![]()
Сулейманова Жарқын Кузембаевна,
Астана қаласы әкімдігінің
№60 «Арай» балабақшасы меңгерушісі
Балаларға кәсіптік бағдар беру арқылы қаржылық сауаттылықты қалыптастыруда ойын әдістерін пайдаланудың тиімділігі
Аннотация. Мақалада мектепке дейінгі жастағы балаларға кәсіптік бағдар беру арқылы қаржылық сауаттылықты қалыптастырудың маңызы қарастырылған. Автор ойын әдістерін қолданудың тиімділігін талдап, нақты педагогикалық тәсілдерге сипаттама береді. Ойын барысында балалар еңбек түрлерімен танысып, табыс пен шығын, үнем мен жауапкершілік ұғымдарын меңгереді. Мұндай тәсілдер баланың қызығушылығын арттырып, болашақ мамандықтарға деген оң көзқарасын қалыптастырады.
Түйін сөздер: қаржылық сауаттылық, кәсіптік бағдар, ойын әдісі, еңбек тәрбиесі, баланың дамуы, тәжірибелік дағды, білім беру технологиясы.
Қазіргі қоғамда қаржылық сауаттылық пен кәсіптік бағдар беру ерте жастан басталуы тиіс маңызды бағыттардың бірі болып отыр. Экономикалық мәдениеттің негізі — еңбекке, үнемге және жеке жауапкершілікке тәрбиелеу. Осы тұрғыдан алғанда, мектепке дейінгі және бастауыш білім беру ұйымдарында ойын әдістерін пайдалану балалардың қаржылық түсініктерін қалыптастырудың ең тиімді құралы ретінде көрінеді.
Қаржылық сауаттылық тұлғаның өмірлік табыстылығының негізгі көрсеткішіне айналды. Бұл ұғым тек ақшаны есептеу немесе үнемдеу дағдысын емес, сонымен қатар еңбек пен кәсіптің мәнін түсіну, табыс табу мен шығынды жоспарлау мәдениетін білдіреді. Баланың қаржылық мәдениетін ерте жастан қалыптастыру-оның болашақ өмірлік ұстанымына, жауапкершілігі мен дербестігіне негіз болады. Сондықтан мектепке дейінгі ұйымдарда кәсіптік бағдар беру элементтерін ойын арқылы енгізу өзекті болып табылады.
Аталған мәселелер мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты [1], мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі [2] және мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасының мазмұнында қамтылған [3].
Қаржылық сауаттылық және кәсіптік бағдардың байланысына тоқталамыз. Қаржылық сауаттылық — бұл жеке қаражатты тиімді басқару, жоспарлау және үнемдеу қабілеті. Ал кәсіптік бағдар — баланың болашақ мамандығын таңдауына негіз болатын алғашқы тәжірибелер мен түсініктер жиынтығы. Екі бағыттың бірігуі баланың өмірлік дағдыларын қалыптастырып, өзін-өзі тану және әлеуметтік бейімделу процесін жеңілдетеді.
Кәсіптік бағдар — баланың өз қызығушылығын, бейімділігін және әлеуетін танып, болашақ мамандығын саналы таңдауға жетелейтін процесс. Ал қаржылық сауаттылық — осы таңдауды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін практикалық құрал. Бала белгілі бір кәсіпті ойын арқылы танып-білу кезінде еңбектің құндылығын, табыстың маңызын және ақша айналымының логикасын түсіне бастайды [4].
Қаржылық сауаттылықты қалыптастыруда ойын әдістерінің педагогикалық мәні зор. Ойын — балалар үшін табиғи іс-әрекет, таным көзі. Қаржылық және кәсіптік мазмұндағы ойындар («Дүкен», «Банк», «Мамандықтар әлемі», «Отбасылық бюджет», «Мен кәсіпкермін») арқылы балалар еңбек, табыс, ақша, үнем, айырбас ұғымдарын тәжірибе жүзінде меңгереді. Мысалы, «Дүкен» ойынында бала сатып алушы мен сатушы рөлінде болып, баға қою, ақша есептеу, таңдау жасау сияқты қарапайым экономикалық операцияларды орындайды.
Ойын әдістерін қолданудың тиімді жолдары — мұнда педагог ойын процесін ұйымдастыруда мына қағидаларды басшылыққа алады:
- мақсаттылық: әр ойын нақты экономикалық немесе кәсіптік ұғымды үйретуге бағытталуы тиіс;
- жас ерекшелігіне сәйкестік: 4–5 жас аралығындағы балаларға көрнекілік пен қимылдық әрекет қажет;
- интерактивтілік: балаларды топтық шешім қабылдауға, диалогқа тарту;
- нәтижелілік: ойын соңында алынған білім мен дағдыны талқылау, қорытынды жасау.
«Мамандықтардың маңызы» тақырыбына арналған ойын. «Кім боламын?»
Мақсаты: балаларды түрлі мамандықтармен таныстыру, еңбектің маңызын түсіндіру, мамандық иелеріне құрмет сезімін қалыптастыру.
Міндеттері:
- Баланың сөздік қорын байыту (мамандық атаулары, еңбек құралдары).
- Әр мамандықтың қоғамдағы орнын түсіндіру.
- Еңбекқорлық пен жауапкершілік қасиетін дамыту.
Қолданылған әдістер: Сұрақ-жауап әдісі. Рөлдік ойын (әр мамандықты сомдау). Сюжеттік-дидaктикалық ойын элементтері.
Кіріспе бөлімі. Ойын барысы:. «Бұл кімнің еңбегі?». Тәрбиеші суреттер (дәрігер, мұғалім, құрылысшы, аспаз, жүргізуші, өрт сөндіруші, фермер т.б.) көрсетіп, сұрақ қояды: Бұл кім?. Ол не істейді?. Оның еңбегі не үшін қажет?
Дидактикалық құралдар: мамандық суреттері, еңбек құралдарының макеттері (қасық, балға, бор, руль т.б.).
Негізгі бөлім – «Кімнің құралы?» ойыны. Балаларға еңбек құралдарының суреттері немесе ойыншықтары таратылады. Мысалы: Балға — құрылысшы, Кітап — мұғалім, Шприц — дәрігер, Табақ — аспаз. Балалар құралды көрсетіп тиісті мамандықтар туралы әңгімелеп айтып береді.
Ойын түрі: дидактикалық, сюжеттік элементтері бар.
Қорытынды бөлім – «Болашақта кім боламын?». Әр бала өз армандаған мамандығын айтып, неге оны таңдағанын түсіндіреді. Мысалы: Мен дәрігер боламын, өйткені адамдарға көмектескім келеді. Мен мұғалім боламын, балаларға үйреткім келеді. Тәрбиеші әр мамандықтың қоғамға пайдалы екенін қорытындылайды.
Күтілетін нәтиже: балалар мамандық атауларын біледі, еңбек адамын құрметтеуге үйренеді және өз болашағына қызығушылық танытады.
«Ақша әлеміне саяхат» ойыны.
Мақсаты: балалардың қаржылық сауаттылығын дамыту, ақша ұғымын түсіндіру, үнемдеуге, жоспарлауға және жауапкершілікке тәрбиелеу.
Дидактикалық құралдар: ойыншық ақша, бағалар жазылған карточкалар, касса, сауда сөрелері.
Кіріспе бөлім. Ойын барысы. «Ақша қайдан келеді?»
Тәрбиеші балаларға еңбек пен табыс арасындағы байланысты түсіндіреді.
Мысалы: «Ата-анамыз жұмыс істейді, еңбегі үшін жалақы алады. Сол ақшамен біз керек заттар аламыз».
Ойын элементі: сурет карточкалары (жұмыс түрлері мен еңбек құралдары бейнеленген). Балалар суретті таңдап, қандай еңбек екенін және не үшін ақша алатынын айтады.
Негізгі бөлім. «Балалар дүкені». Балалар екі топқа бөлінеді: сатушылар және сатып алушылар. Ойыншықтар мен суретті тауарлар (нан, сүт, ойыншық, кітап, киім) қойылады. Балаларға қағаз ақша мен тиын үлестіріледі.
Ойын барысы: Сатып алушы тауарды таңдап, сатушыға ақша төлейді. Тәрбиеші «ақшаны санау», «қалдықты қайтару» әрекеттерін үйретеді. Балалар бағаны салыстырып, таңдау жасайды.
Қорытынды бөлім – «Депозит қорабы». Әр бала өз аты жазылған кішкене қорапқа (банкке ұқсас) үнемдеген «ақшасын» салады.
Тәрбиеші балаларға «ақша жинаудың пайдасы» туралы сұрақтар қояды: Неге үнемдеу маңызды? Егер ақшаны жинасақ, не сатып алуға болады?
Қолданылған ойын әдістері: Рөлдік ойын («Сатушы мен сатып алушы»). Сюжеттік ойын («Банк пен дүкен»). Дидактикалық ойын («Тап қандай затқа қанша төлейсің?»). Бұл тәжірибелік үлгі балалардың экономикалық ойлауын, есептеу дағдыларын және үнемшілдік қасиетін дамытады. Ойын арқылы қаржылық ұғымдарды (ақша, баға, үнемдеу, табыс) өмірлік тәжірибеге жақын түрде меңгереді.
Күтілетін нәтиже: балалар ақша түрлерін (қағаз, монета) ажырата алады, сатып алу және айырбас үдерісін ойын арқылы түсінеді, өз «шығындарын» жоспарлауға үйренеді [5].
Қаржылық сауаттылықты қалыптастыруда ойын әдістерін пайдаланудың тиімділігі бірнеше негізгі аспектілермен анықталады:
Теорияны тәжірибемен ұштастыру — ойын барысында бала ақшаны ұстау, санау, айырбастау, үнемдеу сияқты әрекеттерді нақты өмірлік жағдаяттарда орындайды. Бұл ұғымдарды жеңіл әрі есте сақтауға көмектеседі.
Танымдық белсенділікті арттыру — ойын кезінде балалар салыстыру, талдау, шешім қабылдау сияқты когнитивті процестерді дамытады
Құндылықтық бағдар қалыптастыру — ойын арқылы бала еңбек пен табыстың байланысын түсінеді, үнемшілдікке, жауапкершілікке, әділдікке тәрбиеленеді.
Коммуникативтік және әлеуметтік дағдыларды дамыту — қаржыға байланысты рөлдік ойындарда (сатушы, сатып алушы, банкир т.б.) балалар қарым-қатынас жасау, келісу, сұхбат жүргізу дағдыларын меңгереді.
Мотивациялық әсер — ойын түрінде берілген тапсырмалар балаларға қызықты, ал бұл олардың белсенді қатысуына және тұрақты қызығушылығына ықпал етеді. Ойын әдістері қаржылық сауаттылықты үйретудің ең тиімді құралы, себебі ол баланың өмірлік тәжірибесін байытады, қаржы ұғымдарын жеңіл меңгеруге жағдай жасайды және тұлғалық қасиеттерін (үнемшілдік, еңбекқорлық, жауапкершілік) қалыптастырады [6].
Ойымызды қорытындылай келе, кәсіптік бағдар мен қаржылық сауаттылықты қалыптастыру — тек экономикалық білім емес, тұлғаның өмірге бейімделу мектебі. Ойын әдістерін жүйелі қолдану арқылы балалардың ойлау, есептеу, талдау қабілеттері дамиды, ал еңбекке және үнемшілдікке деген көзқарастары позитивті қалыптасады. Сондықтан ойын — қаржылық мәдениеттің алғашқы баспалдағы. Балаларға кәсіптік бағдар беру мен қаржылық сауаттылықты қалыптастыруда ойын әдістерін пайдалану — білім беру процесін өмірмен байланыстырудың тиімді жолы. Мұндай тәсіл баланың тұлғалық дамуын, дербестігін, еңбекқорлығын және болашақ кәсібіне қызығушылығын арттырады. Сондықтан педагогтар ойын арқылы оқыту әдістерін жаңаша мазмұнда қолданып, экономикалық-практикалық білім беруді ерте жастан бастауы тиіс.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың мемлекеттік жалпыға міндетті стандарты. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 3 тамыздағы № 348 бұйрығы.
- Мектепке дейінгі тәрбиелеу мен оқытуды дамыту моделі. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 15 наурыздағы № 137 қаулысы.
- Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың үлгілік оқу бағдарламасы.
- Аношина Л.М. Жаңа мамандықпен таныстыру үрдісіндегі ересек топ тәрбиеленушілерінің экономикалық тәрбиесі // А- дан Я-ға дейінгі Балабақша 2003. №4. 103-бет.
- Мектеп жасына дейінгі балаларға экономика туралы: оқу құралы мекеме педагогтары үшін / Е.Н. Табих. – Минск: Жоғ. мек., 2007.
- Экономиканы ойнаймыз: комплекстік сабақтар, сюжеттік-рөлдікойындар және дидактикалық ойындар / авт.- құрас. Л.Г. Киреева. – Волгоград: Ұстаз, 2008ж.
