Home » Новости » Жүректен жүрекке: қайырымдылыққа толы апта

Жүректен жүрекке: қайырымдылыққа толы апта

«Адамның адамшылығы — ақыл, ғылым, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады», — дейді данышпан Абай. Әр адам баласы дүние есігін ашқан сәттен бастап отбасынан, қоғамнан, қоршаған ортадан тәрбие алады. Саналы ұрпақ тәрбиелеу жолында Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі білім беру үрдісінен бөлек, оқушыларды адами қасиеттерге баулып, қоғамның жақсаруына атсалысатын азамат қалыптастыру ісін басшылыққа алады. Осыған орай, NIS Семейде биылғы жылдың соңғы аптасы қайырымдылық пен мейірімділік апталығы болып бекітілді. Сиқырға толы апта аясында ұйымдастырылған іс-шараларға көз жүгірте кетсек.
    

25 желтоқсан күні «NIS Teachers Volunteers» және «28 ілмек» клубтарының еріктілері кезекті дайын киім-кешектерді перинаталдық орталыққа жеткізіп, шала туған нәрестелерге 100% жүннен тоқылған бұйымдарды тарту етті. Аталмыш әлеуметтік жобаның игілігі мол. Медициналық зерттеулерге сүйенсек, таза жүннен жасалған тоқыма бұйымдары мерзімінен ерте туған сәбилердің дене температураларын қалыпты сақтап тұруға аса пайдалы. Яғни шала туған баланың қан айналымы әлсіз болғандықтан тоқыманың түгі денелерін тітіркендіріп, олардың үнемі қозғалыс жасауына ықпал етеді. 2017 жылдан бастап мектеп қызметкерлері мен оқушылары жылына екі мәрте орталыққа ат басын бұрып, сәбилердің жетілуіне жәрдемдеседі.
    

26 желтоқсан күні бірлік пен ынтымақтастықты ту еткен мектебіміздің «Елімай», «Шыңғыстау», «Алтай», «Абыралы», «Қоңыр Әулие», «Би-Боранбай» шаңырақтары қаламыздағы арнайы әлеуметтік қызметтер көрсету және белсенді ұзақ өмір сүру орталығының ардагерлерін концерттік бағдарламамен сергітіп қайтты. Кеш барысында шығармашылық топ 80-нен астам қарияға өз өнерлерін паш етіп қана қоймай, түрлі ойындар мен кәде сыйларын әзірлеп барған.

Жақсылық пен қайырымдылық аптасы мектепішілік жәрмеңке мен кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы бүлдіршіндердің көңіл-күйін көтеруге бағытталған іс-шаралармен қорытындыланды. Зияткерлер Абай облысы Білім басқармасы «Семей қаласының кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы» КММ-ге барып балаларға мерекелік көңіл-күй сылап, жаңа жылдық сыйлықтар үйлестірді. Көңілді қызыққа толы кештен кейін балалардың бірқатары Назарбаев Зияткерлік мектептеріне түсуге қызығушылықтарын білдірсе, мектеп оқушылары өз кезегінде білім алудың маңызы жайлы сөз қозғады.

Еске сала кетейік, осыдан аз уақыт бұрын мектеп тағдырдың қатал сынына бала күнінен душар болған студенттің пәтер алуына себепкер болды. Облыстық білім басқармасымен арадағы ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау бойынша өзара ынтымақтастық негізінде мектеп ұжымы Ермек Серікжанұлының тұрғын үй жинақ қорына 11 жыл бойы қаржы аударып отырған. Кәмілеттік жасқа толысымен оған қордағы ақшаға пәтер алудың сәті түскен.

Алдағы уақытта да білім ордасы жалпыадамзаттық құндылықтарды бойына сіңірген азамат тәрбиелеу жолында маңызды қадамдар жасай бермек.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *. Required fields are marked *

*