Өмірдің бастауы, рухани өзегі — отбасы. Жақсыға да жаманға да бейім болатын жастық шағында ата ананың үйдегі іс әрекеті, балалардың көз алдында өтіп, адамгершілік қасиеттермен ізгіліктің негізін сіңіреді…..
Өмірлік ұстаным қалыптасып, тамаша мінез құлықтың иесі атанады.
Осылайша әке мен ана өзінің даналығы мен ақылдылығының арқасында ұрпағының шам шырағы болады екен…
Өмірлік күші ақиқат жолында жүруді, қарапайымдылықпен адалдықты күнделікті парызы санайтын үлгі алар жандар осы отбасы дейтін әлеуметтік ортаның түлектері. Ата ана ойының, сөзінің, үлгісінің күші осыда…
Бүгінгі мақаламызға арқау болған білімі мен біліктілігін қатар ұстаған мектепке дейінгі ұйымның тәрбиешісі Аширова Зауре Жайлаубаевна алтын діңгегі, ыстық ұясы ата анасының махаббатына бөленіп, қолдауымен бүгінгі күнге жеткенін мақтанышпен айтқан жан.
Адамның жеке тұлға ретінде қалыптасуы, ең алдымен оның өмірден өз орнын саналы түрде таба білуіне байланысты екенін көрсеткен ұстаз. Жүрегімен қалап алған мамандығына жауапкершілікпен қарай білген, ата аналар алғысына, әріптестер құрметіне бөленіп жүрген Алматы қаласы әкімдігінің №164 балабақша тәрбиешісі Аширова Зауре Жайлаубаевнаның болашақ мамандығын анасы болмысынан байқап, үмітін жалғаған .
Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы ұрпағының білімге құштарлығын оята білген ата анасының қолдауымен «Өнер Жамалов» атындағы орта мектепті үздік бітірген соң Шымкент қаласындағы жоғары оқу орнынан «Педагогика және бастауыш оқыту әдістемесі» факультетін аяқтады.
Еңбек жолын 2013 жылдан №164 бөбекжай- балабақшасына тәрбиеші болып бастаған. 2017 жылы «Аймақтық әлеуметтік-инновациялық университетке «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» мамандығы бойынша оқуға түсіп 2019 жылы диплом алады.
«Ең алғаш №164 балабақшада 2013 жылы ересек «Ботақан» тобында жұмысымды бастадым. Содан бері он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Жұмыс болған соң көптеген қызықты сәттер мен қиыншылықтары да кездесті. Сабақ кезінде қолындағы қайшымен балалар өз шаштарын қиып ғана қоймай қасында отырған балалардың да шашын қиып ыңғайсыз жағдайға түскен кездерім болды» деп әр сәтін жасырмай жеткізе білетін ұстаз бүгінде шәкірттерінің ата аналарын «Зәуре апайға» айтам деп қорқытатын қорғанына айналған құрметтісі.
«Осы кезге дейін ата-аналардан көптеген алғыстар, мақтау сөздер естідім. Еңбегімнің жеңісі осы деп білемін. Әлі күнге дейін мектепте жүрген тәрбиеленушілерім келіп мереке қарсаңында құттықтап кетеді.
Ұжымда қандай да бір жарыс болсын солардың барлығына белсене қатысамын. Балабақша, аудан, қала арасында болып жатқан сайыстарға бар жігерімді саламын. Шығармашылықты жаным қалайды. Назарбаев Зияткерлік мектебінде білімімді жетілдіруге барған кезімде ұстаздық еткен Әсия Дәулетбекқызының «Өзіңнің білгеніңді басқалармен бөліс, сол кезде ғана сенің есіңде мәңгі қалады» деген сөзі санамда сақталып қалды. Сол кезде ғана биікке қол жеткізуге мүмкіндік сенде көп болады дейтін. Шынымен де көмектесіп отырсаңыз өзіңіздің жасаған жұмысыңыз есіңізде мәңгі сақталып қалады екен. Сол үшін білгеніңді бөлісу керек. Әрі өзіңнің дамуыңа себепкер болатыны анық»дейді түйгені мен ізденісін тоқтатпайтын Зәуре Жайлаубайқызы.
Өз ісіне тыңғылықты ұстаздың ана аналармен бірлесе жұмыс жасау шеберлігіне де тәнті болдық. Ата аналар балабақшадағы кез келген шараға атсалысумен қатар баласымен бірлесе жұмыс жасауға дағдыланған. Осылайша тәрбиешінің нәтижелі жұмысы саналатын балалармен қарым қатынас, тіл табыса білу шеберлігі ата аналардың жауапкершілігін арттырып балабақша мен тығыз байланыс орнатуға үйреткен. Ата ана тәрбиесі бала мінезінің қалыптасуындағы ірге тасы екенін түсіне білген ұстаз үш жақты байланысты берік орнатудың шебері.
Әріптестері мен басшылардың арасында іс әрекетімен, алға қойған мақсатымен іскерлік қабілетімен өзіндік орын алған ұстаздың ұжымдағы сыйластығы беки түскен.
Сөзінен жұмсақтық, жүзінен жылылық лебі есіп тұрған Зәуре Жайлаубайқызы аналық парызын, қалаған мамандығын адал атқарып жүрген ізгі жан. Ұрпақ тәрбиесі жолында қызмет етіп, ата ана алдында өмірлік көзқарасы қалыптасқан тәжірбиелі маман ретінде жол көрсете білетін кейіпкерімізге қанша мақтау айтсақта артық болмас. Ұстаз үшін баланың шынайы күлкісін көру, шәкірттерінің жетістігіне куә болудан асқан құрмет жоқ. Ата ананың бала өміріндегі орнын өз жолымен көрсете білген ұстаздың әр айтқан пікірі, түйгені мен мамандығына деген адалдығы көпке үлгі болса дейміз. Үмітті ақтай алу, адаспай өз жолын табу, сүйікті ісінен шабыт алып қуаныш сыйлау, көптің алғысына бөлену біз іздеген бақытты жанға бұйырған бақ екен.
Әлия Ғалымбекқызы,
Білім айнасы
Астана қаласы