Home » статьи » Ұлағат пен жаңашылдық ұштасқан білім ордасы

Ұлағат пен жаңашылдық ұштасқан білім ордасы

Білім — ұлт болашағының жарқын кепілі. Сол себепті мемлекетімізде жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Бұл жолда ұстаздар қауымының еңбегі ұшан-теңіз екені сөзсіз. Бостандық ауданы білім бөліміне қарасты

№63 жалпы білім беретін мектебі — сол сенімді арқалаған, жаңашылдығы мен тәжірибесі үйлескен, алдыңғы қатарлы білім ошақтарының бірі.

Мектеп ұжымы қазіргі заман талаптарына сай жас ұрпақтың тұлғалық қалыптасуына, рухани дамуына және жан-жақты жетілуіне барлық жағдайды жасап отыр. Әсіресе, елімізде соңғы жылдары ерекше назарға алынып отырған инклюзивті білім беру бағыты бойынша біздің мектеп көшбасшы орнында. Бүгінде әрбір балаға тең мүмкіндік беру, олардың қабілеті мен ерекшелігін ескеріп, білім алуға жағдай жасау — №63 мектептің басты қағидаты болып отыр.

Осы мақсатта оқу ордамызда педагогикалық құрамның кәсіби шеберлігі үнемі жетілдіріліп келеді. Білікті мамандарымыз жаңа технологияларды игеріп қана қоймай, оларды тәжірибеде тиімді қолданып жүр. Арнайы даярлықтан өткен мұғалімдер ерекше білімді қажет ететін балаларға психологиялық қолдау көрсетіп, олардың қоғамға бейімделуіне, өз әлеуетін ашуына жағдай жасауда. Бұл — біздің ұжым үшін абыройлы міндет әрі жүрек қалауынан туған іс.

Мектептің материалдық-техникалық базасы да жыл сайын нығайып, оқу кабинеттері заманауи құрал-жабдықтармен толықтырылуда. Оқушылардың ғылыми ізденістерге, өнер мен спортқа деген қызығушылығын арттыруға арналған үйірмелер мен қосымша секциялар жүйелі жұмыс істейді. Жасөспірімдердің бойында отансүйгіштік сезім қалыптастыру, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарау да біздің тәрбие жұмысының негізгі бағыттарының бірі.

Әрине, мұның бәрі ең алдымен ұстаздар қауымының қажырлы еңбегінің арқасы. Жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, олардың жүрегіне жылылық ұялататын, өмірге дұрыс бағыт-бағдар беретін ұстаздың еңбегі — өлшеусіз. 

Сол себепті қазан айының алғашқы жексенбісінде атап өтілетін Ұстаздар күні біз үшін де, қоғам үшін де айрықша маңызы бар мереке.

Бұл күні біз әріптестеріміздің еңбегін бағалап, ұрпақ тәрбиесіндегі қажырлы қызметін ерекше атап өтеміз. Бүгінгі шәкірт — ертеңгі ел тізгінін ұстайтын азамат. Олардың табысты болуы ұстаздың берген білімі мен сіңірген тәліміне тікелей байланысты. Сондықтан да ұстаздың әрбір сөзі, әрбір ісі — жас ұрпақтың тағдырын айқындайтын қастерлі қазына.

Біздің мектеп ұжымы осы сенімді абыроймен ақтап, болашақ үшін аянбай еңбек етіп келеді. 

Осы орайда барлық әріптестерімді келе жатқан мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әрдайым шәкірттеріңізге шамшырақ болып, ел ертеңіне елеулі үлес қоса берулеріңізге тілектеспін.

Ұстазға деген құрмет — ұлтқа деген құрмет. Сондықтан біз ұстаздарымызды ұлықтап, олардың еңбегін бағалауды қасиетті борышымыз деп білеміз.

 

№63 жалпы білім беретін мектеп директоры
Актымбаева Гульнара Орашевна

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*