Форумның мақсаты: жанұядағы әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты нығайту, ұлттық салт-дәстүрімізге байланысты әке орнының ерекше екенін ұғындыру, әкенің балаға деген махаббатын ояту, жауапкершілігін сезіндіру. Сонымен қатар, форум барысында ұрпақ тәрбиелеуде қандай қателіктерге мән бермей жүргеніміз туралы ой салу.
Форумның ашылу салтанатын мектеп-гимназия директоры Жакипова Арайлым Серікқызы өзінің ыстық ықыласымен білдірді. Форумға келген әкелерге балалар үшін әке ерлік пен мақсатқа қол жеткізудің үлгісі екенін және әкесінің баласына ғылым, адамгершілік пен өнер үйретуі парыз екенін баса атап айтты. Форум мемлекетіміздің Әнұранымен басталып, мектебіміздің хор ұйымының «Әкем әнімен «жалғасты.
Тамаша ән шашуымен дене шынықтыру пәні мұғалімі, «Аудандық үздік дене шынықтыру пәні мұғалімі «байқауының жеңімпазы Мөлдір Бақытбекқызы «Әке» әнімен сахнаның сәнін келтірді.
Форумға өз өнерлерімен үлгілі отбасы 8 -сынып оқушысы Қарақат Ұлас өз әкесі Қанақатұлы Әніс, бауыры Ықыласпен сахнаны күймен көмкерді. Әкелердің ыстық ықыласына бөленді
Форумның 2 бөлімін мектебіміздің «Даналық мектебі «жобасының жетекшісі,қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-зерттеуші Шайхина Кулшара Тлекбергенқызы форумға келген қонақтармен таныстырып, сыр-сұхбат ұйымдастырды. Алғашқы сөзді Алатау аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы Таубалды Сағатолла атаның жас әкелерге өз өмір жолдарына мысалдар келтіре отырып, ақыл -кеңес берді. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, құрмет атағын алған актер,режисер Сафуан Шаймерденов театр-кино саласында жүріп те бала тәрбиесін қалай қатар алып жүруге болатыны жөнінде ой толғады.Әкелерді жанұясымен театрға келуге шақырды.
Қалалық, аудандық «Отбасы» сайысының жеңімпазы, мектебіміздің әкелер мектебінің белсенді мүшесі Сапарбаев Асқарбек бала тәрбиесінің қиындығы мен қызы туралы өз өмірінен мысалдар келтіріп, әкелерді мектеппен тығыз байланыста болуға үндеді.
Соңғы спикер мектебіміздің ардагер ұстазы ,ардагерлер ұйымының орынбасары Ахман Қанат мырза ұстаздық жолдың қиындығы мен қызығына тоқтала келіп, әкелерге үлгі боларлық кеңестерін айтты.
Форум барысында ДОІЖО Нусипова Гүлмира Құрманбайқызының психологиялық кеңесі әкелерге үлкен ой салды. Мектеп психологтары М.Азахунова мен А.Мукаева психологиялық сергіту жаттығулармен әкелерге бір серпін берді.
Форумның қорытынды сөзін Ұлжан -1 ықшам ауданы ардагерлер бастауыш ұйымының төрайымы Бүбіхан Шәкиева бүгінде қарыштап дамып жатқан заманда сол ұрпағымыз енді жиырма жылдан кейін кім болады? Баланың болашағына қарағанда бүгінгі жағдайына көбірек мән беріп жүрген жоқпыз ба? -деген мәселелерді қозғай отырып, әкелерге үлкен ой тастады.
Форум соңы әкелердің жарыссөзіне ұласты. Қорытынды сөзді мектебіміздің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, ақын, жазушы Шаймерденова Самал Зікірияқызының «Әкеме арнау» монологы мен аяқталды.
Информатика пәні мұғалімі: Аятова Меруерт Нуридинқызы
Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі: Шайхина Кулшара Тлепбергенқызы