Турлыкожаева Гульбакыт Бекеновна
Алматы қаласы, Медеу ауданы,
№98 жалпы білім беретін мектептің,
қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі
Қазақ тілі сабағында оқушылардың функционалдық сауаттылығын қалыптастыру
Мемлекеттің білім беру саласында өзіндік даму тенденциясы мен ұлттық саясатты ұстану қағидалары бар. Халықаралық кеңістікке ұмтылу арқылы білім беру үрдісін ұйымдастырудың жаңа парадигмасын құру, интеграциялық ортада сауаттылықты жетілдіру маңызды фактор болып табылады.
Олай болса, функционалдық сауаттылық тұлғаның белгілі бір мәдени ортада өмір сүруі үшін қажетті деп саналатын және оның әлеуметтік қарым-қатынас жасауын қамтамасыз ететін білім, білік, дағдылардың жиынтығынан құралады.
Біз қарқынды өзгерістер дәуірінде өмір сүріп жатырмыз, бізге оқу,жазу, есептеу сыңды қарапайым дағдыларды меңгеру жеткіліксіз. Сондықтан, өзгермелі өмір ағымына ілесе алмай түрлі қиындықтарға тап боламыз.
Бұл қиындықтардың бәрі өмір сүруге қажетті дағдыларды меңгермегендіктен , функционалдық сауатсыздықтан болып отыр.
Функционалдық сауаттылық қазіргі ақпараттық қоғамға жылдам бейімделіп, табысқа жету үшін қажетті, негізгі дағдылардың бірі. Бұл дағды тек дұрыс оқу мен жазуды ғана емес, сонымен бірге оқушылардың алған білімдерін нақты өмірлік жағдайларда қолдана білуін де қамтиды.
Заманауи мектеп оқушыларды қажетті біліммен қамтамасыз етеді, бірақ ол әрдайым үйреншікті жағдайлардың шеңберінен шығу қабілетін қалыптастырмайды. PISA мен TIMSS зерттеулері көрсеткендей мектеп мұғалімдері пәндік білімді жақсы береді, бірақ оны өмірлік жағдайларда қалай қолдануды үйретпейді.
Функционалдық сауаттылық – бұл метапәндік құбылыс, сондықтан да ол барлық мектеп пәндері, сонымен қатар қазақ тілі пәнін оқыту барысында қалыптасады. Функционалды сауаттылық адамның өмір бойы білім жинақтауы, алған білімін өмірде қолдана алу дағдысының болуы.
Қазақ тілі пәнін оқытудың мақсаты – оқушыларды шығармашылықпен жұмыс істеуге және сын тұрғысынан ойлауға дағдыландыру. Оқушылар әңгіме, поэзия, драма, сондай-ақ, ғылыми және бұқаралық ақпарат құралдарының материалдарын оқи отырып, өз түсініктерін дамытады.
Оқу сауаттылығы- оқушылардың жазба мәтіндерді түсінуі және қолдануы, мәтін барысында ой толғауы, жаңа білім игеруі, өз ойын сауатты жеткізуі. Қазақ тілі сабағында тыңдалым, айтылым, оқылым, жазылым дағдылары арқылы жүзеге асады.
Тілдік төрт дағды (айтылым, тыңдалым, жазылым, оқылым) оқушының сөйлеу әрекетін және жазу, тыңдау дағдысын қалыптастырады. Тыңдалым кезінде қазақ тілінің фонетикалық, лексикалық, грамматикалық ережелері меңгеріледі. Оқушы мәтінді тыңдау арқылы сауатты жазуға, сөйлеуге, ойын дұрыс тұжырымдауға үйренеді.
Тыңдалым есту арқылы, мәтінді түсінуге мүмкіндік береді. Тыңдалым дағдысы бойынша:
негізгі ойды түсіну;
ақпаратты анықтау;
түсінгенін практикада қолдана білу;
ақпаратқа өз көзқарасын білдіру;
ой қорыта білу дағдылары.
Оқушылар тыңдалым дағдысы арқылы мәтіндегі негізгі ойды түсініп, оны практикада қолдана алады және түсінген ойына тұжырым жасауға үйренеді.
Тыңдау – адам баласының тілдік қарым-қатынасқа түсу кезіндегі басты құралдардың бірі. Біз тыңдау арқылы қоршаған орта, ондағы болып жатқан оқиғалар туралы ақпараттарды ала отырып, дүниетанымымызды, тілдік қорымызды байытамыз. Оқушылар мәтінді дұрыс тыңдау арқылы, сауатты жаза алады, дұрыс сөйлеуге дағдыланады.
Қазақ тілі сабағында мұғалім әртүрлі тапсырмаларды орындату арқылы оқушының сауаттылығын қалыптастырады. Қазақ тілі пәнінен оқушының функционалдық сауаттылығын дамыту мәселесіне мынандай тұжырымдаманы ұсынуға болады:
1. Оқушыларды бірінші сабақтан бастап сөйлесім әрекетінің түрлерін (айтылым, жазылым, тыңдалым, оқылым, тілдесім) меңгерте білу;
2. Оқушылардың алған білімдерін өмірде, кез-келген жағдайда, әлеуметтік ортада қолдана алуға үйрету;
3. Мемлекеттік тілде ауызша,жазбаша қарым-қатынас жасау;
4. Әлеуметтік талаптарына сай келу үшін оқушының ақпараттық технологияларды қолдану және проблемалардың шешімін таба алуға үйрету;
5. Оқушылардың өзгермелі өмірге бейімделуіне мүмкіндік беру;
6. Оқушылардың жеке қабілеттерін дамыту;
7. Оқушылардың әлеуметтік-мәдени дағдыларын қалыптастыру;
8. Қазақ халқының салт –дәстүрі, мәдениеті, тарихын түсіну және құрметтеуге баулу.
Қазақ тілі сабақтарының «Қызықты грамматика əлемінде», «Квест-сабақтар», «Жоба сабақтар», «Ойын сабақтар» сияқты оқу іс-əрекеттері белсенді өтетін түрлермен көбірек ұйымдастырылуы арқылы оқушылардың өз бетімен қазақ тілі меңгеру дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік мол болады. Осы айтылғандармен қатар, қазақ тілі сабақтарында оқушылардың «рефлексиялық жаттығулар» орындауына, білімін тексерудің тестілік түрін қолдануына, жаңа ақпараттық технологияларды мұғаліммен жəне өз бетімен қолдануына, жоба жұмыстарын түрлі формада қорғауына, өзара пікірталастар мен семинар-сабақтар ұйымдастыруына жағдайлар жасап, белсенділігін арттыру жолдары көзделеді. Көрнекі құралдар, плакаттар, таныстырулар (презентациялар), видеофильмдер, онлайн мектеп платформасы оқушылардың тақырыпты толық әрі жүйелі меңгеруіне білім салаларымен байланыстыра алуына көмектеседі. Мұны ақпараттық сауаттылыққа жатқызуға болады. Осындай тақырыптар оқушылардың интеграциялық пәндерден білім алуына жағдай жасайды. Еліміздің географиялық, экологиялық проблемаларын зерделеу, оларды қазақ тілімен байланыстыру, шешу жолдарын іздестіру, ақпараттарды талдау, электронды ресурстарды пайдалану мүмкіндігі артады.
Сонымен қатар қазақ тілі сабағында «INSERT немесе түртіп алу» стратегиясын қолдануға болады. Оқушы белгілі бір ақпаратты тыңдай отыра есте сақтау қабілетін дамытады, мәтінді тыңдауға дағдыланады. Бұл стратегияны қолданғанда мәтінді бірнеше рет тыңдатуға болады.
Қазақ тілін оқыту барысында оқушылардың пікір айту, ауызша, жазбаша сауатты сөйлеу, яғни әрбір адамға керекті коммуникативтік дағдыларды қалыптастыру мәселелерін шешу маңызды.
Тіл арқылы қазақ халқының тарихы, әдебиеті, мәдениеті, ұлттық салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, болмысы танылады. Мәдени мұраларды меңгеру арқылы оқушылардың эстетикалық талғамы мен мәдени болмысы қалыптасады. Мәдени мұраларды игеру, әрине тіл мүмкіндіктері арқылы жүзеге асады.
Сабақта оқушылардың функционалдық дағдысын диалог, монолог арқылы дамытуға болады.
Монолог арқылы оқушылардың мынадай іскерліктері қалыптасады:
- белгілі бір тақырыпқа өз көзқарасын білдіреді
- белгілі бір тақырып бойынша ақпарат береді
- сөз тіркесі мен сөйлем құрай білу дағдылары қалыптасады
- сөйлеу тілін байытады
- сөздік қорын жетілдіреді
- нақты, дәл, анық жауап беруге үйретеді
Оқушылар арасында еркін, ашық шығармашылық қарым-қатынас орнатылады. Сабақта оқушыларды топқа бөліп, проблемалы сұрақтар құрастырып, соларға тез жауап алу мақсатында «Миға шабуыл», «Дисскусиялық карта» әдістерін қолдануға болады.
Кластер құрастыру кең тараған әдістердің бірі болып табылады. Жаңа тақырыпқа болжам жасайды, не білетінін есіне түсіреді, жазады, салыстырады. Кластерлермен жұмыс жасағанда оқушылардың еркін ойлануына мүмкіндік беріледі. Кластерді сабақтың барлық кезеңдерінде пайдалануға болады. Ол материалды жүйелеуге көмектеседі.
Тірек сөздер стратегиясы – мұғалім тірек сөздер береді. Оқушылар тірек сөздердің ретін бұзбай әңгіме немесе мәтін құрастырады. Мәтіннің сауатты, дұрыс құрылуына мұғалім назар аударады. Мәтін құрастыру кезінде оқушылардың логикалық ойлауы жүзеге асады. Әңгіменің мазмұнын жұпта, топта ақылдасады.
Оқушылардың оқу, жазу сауаттылығын қалыптастыру барысында көптеген заманауи әдістерді қолдануға болады. Оқушылардың тілдік дағдысын қалыптастыру барысында грамматикалық ойындар қолданылады. Ойын әдісі оқушының логикалық ойлауын қалыптастырады. Әртүрлі грамматикалық тапсырмалар арқылы ойын сюжеті құрылады. Ойын оқушының тез ойлай білу дағдысын қалыптастырады. Ойын шарты алдын-ала белгілі болғанмен, ойын барысындағы күтпеген жағдайларда оқушы тез шешім қабылдай білуге жаттығады. Берілген мәтінге байланысты грамматикалық, дидактикалық және іскерлік ойындарды қолдануға болады. Қазақ тілінің фонетикасына, грамматикасы байланысты тапсырмаларды ұйымдастыруға болады.
Қорыта айтқанда, қазақ тілі сабағы әрі тартымды, әрі қызықты, әрі сапалы болуы әр ұстаздың өзіне, білім деңгейіне, кәсіби шеберлігіне байланысты.
Пайдаланған әдебиеттер
- Н.Х.Хамзина Қазақ тілін оқытуда жаңа технологияларды қолдану //Білім айнасы. 2019ж
- А.М.Малофеева Использование активных методов на уроках https://nsportal.ru/nachalnaya
- Оқушылардың сөйлеу әрекетін белсенді әдістер негізінде дамыту (тыңдалым, айтылым тапсырмалары)