Home » статьи » Ғажайып түймелер әлемі

Ғажайып түймелер әлемі

Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №150 бөбекжай-балабақшасында «Ғажайып түймелер әлемі» жобасы аясында қалалық деңгейдегі семинар болып өтті. Семинардың шымылдығын балабақша меңгерушісі Абдижаппарова Салтанат Нұғманқызы ашып, жылы лебізін білдірді.


Іс-шараға Алатау аудандық білім бөлімінің бас маманы Зейтова Мәншүк Сапинқызы, Алматы қалалық Ресурстық орталықтың маманы Ләйлә Мауленқызы және қала балабақшаларынан келген меңгерушілер мен тәрбиеленушілер қатысты. Биылғы жылы Салтанат Нұғманқызы мен әдіскер Оразалинова Малайзия мен Қытай елдерінде тағылымдамадан өтіп, сол жақтан жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, бүгінгі семинарды жоғары деңгейде ұйымдастыруға себепші болды. Ұжымның әр мүшесі бар ынтасымен атсалысқандары, кіре берістен-ақ дайындықтың жоғары деңгейде екені көрініп тұрды.

Балабақша ауласына кіре салысымен, бүлдіршіндердің өз қолдарымен жасаған түрлі бұйымдары көздің жауын алады. Әрбір жұмыс – өзінше бір әлем. Бәрі де түймелермен әсемделіп, шеберлікпен көмкерілген. Тамсанбай тұра алмайсың. Мұның бәрін кішкентай балалардың бойына сіңіре білген ұжымның еңбегі ерен.
Семинардың алғашқы бөлімі – «Қызықты түйме терапиясы». Бұл кезеңде балалар түйменің құрылымы, пішіні, түсі, оны қалыпқа құю, дайын бұйымға айналдыру үдерістері туралы терең білімдерін көрсетті. «Балбөбек» тобы оқу іс-әрекетін көрсетті. Тәрбиешілер: Қабдыкамитова А.Б. және Ниязбекова Г.К.«Бәйтерек» тобының тәрбиеленушілері мен ата-аналарымен бірлесе ұйымдастырылған шеберлік сағатын тәрбиешілер Оралбекова А.А. мен Сәтбай А. өткізді. Сонымен қатар, қонақтар мен ата-аналарға арналған мастер-классты тәрбиеші Есбаева Г.О. және ата-ана Қосқарайева І.Т. өткізді.
     
Балабақша ішіндегі дамытушы орталықтарда да тәрбиешілер өз жұмыстарын көрсетті. Балалар мен тәрбиешілер өздерінің шығармашылық ізденістерімен, педагогикалық шеберліктерімен қонақтарды тәнті етті:«Бақытты балалық шақ» сурет және қолөнер көрмесі – тәрбиеші Шалданбаева Ж.Т. мен ортаңғы «Қошақан» тобының тәрбиеленушілерінің жұмыстары;
«Ертегілер әлеміне саяхат» – тәрбиешілер Турсынбекова Б.С., Джаилибаева Г.А., Саудагерова Г.Е., Ерсейіт Х.Ж., Куджибаева Б.Б., Абдраймова А.А.;
«Құстар әлемі» – «Құстар – біздің досымыз» тақырыбындағы көрме – тәрбиеші Сәтбай А. және ересек «Бәйтерек» тобы;
«Ғарыш әлеміне саяхат» – «Ғарыштағы достарым» – тәрбиешілер Есбаева Г., Кешубаева И. және ортаңғы «Еркем-ай» тобының тәрбиеленушілері мен ата-аналарының шығармашылық жобасы; «Тынығу бөлмесі» – психолог Қазакбаева С.К.-нің бастамасымен жабдықталған арнайы бөлме;
«Ұлттық құндылықтар» орталығы аясында балалар «Ханталапай», «Бестемше», «Тақия тастамақ» сияқты ұлттық ойындарды ойнады. Бұл бағытта мектепалды «Ақбота» тобының тәрбиеленушілері мен тәрбиеші Дулатбаева Р.К. белсенділік танытты. Сондай-ақ дефектолог маман Саткынбаева Г. еңбегін атап өткен жөн.
    
Келесі кезекте «Қазынаны тап» атты қызықты ойын басталды. Балалар әртүрлі дәнді дақылдардың ішінен жасырылған түймені тауып, оның пішіні мен түсін сипаттады. Сонымен қатар, түймелерден сандар мен геометриялық фигуралар жасап шықты. Тіпті ұн мен тәтті кәмпиттерден түйме жасау жолдары да көрсетілді.

Ең әсерлі сәт – балалардың өз қолдарымен жасаған бұйымдарды қонақтарға сыйға тартуы. Бұл – кішкентай жүректердің үлкен қуанышы мен құрметінің көрінісі еді.
Балабақшада тәрбиешілер, ата-аналар және ұжым мүшелері үштік одақ ретінде тығыз байланыста жұмыс істейді. Бұл жолы да ата-аналар өз қолдарымен жасаған бұйымдарын балабақшаға тарту етіп, ортақ іске үлес қосты.
Балабақшадағы семинарға арнайы келген өнерпаздар «Ғасыр» ансамбльі папури айтып көрермен көңілін көтерді.
Инклюзивті білім берудің қажеттілігі ерекше атап өтілді. Тәрбиешілер сурет салу, құм терапиясы, алақан жаттығуы, арт-терапия, тастармен және ермексазбен жұмыс істеу сияқты әдістерді қолдана отырып, балалардың жеке қабілеттерін дамытуда түрлі жаттығулар ұйымдастырды. Семинар барысында қонақтар балабақшаның ішкі құрылымымен танысты. Экскурсия аясында арт-терапия және ТРИЗ технологиясы бойынша жабдықталған бөлмелерге ерекше назар аударылды. Психолог маман Қазакбаева Салтанат Қайратқызы ойлап тапқан – фольгамен қапталып, жарық шамдармен безендірілген тынығу бөлмесі көпшіліктің қызығушылығын оятты. Бұл бөлме кез келген жанға – балаға да, ересекке де – демалуға, тынығуға және массаж алуға мүмкіндік береді. Қонақтар бөлмені мұқият аралап, өз сұрақтарына жауап алды.
Семинар соңында концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Онда балалар Қытай биі, моншақтар биі және қазақ биін орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Музыкалық бөлімді музыка жетекшісі Наурызбаева А.С. ұйымдастырды.
Қорытындылай келе, №150 бөбекжай-балабақшасының білікті де білімді тәрбиешілері, шығармашыл ұжымы және ұйымшыл ата-аналарымен бірлесе отырып, болашақта халықаралық деңгейдегі семинар өткізуге толық қауқарлы екені көрінді. Ендеше, әні мен сәні жарасқан осы ұжымға тек сәттілік тілейміз!
Семинар соңында сұрақ-жауап алмасу және кері байланыс ұйымдастырылды.

Жұлдыз Смайылова
«Білім айнасы»
Алматы қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*