармашыл әрі ізденімпаз педагогтерден құралған үлкен отбасы. Әрқайсыңыздың еңбектеріңізді ерекше бағалаймыз. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен жанкештіліктеріңіздің арқасында мектеп беделі артып, шәкірттеріміз биік белестерді бағындырып жүр. Бүгінгі күні біздің оқушыларымыз түрлі пәндік олимпиадаларда, ғылыми жобалар байқауларында, спорттық сайыстарда жетістіктерге жетіп, ұстаздарына деген сенім мен құрметті еселей түсуде.
Ұстаз болу — тек мамандық емес, ол- жүректің таңдауы. Бұл жолды таңдаған жан өз тағдырын шәкірт тағдырымен байланыстырады. Әрбір жеткіншектің жүрегіне жол табу үшін ұстазға үлкен парасат, мол шыдамдылық және мейірім қажет. Сіздер күнделікті жұмыста соның барлығын абыроймен атқарып жүрсіздер.
Құрметті әріптестер!
Осы мерейлі мерекеде сіздерге шын жүректен зор денсаулық, қажымас қажыр, шығармашылық табыс тілеймін. Шәкірттеріңіздің жетістігімен қуана беріңіздер, отбасыларыңызда береке-бірлік, баянды бақыт орнасын. Ұстаздық жолда алар асуларыңыз биік болсын, шәкірттеріңіз — ел ертеңін жарқын ететін білімді де саналы азаматтарға айналсын!
Ұстазға тағзым — ұрпаққа өнеге. Бүгінгі мереке баршамызға қуаныш пен шабыт сыйласын!
Алматы қаласы, Наурызбай ауданы
№174 мектеп-гимназия
директордың м.а.
Оразбаева Алма Зейнеловна
